Той өтті аламанда ат шаптырып,
Шетпені жырға бөлеп шаттандырып.
Елдік пен ерлік істер еселенді
Ұрпаққа үлгі, ұлысқа мақтан болып!
Шетпе селосының аудан орталығы болғанына 50 жыл толды. Елдік істерді еңсерген еңселі елу жыл - ел тарихы, ұрпаққа аманат, ұлт мақтанышы. Осыдан жырты ғасыр бұрын ел болашағы үшін еңбек еткен ерлердің естеліктеріне көз жүгіртсек, бүгінгі Шетпенің шырайлы көркі үшін қаншама аға буын өкілдері саналы өмірлерін сарп етті десеңізші?! Бұрын ел қоныстанғанымен, әлеуметтік нысандары мен мәдени-көпшілік орталығы жоқ Шетпені қарашаңырақ Маңғыстау ауданының орталығы етуге елім деген ердің маңдай тері сіңіп, жүздеген жанның қолтаңбасы қалды.
Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ екені жер бетін мекендеген жұмыр басты пенденің бәріне белгілі нәрсе, жарқыраған келбетімен, көрікті көшесімен, ажарлы ауылымен, базарлы халқымен елу жылдығын тойлаған шетпеліктер ертеңі бүгінгіден де берекелі болатынына сенімді.
Мерекені асыға күткен халық таң сәрідегі ауа райының салқындығына қарамастан көтеріңкі көңіл күймен аудандық ардагерлер үйінің алдына жиналды. Ондағы ойлары ардагерлер үйі жанынан салынған қосымша құрылыс – жаттығу бөлмесінің ашылуына куәгер болу еді. Шараға белсенділік танытқан тұрғындардың қуанышына ортақтаса келген облыс әкімінің орынбасары Р.Әміржанов, аудан әкімі Ж.Айтуаров облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Төлетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов құттықтау сөз сөйлеп, нысанның лентасын қиды. Шашу шашылып, бөлме ішін аралап құтты болсын айтысқан көпшілік күрделі жөндеуден өткен «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының ашылу салтанатына бағыт алды. Іргетасы 1986 қаланып, сол жылдан бері халыққа үздіксіз қызмет етіп келе жатырған мекеме ғимараты үстіміздегі жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жабдықталды. Бұрынғыдай ұзын сонар кезекке тұрмай, электронды талонмен көрсететін қызмет сапасы жақсарған. Ауыл тұрғындарына қажетті барлық қаржылық қызметтерді көрсетуге дайын поштаның да жұмысына сәттілік тілеушілер көп болды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Р.Әміржанов «Құрметті аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, 1966 жылдан бері Шетпенің аудан орталығы болып қалыптасуында өзіндік үлесі бар апа-ағалар! Бүгін сіздердің мерекелеріңіз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тойланып отырған Шетпе селосының 50 жылдық мерейлі мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің арқасында бүкіл төрткүл дүние таныған, іргелі ел дәрежесіне жеттік. Еліміз экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Ынтымақты ұран етіп, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толымды табыстар мен биік белестерді бағындырды, әлем халықтарын мойындатты. Биік мәртебеге ие және халқымыздың бостандығы мен бірлігін айғақтайтын Тәуелсіздігіміздің туы асқақтығынан айнымай көк аспанда желбіреп тұр. Бұл біздің бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің жемісі, Елбасының сындарлы саясатының жеңісі.
Қазақстанның дамуына әр ауылдың, ауданның үлесі зор десек, бұл жолда Маңғыстау ауданының да еңбегі ұшан теңіз. Ғасырға бергісіз осы жылдар ішінде ауданда көптеген игі істер атқарылды. Атап айтар болсақ ауылдарда спорт мектептері, балабақшалар, емханалар, мешіттер бой көтеріп халықтың игілігіне ұсынылды. Осыдан елу жыл бұрын аудан орталығы Таушық селосынан Шетпе селосына көшірілген кезден осы күнге дейін төгілген маңдай терлеріңіздің арқасында Шетпе күн санап өзгерді. Бір бірімен жарыса бой түзеген нысандар, жаңадан ашылған орталықтар, қаз қатар тізілген әсем көшелердің бәрі сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Демек бүгінгі ұлан асыр той сіздердің тойларыңыз құрметті тұрғындар. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, мол бақыт, баянды да ұзақ ғұмыр тілеймін. Егемен еліміздің көк байрағы мәңгілік биікте самғап, тәуелсіз мемлекетіміздің абыройы мен атақ-даңқы өрлей берсін» деп тілек білдірді. Айтылған құттықтаулардың легін бірнеше жыл осы салада қызмет еткен еңбек ардагері Қ.Жұбаева, кезінде пошта ғимаратының құрылысын салдырған С.Керелбаев жалғастырды. Жаңа ғимаратты көріп тамашалаған соң ел мерейін еселеген тағы бір қуаныш ауданымыздағы екі бірдей білім ордасы М.Атымов атындағы орта мектеп пен Өтес орта мектебіне және ауруханаға төрт көліктің кілті табысталды. Бұдан соң жиналғандар өңірлік өнімдердің көрмесін тамашалады. Ет, сүт, нан, кондитерлік тағамдар, аудан аумағындағы карьерлердің өнімдерін, тоқыма, қазақи оюмен көмкерілген киімдер, төсек орындар барлығы самсап тұрған жәрмеңкені тамашалап болған соң Шетпе селосының 50 жылдығына орай шығарылған екі бідей кітаптың тұсауы кесілді.
«Шырайлы Шетпе» мерекелік концертіне жиналғандарға облыс әкімінің құттықтауын жеткізген Ә.Маршалұлы облыс әкімінің «Құрмет грамотасын» Маңғыстау облысының әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ардагер құрылысшы Ш.Байпақовқа, ұстаз Т.Сағынбаеваға, медицина саласының ардагері Н.Мағұрқызына, мемлекеттік қызмет ардагерлері Б.Бегейбайқызына, С.Әйлекұлына, әділет басқармасының басшысы Ғ.Ауданбаеваға, «Дария» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында аға электро – монтер А.Мамаевқа, акушер-гинеколог З.Жиынбаева, Шайыр орта мектебінің мұғалімі З.Арықбайға, «Шетпе электр желілері ауданы» АҚ бас инженер Қ.Бабышевқа табыстаса, облыс әкімінің «Алғыс хатын» қолөнер шебері Ш.Төлемісова, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен Т.Қожақов, бала жанының бағбаны бола білген ұстаз А.Нұрлыбаева, 40 жыл поштада есепші болған Т.Жалғасбаева, құрылыс жұмысын қарқынды жүргізіп, ауданымыздың көркеюіне үлес қосқан А.Дербісов, Шетпе темір жол стансасының бастығы Б.Есенгелдиев, мәдениет саласында еңбегі елеулі Н.Нұрдаулетұлы, бірнеше жылдан бері білім саласында еңбек етіп жүрген Г.Байназарова, Н.Бапанова, Ш.Бекқожақызы, А.Өмірбаева, Ж.Дәрменова, Ф.Қазиханова және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері Г.Қадиева, Б.Ізбасарова иеленді.
Жиналған көпшілікті құттықтауға көтерілген аудан әкімі Ж.Айтуаров «Қадірлі жерлестер! Алыс –жақыннан келген құрметті қонақтар! Бүгін ерекше күн. Маңғыстау ауданының орталығы, жарты ғасырлық тарихты мазмұнды да берекелі еңсеріп, алдағы үлкен болашаққа нық сеніммен қадам басқан шырайлы Шетпемізге 50 жыл!
Сонау 1960-шы жылдары түбек өмірі жанданып, жер қойнауы қазбаларын зерттеу, игеру жұмыстары қарқынды жүргізіле бастаған шақта шұғыл темір жол құрылысын салынып, жер бедері батпақты көлшіктерден тұратын, қазіргі Шетпе-1 ауылының тау бөктерінде ертеден қоныстанған жұрты бар, өзіндік тарихы бар Шетпе жеріндегі Шетпе станциясы. 1964 жылы ел басшылығы Маңғыстау ауданының орталығын Шетпе станциясына көшіру туралы шешім қабылдап, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салына бастады. Осы тұстағы село құрылысында өздеріңіз жақсы білетін Балтабаев Қылыш, Сарбалаев Бердібай, Үйсінбаев Құсайын сынды бірқатар ағаларымыз өз білімдері мен іскерлігін аямады. 1966 жылдың алғашқы жартысында-ақ көптеген мекеме ұжымдары Шетпе стансасына көшіріліп болып, қыркүйек айында аудан орталығы толыққанды жұмысын бастап кетті. 1967 жылы құрылыс мекемелері арқылы ондаған тұрғын үйлер пайдалануға берілді, Шетпе поселкелік кеңесі құрылды, төрағалары болып әр жылдарда Төребай Түркменбаев, Шүренбай Нəубетов, Жауынбай Дүйсенбаев, Рамазан Аққұлов, Төлеген Қағазов, Қыдырбай Жүсіпов, Сағындық Қорабаев, Əмірхан Көшімов ағаларымыз абыройлы қызмет атқарды.
Әлеуметтік маңызды салалардың бірі - денсаулық сақтау саласы басты назарда болды. Алғашқы ұжымдардың бірі болып Шетпе селосына емхана ұжымы көшірілді. 1974 жылы аудандық 110 төсектік аурухана ғимараты пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласындағы басшылық қызметтерде әр жылдарда Б.Тұрарбеков, Шәкенбай Байназаров, Тынышбек Ақжігітов, Барақат Абаев, Бәкен Байназаров, Есболай Есенқосов, Сисемалы Абаев, Амангелді Оразалиевтар еңбек етсе, Қази Қойтанов, Аллаберген Дүйсенбаев, Әлия Байдалина сынды білікті дәрігерлер халық алғысына бөленді.
Білім саласын жетілдіруде кәнігі ұстаз басшылар Аралбай Қуанбаев, Аязхан Ерманов, Асылбек Байназаров ағаларымыз тер төксе, Шетпе селосының мектептерінде Сәрсенбаева Айман, Әбдімұратова Мәзен, Құрмашев Аллаберген, Шадықұлова Амандық, Нұрлыбаева Айша, Сағынбаева Тоймекен, Әбілханова Күләш, Байназаров Асылбек, Түйебаев Сүйіндік ағаларымыз мектеп қабырғаларынан сан шәкіртті, бүгінгі білікті азаматтарымызды түлетті. Әрқашан аудан мерейін үстем еткен Мәдениет ошағы мен мәдениет бөлімінде Салхадин Ыбыраев, Ахат Арашев, Шақырған Ерғазиев, Мәулен Далмағанбетов, Әзірбай Тұрмағанбетов, Сағын Нұрғожаев ағаларымыз басшылық етті. Еліміздің аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізуімен қиын да жаңа қадамдар басталып, Шетпе селосының дамуы толастаған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында Шетпе селосынан Досан Тәжіұлы, Жалау Мыңбаев ескерткіштері, «Тәуелсіздікке он жыл» алаңы, Мекерия Атымов атындағы мектеп, Шетпе лицейі, Балалар өнер мектебі, спорт кешені, спорт залдары, 4 мемлекеттік, 3 жекеменшік балабақша ашылды, тұрғын үйлер салынды, газ, су құбырлары тартылды, асфальт жолдар төселді.
Соңғы жылдарда Шетпе селосындағы халық санының өсуі де қарқынды болды. Бүгін Шетпе селосының халқы 13 мыңнан асып отыр. Аталған істерде бүгінгі қадірлі қонақтарымыз, әр жылдары Маңғыстау ауданы әкімі қызметін атқарған Керелбаев Сақып Бүркітбайұлы, Еділханов Алқажан Меделұлы, Қартбаев Аманжол Жөнекешұлы, Төлегенов Әмірхан Бекбасарұлы, Албытов Жиенай Албытұлы, Боқанов Қармыс Қоянбайұлының, Шетпе поселкелік Кеңесінің төрағасы болған Нәубетов Шүренбай, Қорабаев Сағындық, Көшімов Әмірхан ағаларымыздың еңбектері бар. Баужанова Ақмоншақ, Сейбағытов Дәржок, Серікбаев Бостанғали, Тәжібаев Сот, Үйсінбаев Күзембай ағаларымыздың да еңбектерін атап өткім келеді.
Осындай еңбекпен өрнектелген 50 жылды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атап өту мақсатында жыл басында Шетпе селосының 50 жылдығына орай село ішін абаттандыру, жаңғырту жұмыстарына арналған «50 шара» жоспары жасақталып жұмыс жүргізілді.
Осы ретте айта кетсек, жоспарға сай үстіміздегі Орталық, Шетпе-1 шағын ауданы көшелерінің көлік жолы асфальтталды, Жаңа орпа, Қарашоқы, Шетпе -1 және Базарлы шағын аудандарына жаяу жүргіншілер жолы салынды, Жаңа орпа, Ащыбұлақ шағын ауданы көшелерін жарықтандырылып, тұрғын үйлеріне су құбыры тартылды. Жеке меншік «Шаңырақ», «Сәт-Сапар» сауда орталықтары, «Өркен» медициналық орталығы, «Болашақ» балабақшасы, такси паркі, қонақ үй, «Архимедка» оқыту орталығы іске қосылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері 38 көшеге беріп, ескерткіш тақталары орнатылды. Ардагерлер үйіне қосымша құрылыс салынды. «Шетпе – Жетібай» автокөлік жолының құрылысы жүргізілді. Тұрғын саны жыл санап артып отырған Жаңа орпа ауылының елу жылдан бергі қажеттілігі, көкейтесті мәселе болып келген темір жолдан өтетін көпір құрылысы салынып 50 жылдық мерекеге орай ашылу салтанаты өтті. Аудан үшін аса маңызды нысандардың бірі аудандық пошта бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталды» деп тілек білдірген соң Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шетпе селосының тұрғыны, көп балалы ана Ф.Тұрманбетованы, Шайыр селосының тұрғыны Н.Дауылбаеваны «Алтын алқамен», алты баланы өмірге әкелген Қызан селосының тұрғыны Г.Байсариеваны, Тұщықұдық селосының тұрғыны Ж.Әділованы, ондылық Ж.Көшербаеваны, шетпелік Н.Қайырованы «Күміс алқамен» наградтады
Бұдан соң Шетпе селосының аудан орталығы болған кездері мойындарына үлкен жауапкершілік жүгін артып, ел тізгінін ұстағандар халықтың қошеметімен сахна төріне көтерілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін С.Керелбаев, А.Еділханов, А.Қартбаев, Ә.Көшімов, А.Баужанова, К.Әбуов, Ш.Нәубетов, С.Өмірбайұлы, С.Ыбыраев аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жолға қойылуына еңбек еткен И.Адамбаеваға, 2005 жылдан бері орталық аурухананың акушер-гинекологы А.Төлесіноваға, Қазақстан темір жолы «Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Маңғыстау пайдалану вагон депосының вагон қараушы – жөндеушісі А.Шопановқа, кәсіпкер Е.Жапарбаевқа, пошта байланыс торабында ұзақ жылдар қызмет атқарған Қ.Жұбаеваға да табысталды.
«Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда» деп қазақтың кемеңгер ақыны С.Дөнентаев айтқандай Шетпенің саз балшығының ортасынан темір жол, қоймалар, аудан орталығына көшіп келген мамандарға тұрғын үй салу жұмыстарында төгілген маңдай тер қазіргі ұрпаққа тарих. Сол өткен күндердің жаңғырығын, елім деп еңбек еткен азаматтардың естеліктерін көз көргендер көпшілікке айтып берді. Тарихтың тірі куәгерлері өмірден озған әріптестерін еске алды, еңбегін елге айтты.
Мұнан соң мерекелік дастарханда селоның дамуында өзіндік үлестері бар еңбек ардагерлері өздері қызмет еткен саланың естеліктерінен сыр шертіп, әңгімелер ағыны ағытылды, тілектер тізбектелді. Дастарханнан дәм татқан көпшілік ат жарыс алаңындағы аламан бәйгені тамашалауға жол тартты. Ат десе делебесі қозып, бәйге десе үйде отырып –ақ тақымын қысатын қазақ емеспіз бе, аттардың шабысы, халықтың атой салып қиқулағаны аламанда ат жарыстырған атсүйер қауымның сәнін келтірді. Ауданның түпкір-түпкірінен ұлттық спорттың туын желбіреткен, жал-құйрығы түйілген сәйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрмек болған небір сейістердің басы қосылды.
Алдымен тай жарысты тамашалаған көпшілік бірі тайдың тұрқына, бірі аяқ алысына қарап «әй осы бірінші келеді ау» деп топшылап тұрғанда 3,5 шақырымда алдына қара салмай шауып өткен Қияқтыдан келген А.Бөлтековтің «Ақсұңқары» болды. Жаңаөзендік атбегілер Р.Махамбетовтің «Ханшайымы» мен Б.Айсабаевтың «Нұрданасы» иеленді. Жеті шақырымдық жарысқа құнан қосқандар қатары көп екен. Әп дегеннен қарсыластарына шаң қаптырып оқ бойы озық шыққан ақшұқырлық Н.Шаңытбаевтың «Ақмаңдайы» қиқулаған көпшіліктің алдынан көз ілеспес жылдамдықпен бәйге сызығын бірінші кесіп өтсе қызылтөбелік М.Мұхановтың «Жұлдызторысы» мен Н.Шаңытбаевтың тағы бір жүйрігі «Қызыл жебе» «Ақмаңдайдың» артын ала келді. Жиналған жұрттың асыға күткен аламан бәйгеде ауыздықтарымен алысқан 25 ат тұяқтарымен қара жердің шаңын шығарып, жарыса жөнелді. Қиқулап артта қалған көпшілік бірінші пәленше келеді, екінші түгенше келеді деп әркім өздерінше жүйрікті танып әлек. «Шу» деп аттың басын жібергенде шабандоздар қара жолдың бойымен үзеңгілес кеткен еді, екі-үш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, тағы екі-үш айналымнан кейін қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Соңғы айналымдарда аттардың біразы жолдан шығып қалды. Сонымен, қатарластарынан оқ бойы оза шапқан жаңаөзендік С.Қалтамановтың «Марғұлан торы» жүйрігі жарып, жеңіл автокөліктің кілтін алса, мәре сызығын екінші болып шетпелік Ж.Оңайбаевтың «Күрең алаяғы» кесті, Тұщықұдық ауылынан келген Ә.Бөлтековтың «Аман торы» аты үшінші болып келсе, бейнеулік Ә.Таңатаровтың баптаған «Қара құс» аты төртінші болып жетіп, жүлдегерлер қатарына ілікті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды табыстады. Бойларынан бәйгенің қызуы басылмай тарасқан халық өңірден шыққан өнер жұлдыздарының кешкілік гала концертіне жиналды.
Айгүл РАХМЕТОВА,
Суреттерді түсірген Жадыра ТЕЛБАЕВА