Көршімен тату-тәтті, бірге өмір сүрудің өзі өнер ғой білгенге. Қайсы елде түрлі ұлттар өкілдері көбірек және ауызбіршілікте өмір сүріп жатса, бұл сол елдің құшағының кеңдігін, достыққа беріктігін байқатса керек. Соның ішінде қазақ халқының бауырмалдығы елімізді мекендеген әр адамға аян.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында «Достық үйі» ғимаратында өткен ерекше шара Маңғыстауда тұратын әр алуан ұлттардың достық қарым-қатынасын тағы бір паш етті. Бұл күні ұйымдастырылған «Бірге өмір сүру өнері» фестивалі бірінші қабаттағы ұлттық киімдер көрмесінен басталды. Әр халықтың тарихынан сыр шерткен әдемі киімдер үлгісімен танысқан жұрт екінші қабаттағы қолөнер шеберлерінің өнерін тамашалады. Ал ең қызығы — ұзына бойы жайылған 25 метрлік ақ дастархан болды. Осынау ұзын үстелдің үстінде қазақтың кәдімгі ақ бауырсағы молынан бар. Және әдеттегідей дастарханда шашылып, не ыдыстарға салынып қойылмаған. Фестивальға қатысушылардың әрқайсысы өз қиялынан бауырсақтан әр түрлі әсем пішіндер жасапты. Олар киіз үй, астанадағы бәйтерек, пирамида, теңіз жағасын бейнелейтін кеменің және ЭКСПО-ға байланысты түрлі пішіндер. Арасында өзге ұлттардың ұннан дайындалған тағамдары да бар.
— Біз фестивальға облыстық Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлікте дайындалып, өз бауырсағымызды әкелдік, — дейді «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрайымы Фатима Биркле. — Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне өзіміз дайындаған бауырсақтарымызды Елтаңбамыз бен көк Байрағымыздың пішінінде әсемдедік. Бізге бауырсақ пісіру қиын емес. Өйткені, осетин халқында да бауырсаққа ұқсас хычин деген тағам бар. Бірақ хычин шелпек түрінде пісіріледі. Оны дайындау үшін сүтке ашытқыны езіп, аздап сұйық май құйып, қамыр илейді. Қамыр көтерілген соң жаймен илеп, басып қояды. Екінші рет көтерілген кезде бірдей шелпектереге бөліп, май қыздырылған табада пісіреді. Нанның бұл түрін майсыз да пісіруге болады. Бірақ бұл шелпектің құрамында ұннан бөлек су мен тұз болады, май мен ашытқы қосылмайды. Оны тек қатты қызған табаға екі жағын аударып отырып пісіреміз. Фестивальға қатысатын қонақтарымыз үшін біз бауырсақпен бірге осетин пирогын да ала келдік.
Ал «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтау филиалының өкілдері томпиған бауырсақтарымен қатар дастарханға кішкене ғана өзгеше нан түрін қойыпты. Филиал төрайымы Раиса Маденованың айтуынша, буға пісірілетін бұл бауырсақ түрі орысша пампушки, кәрісше манты деп аталады екен және ол диета ұстанатындар үшін пайдалы көрінеді.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бірге өмір сүру өнері–біздің ең құнды тәжірибеміз және оны сақтауымыз керек. Осы қарым-қатынасымызды сақтап, дамытуға тиіспіз», дегені баршамызға белгілі. Президенттің бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында, «Мейірімділік керуені» патриоттық актісі, Қазақстанның бірегейлігі мен бірлігін нығайту және дамытуда «Мәңгілік ел» сияқты қайырымдылық акциялары негізінде «Бірге өмір сүру өнері» фестивалін өткізу әр этнос өкілдерінің басын қосып, жақындата түседі, сыйластық пен ынтымақты дамытады деген сенімдеміз,-деді облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова.-Фестивальдің мақсаты—қазақ халқының салт-дәстүрін қайта жаңғырту және насихаттау. Халықты адамгершілік және мәдени құндылықтарын сақтауға, этносаралық және дінаралық қарым-қатынасты дамытып, ынтымаққа, қоғаммен түсіністік пен бірлікте өмір сүруге үндеу. Тұрғындар мен жастарды мұқтаж жандардың күйіне немқұрайлылықпен қарамауға, қайырымдылық жасап, көмек қолын созуға тарту.
Фестивальға шағын және орта бизнес, этнобірлестіктер өкілдері, барлығы он жеті мекеме қатысты. Қазақстандағы ұлы достық пен бауырластықтың бір көрінісі болған қайырымдылық шарасына қатысқан қонақтар дастархан басынан дәм татты. Осынша мол пісірілген бауырсақтар да ысырап болған жоқ. Бауырсақтар Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктер жанындағы «Жас қанат» жастар ұйымының қамқорлығындағы 25 мүжәлсіз отбасыларға таратылып берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА