©
Маңғыстау облыстық прокуратура әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарған азаматтарды анықтау мақсатында мониторинг жүргізіп, айыппұлдарды өндіру жұмыстарын күшейтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратура басқармасының басшысы Серік Әміров мәлімдеді.
Қарызы бар қала тұрғындарын әкімшілік айыппұлдары туралы хабардар ету, айыппұлдарды өндіру мақсатында облыстық прокуратура, Ішкі істер департаменті, облыс әкімдігі, Әділет департаменті, жеке сот орындаушылар палатасы және уәкілетті органдары бірлесіп «Жаңа жыл – қарызсыз» атты жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл жоба аясында облыс прокуратурасы мемлекет пайдасына айыппұлдарды өндіру жөнінде актілеріне мониторинг жүргізді.
Алайда мониторинг қорытындысы бойынша, бірқатар кемшіліктер анықталды. Айыппұлдарды өндірудің төмен дәрежеде екендігі, борышкерлердің айыппұлдарды төлеуін айғақтайтын түбіртектерді тиісті органдарға ұсынбайтындығы жобаның ілгерілеуіне кедергі болуда.
«Борышкерлер әлеуметтік айыппұлдарды сотқа жолдағанға дейін төлеп, қарызынан құтылуда. Бірақ оны дәлелдейтін түбіртектерді айыппұл салған органға ұсынылмауына байланысты, уәкілетті органдар мен сот орындаушылары борыштың өтеуі жөнінде бейхабар болып жатады. Осының салдарынан азаматтар айыппұл төлесе де, борышкерлер қатарында тұрады», — деді С.Әміров.
Оның сөзінше, бұл мәселені шешу үшін облыс прокуратурасы ҚР Бас прокуратурасына базалық жүйені құру және оған терминалдар мен екінші дәрежелі банктер арқылы айыппұлдарды ерікті түрде төлеген тұлғалар туралы тиісті мағлұматты енгізу жөнінде ұсыныстар жолдаған.
Прокуратура басқармасының басшысы сөз соңында азаматтар мен заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде төлеу қажеттігін қадап айтып, уәкілетті органдардың айыппұл салу туралы қаулылары мен сот актілерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор