©
Табиғатты түлетіп, төңірекке нұр көмкеріп келетін әз-Наурыз Ақтау халқын да шаттыққа бөледі. Жаңару мен жасампаздықтың мерекесін тойлау облыста 14 наурыздан бастау алғаны белгілі. Ал, Ұлыстың ұлы күнінде теңіз жағалауына қаз-қатар 25 киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүрдің барлық көрінісі қамтылған мерекелік шара өтті. Алтыбақан құрылып, наурыз көже пісіріліп, дастархан жайылып, көктемнің шуақты-наурыз мерекесі аймақта жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекеге келген қонақтар үшін 5 тонна бауырсақ пен 3 мың литр наурыз көже дайындалып, 2000 литр шұбат таратылды.
Мерекеге жиналған қауымға алдымен өлке өнерпаздары «Қуаныш сыйлап еліме, күлімде Наурыз күлімде!» атты театрландырылған қойылым ұсынды. 14-шағын ауданнан бастау алған «Ұлыс күні-Ұлы көштің» құрамында абыз ақсақалдар мен ақжаулықты аналар, облыстағы сан ұлттардың өкілдері, жылқы мінген қайқылар, сал-серілер, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әртістері, ұлттық киімдегі ұлт аспаптары оркестрінің мүшелері болды.
- Осындай шуақты мерекеде ұйымдастырылған концерт, қойылымдар барлығы керемет. Бүгін күн де ерекше шуағын шашып, жадырап тұр. Елімізде әрдайым осындай тыныштық болсын деймін. Барлық жамағатты Ұлыстың ұлы күні-наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл құт-береке, жақсылық пен жағымды жаңалықтар әкелсін!,-дейді Ақтау қаласының тұрғыны Бектас Жолжанов.
Театрландырылған қойылымнан кейін облыс тұрғындарын мерекемен құттықтауға сахнаға өңір басшысы Ералы Тоғжанов көтерілді. Өз сөзінде облыс әкімі аймақта 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында қайырымдылық акциясы жарияланғанын атап өтті. Акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, барлық қамқорлыққа мұқтаж адамдарға, көп балалы аналарға көмек көрсетілмек. Облыс әкімі әр тұрғыны жақсы істің басынан табылып, ұлы іске өз үлесін қосатынына сенім білдіретінін жеткізді. Өйткені, мейірімділік, жақынына қол ұшын беру, қайырымдылық көрсету қашанда халқымыздың басты құндылығы екенін айтты.
- Құрметті маңғыстаулықтар, қадірменді қонақтар, ардақты ағайын! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні-жаңғыру мен жаңарудың, еңбек пен жасампаздықтың, достық пен татулықтың мейрамына айналған наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз мейрамы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жарлығымен мемлекеттік мәртебеге ие болған ұлттар арасындағы достықты, бауырластықты нығайтуға, әр ұлттың салт-дәстүрін қайта жаңғыртуға септігін тигізуде. Киелі Маңғыстау-Ұлы Жібек жолындағы ел мен елді жалғап, татулық пен бірлікке, рухани кемелдік пен ұлттық рухқа қанат бітірген тарихи орда. Қазыналы Маңғыстау қойнындағы байлығымен елдің экономикалық дамуы мен өркендеуінің қайнар көзі болып отырған қуатты аймақ... Бүгін Қазақстан бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен келісімді сақтаудың жарқын үлгісін көрсетуде. Халқымыз қашанда жаңа жылды жақсылықпен күтіп, келер күннен үміт артқан. Бүгіннің болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан тіршілік жаңаратын наурызда бәріміз жақсылыққа ниет етейік ағайын. Ұлыстың ұлы күні елдің ырысы мен ынтымағын нығайтып, әр отбасының бақ-берекесін арттырсын. Жаңа жыл елімізге тыныштығы мен жасампаз жақсылығын ала келсін. Әз Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болып, әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын. Мәңгілік еліміз жасарып, жаңара берсін. Наурыз құтты болсын!,-деді өз құттықтауында облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Мұнан кейін Астанадан арнайы келген меймандар республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Зейнолла Алшынбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдап, ақ баталарын берді. Зиялы қауым өкілдері мерекелік шара аясында мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай кәмелеттік жасқа толған өңірдің 25 тұрғынына жеке куәлік табысталды.
- Бүгінгі күн біздің жадымызда мәңгі сақталады. Себебі біз бүгін Қазақстан Республикасының азаматы атанып, осы төлқұжатты облыс басшысының қолынан алып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Біз Сіздердің үміттеріңізді ақтаймыз деп сенім білдіреміз. Облыс тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, барлық жақсылықты тілеймін,-дейді Болашақ колледжінің І-курс студенті Бекарыс Берікұлы.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған ресми топ халыққа құттықтау сөзін жолдаған соң, сахна көркін өлке өнерпаздары қыздыра түсті. Ал, бұл уақытта әр мекеме, ұйымдар атынан тігілген қазақы киіз үйлердің алдында ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер, би жарыстары, түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды. Балуандар боз кілемде белдесті, бағы жанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрлер ұлықталып, алғаш қадам басқан бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, жөн-жоралғылар жасалды.
- Бүгін таңертең ерте тұрып, жеті дәмнен наурыз көже дайындадық. Балаларымызды ерітіп, көшеде болып жатқан концертті тамашалауға шықтық. Мерекелік шара да өте тамаша ұйымдастырылған. Күн жарқырап шығып, ауа-райы да ерекше болып тұр. Халқымды наурыз мерекесімен құттықтап, отбасыларыңызға жақсылық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Ұлыс оң болсын, ырыс мол болсын! Игі істерге әрдайым жол болсын!,-дейді қала тұрғыны Меруерт Маратқызы.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН