«Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырмасы аясында «халықтың әлеуметтік осал санаттарын және мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтендіру, кедергісіз ортада олардың өмір сүру сапасын жақсарту» жобасына сай «Біз біргеміз, біз өмір кедергісін бірге жеңеміз!» мәдени іс -шарасы өтті.
Ауданымызда көптеген игі істерге мұрындық болып жүрген «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараға мүмкіндігі шектеулі жандардың сұрақ-ұсыныстарын тыңдауға мемлекеттік мекемелер қатысты. Жиналғандардың бір ауыздан айтқан ұсынысы мүмкіндігі шектеулі жандардың бас қосатын орталық ашуға құзырлы мекемелердің қолдауы болды. Себебі, мүмкіндігі шектеулі деп денсаулығындағы кінәраты ғана айтылса, олардың қолынан келетін іске ешкімнің таласы жоқ. Бірі тұрмыстық бұйымдар жасаумен айналысса, бірі қолөнермен, бірі тігіншілікпен, енді бірі компьютерді жақсы меңгерген. Тіпті олардың арасында әнші де, қазақ ақын – жазушыларының өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтушы да бар. Міне, осындай өнерлерін бір бірімен алмасып, бірін бірі үйрететін жер болса деп өтініш білдірді, бұл сөзге қосылған ата-аналар өздері жұмысқа кеткенде балаларын осындай орталыққа сеніп тапсырса көңілдерінің жай болатынын жеткізді. Айтылған ұсыныс оң жауабын тауып жатса жуырда ғана «Сырлы әлем» шығармашылық байқауында облыстан жүлдемен оралған Қылышбек Сәрсенғожин, Ерболат Өтелгенов сынды жастардың қатары көбеймесіне кім кепіл.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, 7 баланың ата-анасы, ІІ топ мүгедегі, зағип, жұмыссыз Далиев Адай мен жұбайы А.Жексенбаеваның қазіргі тұрып жатқан үйінің жай – күйіне елеңдеген қоғамдық қордың жетекшісі Р.Игілікова жиналғандарды асарлатуға шақырды. 10 жылдан бері құжаты рәсімделмеген үйдің ішінің салқындығы, шатырдың шұрық тесігін жамауға күйеуінің мүгедектігіне және кішкентай сәбиіне үкімет тарапынан берілетін көмектен басқа кіріс жоқтықтан жағдайы келмей отырған бұл үйге жәрдемдесуге атымтай жомарт азаматтардың қолдауы керек-ақ.
Айгүл РАХМЕТОВА