«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында салынатын бекіре зауытына инвестициялық субсиядия бөлінетін болды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жеке инвестиция есебінен балық шаруашылығы бойынша 30 миллиард теңге сомасына 3 жоба іске асырылады. Оның ішінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында бекіре зауытын салу жобасы бар. Нәтижесінде өндірілген балық көлемі 30 тоннадан 10,6 мың тоннаға дейін ұлғаяды, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Министрлік тарапынан инвестициялық субсидиялар бөлінеді. Оған қоса облыс әкімдігімен инфрақұрылымды құру және жем-шөпке, балық өсіру материалына және дәрілік препараттарға субсидиялар бөлу бойынша шаралар қабылданады», - деді министр.
Сондай-ақ, ол өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін «Қошқар ата» қалдық қоймасын рекультивациялау жұмысы басталғанын атады.
Айтуынша, биыл бұл жобаға бір миллиард теңге бөлінген.
«Сондай-ақ, өңірді дамытудың кешенді жоспарында зерттеулер жүргізу, қоршаған ортаға әсерді айқындау және бұрынғы Ақтау пластикалық массалар зауытының аумағында орналасқан иесіз қалдықтарды кәдеге жарату қарастырылған. Қалдықтарды басқару саласында Ақжігіт, Жыңғылды, Ақшұқыр, Шапағатов ауылдарында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуды көздеп отырмыз. Бұл қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.
Серікқали Беркешевтің сөзіне қарағанда, «ӨзенМұнайГаз» компаниясы 1,4 миллион тонна мұнай қалдықтарын жою және кәдеге жарату жұмысына 12,6 млрд теңге жұмсамақ.