Түпқараған ауданы Баутин елді-мекеніндегі Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясының ұжымы ұмыт қалып бара жатқан «Бестемше» ұлттық ойынын қайта енгізуді қолға алды. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мектеп мұғалімдері, бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары «Бестемше» ойынын пандемия жағдайына дейін сайыс түрінде жиі өткізіп келген болса, қазіргі таңда Zoom платформасы арқылы ойнап, қабілеттерін шынықтырып жатыр.
Айта кетейік, «Бестемше» ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 орда, 10 отау, 50 шардан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға 1 орда, 5 отау және 25 шардан тиесілі. Шарлар әр отауға бес-бестен салынады. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды.