Бүгіннен бастап облыста карантин талаптары күшейтіліп, сонымен қатар спорт нысандары, фитнес орталықтары мен жаттығу залдарының жұмысы тоқтатылған болатын. Алайда тұрғындар бұл шешімге наразылық білдіріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы спорттық нысандар бүгіннен бастап толықтай жұмысын тоқтатты. Спортпен шұғылданушылар тамақтану орындары еш кедергісіз жұмыс істегенде спорт залдарын жабу ақылға сыймайды деп шағымданып жатыр. Олар бұл мезгіл далада жаттығу жасау үшін қолайсыз екенін, алайда иммунитетті көтеру үшін спорттың көмегі көп екенін айтады. Айтуларынша, тамақтану орнына қарағанда спорт нысандарының жұмыс істегені абзал. Онсыз да қатаң карантин кезінде шығынға батқан орталық басшылары "немен күнелтерімізді білмей отырмыз" деген уайымын жасырмады. Олар қаулыдағы спорт залдарының жабылуына қарсылық білдіріп, петиция да жинап жатыр.
Қазір осындай жағдайда иммунитет күшейту үшін спортзал керек. Шешім қайтадан қаралсын. Дұрыс жағынан шешілсін, - дейді жаттықтырушы Роман Оразымбетов.
Ал облыстың бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев қаулы бойынша тек қана олимпиядалық спорт түрлерінің құрама командаларының жаттығуына ғана рұқсат бар дейді. Ал «тамақтану орнына қарағанда жаттығу залдарында ауру жұқтыру мүмкіндігі жоғары ма?» деген сұрағымызға санитар дәрігер нақты жауап бере алмады. Тек кафелердің жұмысын келген қонақтар үшін тоқтатпағанын айтты.
Бұл Маңғыстауда аурудың өршіп-өсуіне байланысты комиссиялық түрде қабылдаған шешім. Ауру ауамен таралатын болғандықтан, біз мүмкіндік болғанша адамның арасындағы қарым-қатынасты азайтуға тырысамыз. Көбісі спорт дұрыс па, ресторан дұрыс па дейді. Мәселе онда емес, біз қоғамдық тамақтану орындарын келген кісілер тамақтану үшін қалдырып отырмыз, - деді қоғамдық коммуникация алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев.
Карантин ережесі өзгертілсін деген мыңға жуық спортшы мен жаттықтырушы спорт залдардың ашылуы үшін жиналған петицияны облыстың бас санитар дәрігері мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің өзіне тапсырмақ. Олар спорт залдардың жұмысына шектеу қойылса да, тыйым салынбауы тиіс деп отыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ