Ақтаудан әскерге аттанған үшем Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс Закеновтер қазір Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінде өз борышын өтеп жүр. Айтуынша, олардың міндеті – қаланың тыныштығын сақтау.
«Алғашқы уақытта түрлі қызықты сәттер басымыздан өтті. Әскерде бірге қызмет ететін жігіттермен танысып, жақсы тіл табысып кеттік. Әрине бірден емес. Ұрып-соғу, күш көрсету сынды тәртіпсіздіктер жоқ. Өзімізге осы әскери бөлім ұнайды», - дейді Бекарыс Зеккенов.
«Закеновтердің әскерге келген өзге де сарбаздармен қарым-қатынасы өте жақсы. Тәртіптері де жақсы. Мұндай жағдай, яғни үшемнің бірдей әскерге келіп, бір бөлімшеге түсуі алғаш рет болып тұр. Барлығы таңқалып жатыр. Бұған дейін тек егіздер келетін еді», - дейді №5517 әскери бөлімі командирінің тәртіп және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Дамир Жаккенов.
Еске сала кетейік, 23 маусым күні ақтаулық Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс есімді үшем Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен ниет білдірген еді. Оларды Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуандық Бердіғалиев сәттілік тілеп, шығарып салған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Орал сапары