Ертең ақтаулық Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс есімді үшем Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл оқуда аяқтаған соң үшем өз еркімен әскерге баруға ниет білдіріп отыр.
«Әскерде қызмет ету бала күнгі арманым еді. Себебі Отан алдындағы борышты өтеу – ерлік. Елді, жерді қорғау – әркімнің парызы, міндеті. Абыройлы міндетті ерік-жігермен орындайтыныма сенімдімін», - дейді Ақарыс Зеккенов.
Бауырлары да осы оймен толық келісетінін айтты.
Зеккеновтар 2001 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген. Олар «Болашақ» колледжінде су көлігін пайдалану мамандығы бойынша білім алған. Спортпен шұғылдануды да әдетке айналдырған екен. Айтуларынша, Ақарыс Зеккенов 3 жылдай каратэге қатысса, Бекарыстың каратэ спорт түрімен айналысып жүргеніне 9 жылдай уақыт болған. Сол аралықта чемпион атанып та үлгерген. Ал Жанарыс Зеккенов күреске қатысқан.
Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуандық Бердіғалиев әскерге баратын үшемге сәттілік тілеп, ел алдындағы міндетті абыроймен орындауына тілек білдірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН