"SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы" РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы COVID-19 індетін жұқтырып, ауырған медицина қызметкерлерін тегін жолдамалармен қамтамасыз етуде.
Коронавируспен күресте ештеңеге қарамай жеке бастарын қауіп-қатерге тігіп, жұмысын жалғастырған барлық ақ халаттыларға қанша алғыс білдірсек те жеткіліксіз. Кәсіподаққа ковидпен күресуде алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерінің өз күштерін қалпына келтіруі өте маңызды, делінген денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осыған орай "SENIM" кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы медицина қызметкерлерін қолдауға және оларға денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік беруге шешім қабылдады. Өз міндеттерін орындау кезінде індетті жұқтырған және короновирустық инфекциямен ауыр немесе орташа түрде ауырған кәсіподақ мүшелері кәсіподақ қаражаты есебінен еліміздің емдік шипажайларында тегін емделе алады.
Бұл бағытта кәсіподақ пен шипажайлар арасында келісім жасалып, жолдамалар сатып алынды. Бүгінгі таңда өңірдегі медициналық ұйымдарға 100 пайыздық төлеммен 50 жолдама бөлінді.