Маңғыстау ауданы оқушыларының қашықтан оқуын жүйелі ұйымдастыру мақсатында 858 дербес компьютер сатып алынған. Бұл туралы Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қалиева айтты. Оның айтуынша, компьютерлер көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратылады. Әр мектепте арнайы тізім жасақталған.
"Жаңа оқу жылында аудан мектептерінде 1-11 сыныпты шамамен 8 740 және дайындық сыныбын 1 020 оқушымен бастағалы отырмыз. Маңғыстау ауданында жалпы білім беретін 22 мектеп, 1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі, 1 балалар өнер мектебі қызмет етеді. Осы мектептердің ішіндегі 10 білім ордасында 1 сыныпқа баратын оқушыларға қосымша топ жұмысын бастағалы отыр. Дәстүрлі білім беру үшін ашылып жаиқан қосымша топ 1 001 оқушының ішінде 333 баланың ата-аналарының ұсыныс хатына байланысты ұйымдастырылды», деді С.Қалиева.
Сондай-ақ, балалардың мектепке қатынауы үшін аудан орталығынан 80 шақырымда орналасқан Тұщықұдық ауылындағы С. Жаңғабылов және Жыңғылды ауылындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепке автобус сатып алынды. Әр көліктің бағасы 12 000 000 теңге.
«Баспаханалармен келісім шартқа отырып 2020-2021 оқу жылына қажетті 69 927 дана оқулықтар және оқу әдістемелік құралдарды сатып алу және оны жеткізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Бұрынғы мектеп кітапханасының қорында сақталған оқулықтар мен сатып алынған 11 сынып пен қосымша қажетті пәндік оқулықтар оқушыларға таратылып берілді», деді ол.
Биыл да оқу жылының алғашқы тоқсаны қашықтан арнайы бағдарлама арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда ауданның 21 мектебінде интернет жылдамдығы 4 мб/с жоғары. Шалғай орналасқан елді мекендердің интернет мәселесі жыл аяғына дейін толыққанды шешіледі.