Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға 6 шағынаудан тұрғындары өзекті деген мәселелерін жеткізді. Бұл – шағынаудандағы тұрғын үйлерге барлығы 3 басқарушы (ПКСК) мекеме қызмет көрсетеді. Тұрғындарды толғандырған осы үйге қызмет көрсетуші мекемелердің өз жұмыстарына деген салғырттығы. Тұрғындарға Ақтау қаласының басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығы өкілі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемені тұрғындар ерікті түрде қайта сайлай алатындығы айтылды.
Сонымен қатар, шағынауданды абаттандыру және жарықтандыру мәселелері сөз болды. Осы тұста тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Е.Скендиров 6 шағынаудан бойынша кешенді абаттандыру жұмыстары басталғанын, бұл жұмыстар аясында 30221 шаршы метр автокөлік және 12 810 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолдары, 7 ойын және 1 спорт алаңы толықтай жөнделетінін мәлімдеді.
Ал, жарықтандыру және одан басқа тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма берілді. Тапсырмалардың орындалуы қала әкімінің жеке бақылуында болмақ.