Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
5 тамызда Ақтау қаласында ұшу құрамы парашютпен секіруді орындау барысында әскери қызметшілердің бірінде парашют толық ашылмай қалды. Жерден берілген командаларға парашютші жауап бермеді, қосалқы парашютті пайдаланбай, нәтижесінде жерге қатты қонды. Зардап шеккен әскери қызметшіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ол Ақтау қаласының медициналық мекемесіне жедел жеткізілді. 8 тамыз күні дәрігерлер хирургиялық операция жасады. Әскери қызметшінің жағдайы ауыр, делінген хабарламада.
Парашютпен секіру қолайлы метеорологиялық жағдайларда жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес орындалды. Әскери қызметшілермен секіруді орындау алдында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нұсқаулық өткізілді.
Оқиғаның себептерін анықтау бойынша қызметтік тергеу басталды.