Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметінің дәстүрлі бағыттарының бірі – қайырымдылық екені белгілі. Осы орайда, ҚМДБ-ның Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің жанындағы «Ізгілер жолы» еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» шарасы өтті.
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлының қатысуымен өткен іс-шара аясында тұрмыс жағдайы төмен 300 отбасыға арнайы азық-түлік себеттері (ұн мен макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, қант, сұйық май, шай) үлестірілді.
«Қайырымдылық жасау – қайырлы іс. Мұқтаж жандардың қажетін өтеу – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі бослын) қалған асыл сүннетіміз. Раббымыз Алла аталмыш іс-шараға атсалысқан барша кәсіпкер азаматтар мен еріктілерге разы болсын».
"Пандемия небір жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды арамыздан алып кетіп жатыр. Батыр ана, ел анасы атанған Бибіжамал Мәлікқызы анамыз да бақилыққа аттанып кете барды. Осы пандемиялық жағдайға байланысты марқұмның атынан берілетін дәстүрлі садақаларымыздың барлығын кейінге қалдырып жатырмыз. Бүгінгі «Қайырымдылық керуеніне» мұрындық болған осы әулеттің балалары жеті күндік ас садақасын тоқтатып, соның орнына 300 отбасыға азық-түлік таратылып отыр. Анамыздың орны жұмақтан болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", – деді бас имам Әнуар Ізімбайұлы.
Мұқтаж жандар еріктілерге алғыс айтып, жасап жатқан игі істеріне ризашылықтарын білдірді.