ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық Үкімет отырысында эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясына қарсы күрес шаралары қаралды. Еліміз бойынша ағымдағы жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндап берді.
Министр хабарлағандай, 5 шілдеде қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілгеннен бастап 3 апта ішінде 35 951 жаңа КВИ-мен ауыру тіркелді. Жалпы, тіркелген жағдайлардың 29%-ға төмендеуі байқалып отыр.
«COVID-19-бен ауыру жағдайы орта есеппен тәулігіне 1600 адам деңгейінде тұрақтанды. Сондай-ақ, кереуеттердің бос болмауы 43%-ға, оның ішінде 27%-ға төмендеуі байқалады. Сауығып кеткендердің саны 63%-ға дейін өсті. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне қол жеткізілді», — деді А. Цой.
Карантиндік шараларды жеңілдетудің әзірленген критерийлеріне сәйкес, министрлік инфекцияның репродуктивтік көрсеткішін (бір науқас оқшауланғанға дейін ауруды жұқтыратын адамдар саны) және КВИ емдеу үшін инфекциялық стационарлардың төсек-орын қорының қамтылу пайызын қадағалайды.
Осылайша, 3 аптада карантин нәтижесінде келесілерге қол жеткізілді. Инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші 1,2%-дан 0,99%-ға дейін төмендеді. Және төсек-орындардың қамтылу пайызы 90%-дан 47%-ға дейін төмендеді.
Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің жоғарыда көрсетілген оң серпіні карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жұмсарту мүмкіндігі бар екенін көрсетіп отыр.
«COVID-19-дан сырқаттанушылық пен өлім-жітім жағдайын одан әрі тұрақтандыру экономиканың барлық секторларының үйлесімді жұмысына және тартылуына байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Атап айтқанда: қабылданатын тұрақтандыру шараларының тиімділігі тек қана 30%-ға медициналық көмек пен эпидемиологиялық іс-шаралардың сапасына байланысты», — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, қалған 70%-ы жиынтығында маска режимі мен гигиенаны сақтауға (30%), сондай-ақ әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтауға (40%) байланысты.
Министр атап өткендей, бүгін барлық қазақстандық қоғамға коронавирус емес, қауіпсіздік пен салауатты әдеттер «жұқпалы» болуы үшін барлық шараларды қабылдау қажет.
«Ол үшін ең алдымен маска режимі мен гигиенаны одан әрі сақтауды қамтамасыз ету қажет. Үйден тыс жерлерде маскаларды кию инфекцияның берілуін 30%-ға қысқартады. Инфекцияның таралуында қол гигиенасы ерекше рөл атқарады», — деді А. Цой.
Осыған байланысты:
Біріншіден, мүдделі МҰ мен ЖАО-ды тарта отырып, маска режимін сақтау үшін бизнестің бақылауын және жауапкершілігін күшейту (қауіпсіздік белдігін міндетті түрде қолдану мысалында).
Екіншіден, барлық қоғамдық орындарда қолды залалсыздандыру үшін санитайзерлер орнатуды қамтамасыз ету.
Үшіншіден, барлық ақпараттық арналар арқылы халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтық қағидаты сақталуы тиіс, ол мыналарды қамтиды:
Кеңселердің қашықтан жұмысын (20/80 қатынасында) және оқушылар мен студенттерді қашықтықтан оқытуды.
Маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкін еместігіне байланысты бұқаралық іс-шаралардың барлық түрлеріне тыйым салу.
Бақылауды күшейте отырып, зоналауды, белгілеуді және объектілердің толтырылуын сақтауда бизнестің жауапкершілігін арттыру.
Бұл шаралар барлық ақпараттық арналар бойынша халық арасында күшейтілген ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізумен сүйемелденуі тиіс.
А. Цойдың айтуынша, осылайша, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау, маска тағу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау жағдайында 2020 жылғы 3 тамыздан бастап инфекцияның репродуктивтілік көрсеткішіне кемінде (R ≤ 1) жеткен кезде, сондай-ақ бір апта ішінде төсек-орындардың қамтылу көрсеткіші 70%-дан аз және өлім-жітім деңгейі төмендеген кезде мынадай инфрақұрылымдық объектілердің қызметіне рұқсат етіледі:
Уақыты мен күндер бойынша шектеулермен сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік, азық-түліктік емес базарлар;
Балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтарда 5 адамнан аспайтын үйірмелер;
Кезекші топтар режиміндегі мектепке дейінгі балалар мекемелері;
сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, алдын ала жазылу бойынша маникюр және педикюр салондары;
Қашықтықтан жұмыс істеу формасы мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қызметкерлері мен кеңсе қызметкерлерінің кемінде 80%-ы үшін сақталуы тиіс.
Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға рұқсат етілетінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құрамалар үшін 30 адамнан аспайтын құраммен спорттық жаттығулар жасауға болады.
Халықтың жүріп-тұруына қатысты мынадай талаптар сақталады:
Көшелерде жүру, саябақтарға, скверлерге және жағалауларға бару — 3 адамнан аспауы тиіс;
Қоғамдық көліктің маска тағу, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау және кондукторлардың болуымен, уақыт бойынша шектеулерді сақтай отырып және жолаушыларды 50%-дан асырмай жұмыс істеуі.
Сонымен қатар салынған тыйымдарды сақтау қажет:
көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралардың барлық түрлеріне, ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысына;
мейрамханалар, барлар, түнгі және ойын клубтарының жұмысына;
мәдениет нысандарының, музейлердің жұмысына, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге;
спорт залдарының, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, аквапарк жағажайларының жұмысына;
діни нысандар жұмысына;
қала маңындағы жолаушылар пойыздарының (жұмыс пойыздарынан басқа, электричкалардың) қозғалысына, ортақ вагондарды, қалааралық автобустарды (шағын автобустарды) қалыптастыруға.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 шілдеде күшейтілген шараларды енгізу дұрыс шешім болғанын атап өтті.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай кешенді түрде тұрақтанды. Мегаполистегі коронавирус жұқтырғандардың өсуі 2,2%-ға дейін төмендеді. Қазіргі таңда қалада 10 965 COVID-19 жұқтырған адам тіркелген. Олардың ішінде 6 341 адам немесе 60%-ы емделіп шыққан. Коронавирустан қайтыс болғандар саны — 73 адам (0,68%). Пневмония және COVID-19 күдігімен жедел жәрдем шақыру саны 4 есеге азайды. Стационарларға жатқызылатын адамдар саны 2 еседен астам төмендеді. Сондай-ақ емханаға жүгінушілер саны да 2 есе азайды.
Пандемиямен күресу және жаңа толқынның басталуына дайындық жұмыстары күшейтілді. Жедел жәрдем бағытының жаңа моделі жасалды. Негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс мамандардың институты құрылды. Жалпы қалалық зертхана желісі орталықтандырылды.
Алғашқы медициналық жәрдем бөлімшелері COVID-19-бен күресуге бейімделді. Амбулаториялық деңгейде мобильді бригадалар қызмет етеді. Қауіп тобына жатқызылған пациенттермен Мониторинг орталығының жетекші мамандары жұмыс істейді.
Қаладағы барлық реанимацияларды бақылау үшін жедел әрекет ететін Реанимациялық топ құрылған. Инфекциялық стационарларды эшелондау және пациенттерді іріктеу жүйесі енгізілді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аурухана ішінде ауру жұқтырудың алдын алу шараларын бақылау күшейтілді.
Қаланы санитарлық-эпидемиологиялық қорғау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Бүгінгі күні COVID-19-бен күреске 27 медицина ұйымы тартылған. Жалпы төсек қоры 6 096 орынды құрайды. Төсек-орындардың бос болмауы 90 пайыздан 50%-ға дейін азайды. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 42%-ға дейін төмендеді.
Пандемияның жаңа толқынына дайындық аясында жағдайы ауыр науқастарға арналған бірінші эшелон стационарларындағы инфекциялық төсек орындарын 1015 орынға көбейту көзделген. Тамыз айының соңына дейін 500 орынға арналған жаңа госпиталь пайдалануға беріледі. Қыркүйектің ортасына дейін 300 төсек-орынға арналған тез салынатын тағы бір инфекциялық госпиталь іске қосылады. 1 қазанға дейін екі қонақ үйдің базасында жеке инвестициялар есебінен 215 төсек-орындық толыққанды ковидтік емханалар құрылатын болады. Тамыз айының соңына дейін жаңа патологоанатомиялық бюро іске қосылады.
1689 қызметкерден кадрлық резерв жасақталды. Олар үнемі қайта даярлықтан өтіп отырады.
Бүгінгі күні 394 мың ПТР зерттеу жүргізілген. Қазіргі уақытта тәулік бойы 9 550 ПТР зерттеу жүргізіледі. 1 қыркүйекке қарай қуаты тәулігіне 19 950 зерттеуге дейін жеткізіледі.
Сонымен қатар алматылықтардың популяциялық иммунитетін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Иммунды-ферменттік талдау жасайтын 2 жеке зертхана жұмыс істейді. Бүгінде олар 7 мың зерттеу жүргізді. Осындай үш мемлекеттік зертхананы ашуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, жеке қорғану құралдарын сатып алуға, медицина қызметкерлерін қамтамасыз етуге және басқа да мақсаттарға жергілікті бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді.
Әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бойынша Тұрақтандыру қоры құрылды. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде дәріхана желісін қамтамасыз етуге 5 млрд теңге, стационарларға 5 млрд теңге қарастырылған.
94 түрлі препараттардың қоры жасалуда. 1 шілдеден бастап 9 млн астам қаптама келіп түсті. Оның ішінде төрт борт бойынша, Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен — 3,6 млн.
«Бүгінде қала қоймаларында 2,8 млн препараттардың қоры бар. Осы аптаның соңына дейін Тұрақтандыру қорының есебінен тағы 3,8 млн қаптама әкелінеді. Жұмыс жалғасуда. Жағдай тұрақты. Кезек жоқ», — деді Алматы қаласының әкімі.
Мұны жедел желіге хабарласулар санынан анық көруге болады. Егер аурулар ең көп тіркелген кезде (14 шілде) 1,1 мың өтініш берілсе, 26 шілдеде шамамен 90 өтініш келіп түскен.
Қала жеке қорғану құралдарымен тамыз айының соңына дейін қамтамасыз етілген.
Стационарларды медициналық газбен орталықтан қамтамасыз ету жөніндегі қалалық бағдарлама іске асырыла бастады. 10 қыркүйекке дейін 8 базалық стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етіледі. Оларды аяқтағаннан кейін – қалған стационарлар бойынша жұмыс жалғастырылады.
Бір айдың ішінде жергілікті, республикалық бюджет, сондай-ақ демеушілік көмек есебінен қалаға 308 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты және 2022 оттегі концентраторы әкелінеді.
55 жедел жәрдем машинасы келеді деп күтілуде. Қазақстанның Даму Банкі арқылы тағы 35 көлік жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.
Барлық ковидтік стационарларда кәріз ағындыларын зарарсыздандыру жүйесінің құрылысы басталды.
Сонымен бірге әрбір жұқпалы аурулар клиникасының жанында медициналық қалдықтарды жоятын заманауи станциялар салынады. Бұл екі бағыт та қыркүйек айында аяқталады.
Өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгінгі таңда қалада CОVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 4 708-ді құрағанын хабарлады.
«Өткен тәулікте 54 вирус жұқтырған адам тіркеліп, өсім +1,2% құрады. Осы айдың басымен салыстырғанда екі есе төмендеу байқалады. Шілде айының алғашқы бес күнінде вирус жұқтырғандар 84-100-ді немесе өсімі 2,5-3 пайызды құрады. Осы кезеңде 2 938 науқас емделіп шықты. Өкінішке орай, 31 адам қайтыс болды (оның ішінде Түркістан облысынан – 3)», — деді Шымкент қаласының әкімі.
Жұқпалы аурулар және провизорлық стационарларда қысқа уақыт ішінде қосымша 3 050 төсек орны ұйымдастырылып, орын саны 3 860-қа жеткізілді. Олардың ішінде 650 инфекциялық, 3 210 провизорлық төсек орын бар. Оның ішінде реанимациялық төсек орын саны 30 орыннан 151 орынға дейін ұлғайтылды. Қосымша 58 ӨЖЖ, 250 «Бобров» тыныс алу аппараттары және 26 реанимациялық монитор сатып алынды.
«Реанимациялық орынның 88,7%-ы 138 ӨЖЖ аппаратымен қамтылған. Оттегімен қамтылған орын саны 861-ге немесе жалпы орынның 22,3 пайызына жеткізілді. Оттегімен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. 2 ауруханада оттегі станциясын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір ай мерзімде тағы 3 ауруханада қосылатын болады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша жұмыс күшейтілді. Қосымша 197 мобильді бригада құрылды, 15 693 науқасқа үйде стационарлық қызмет көрсетілді», — деді әкім.
Сонымен қатар 45 074 азаматқа мобильді бригада қызметі бойынша дәрі-дәрмектер үйге жеткізілді. Атқарылған жұмыс қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етті.
Жедел жәрдем шақыруларының саны күніне 2 320-дан 1321-ге дейін, яғни 43%-ға төмендеді.
«Стационарларда емделген науқастардың саны 2 882-ден 1240-қа дейін немесе 56,9%-ға төмендеді. Стационарлардағы төсек-орын жүктемесі айдың басында 78,7%-ды құрады, ал бүгінгі таңда 33%-ға дейін азайды», — деп түйіндеді Шымкент қаласының әкімі.