Ақтау қаласы әкімдігі тарапынан қаланының тыныс-тіршілігін өркендету мақсатында әр шағындаудан тұрғындарынан құралған ынталы топпен бірлесіп жұмыс істеу ұсынылған болатын. Осы мақсатта осыған дейін шаһар басшысымен 7 және 27 шағынаудан тұрғындарынан құралған ынталы топпен кездесу ұйымдастырылды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал кеше Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 28 А шағынаудан тұрғындарынан құралған топпен кездесіп, мәселелелерін тыңдады.
Шағынаудан тұрғындары түбегейлі тұрғын үйге қызмет көрсететін басқарушы мекеменің жұмысына наразы. “Ай сайын төлейтін ақысына сай қызмет көрсетпейді”, деп шағымданған тұрғындарға, “Тұрғын үй қатынастары” заңына сәйкес басқарушы мекемені тұрғындар бірлесіп өздері қайта сайлауға құқылы екендігі түсіндірілді.
Одан бөлек, тұрғындардың шағымы мен өтініштерінің негізінде шағынаудан ішін абаттандыру үшін кешенді жобалық сметалық құжаттарды жасақтау және тұрғын үйлердің 1 қабатындағы пәтерлердің қоршалған аймақтарының заңдылығын тексеру бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма берілді.
Жиында тыңдалған мәселелер жоспарға енгізіліп, орындалысы қала басшысының жеке бақылауында болмақ.