ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Ел үміті» бастамасы аясында «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қоры жүзеге асыратын «Елбасы медалі» жобасы туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте айтылды.
Аталған бағдарламаның негізгі символы - жетістіктің 7 жебесіне баланған. Ол - жасөспірімдердің қабілетін дамытуға, жас қазақстандықтардың рухын биік ұстауға, жаңа ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған 7 бағыт. Бұл - спорт, дарындылық пен дағдыны дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі. Мәселен спорт болса, оның түрін қатысушы өзі таңдайды.
«Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған. Ол үш деңгейде болады: қола, күміс және алтын. Қола 14 жастан бастап, күміс 15 жастан бастап, алтын 16 жастан бастап қатысушыларға белгіленетін болады. Әр деңгейде қатысушылардың сабақ ұзақтығы мен жиілігіне қойылатын талаптар ұсынылған. Әр деңгейде қатысушылардың сабақтарының ұзақтығы мен жиілігіне талаптар қойылады. Қола деңгейге жету үшін 6 ай, күміске 12 ай және алтынға 18 ай қажет», - деді «Елбасы Медалі» жобасы бойынша Маңғыстау облысының үйлестірушісі Дидар Бөлтірік.
«Елбасы Медалі» жобасына жас ерекшелігі бойынша кез келген адам, тұрғылықты жеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан кез келген жағдайда қатыса алады және өздерінің жетістіктерін бағалайтын тәлімгерлермен араласады. Сонымен бірге қатысушы күн сайын өзінің физикалық жағдайын жақсартып, дағдысын дамыта отырып, айналасындағыларға көмегін тигізе алады. Қазіргі жағдайда адамның жетістігі тек қана кәсіби деңгейде ғана емес. Жұмсақ дағдылардың soft skills (эмоционалды интеллект, көшбасшылық, жауапкершілік, өзін-өзі басқару, бейімделу жылдамдығы, әдептілік және т.б.) болуы маманға деген сұранысты, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «Елбасы Медалі» бағдарламасы - қатысушылардың осындай қасиеттерін арттыруға бағытталған.
Бағдарламаға қатысу арқылы жастар өз уақыттарын басқаруды, алдына мақсат қоюды және оларға жүйелі түрде қол жеткізуді үйренеді; салауатты өмір салтын ұстанатын болады және өзін-өзі үнемі дамытады. Көрсетілген нәтижелер негізінде бағдарлама қатысушылары алтын, күміс және қола медальдермен марапатталады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша, егер жинаған баллы өзгелермен тең болған жағдайда, «Елбасы медалінің» иегерлері білім грантын алуға, сонымен қатар жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатқандардың құрамына енуге құқылы. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz сайтында тіркелу қажет.