Биыл оқу жылын 6365 оқушы мектеп бітірді. Оның 5931-і күндізгі мектептің, 434-і кешкі мектептің түлектері. Ал ҰБТ-ға 5448 түлек қатысады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиевтің қатысуымен өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусымнан басталады. ҰБТ сұрақтары 2019-2020 оқу жылының 3 тоқсаны мен оның алдыңғы өткен материалдардан құрылады. Өңір бойынша 4 ҰБТ өткізу пункті бар. Олар Ақтау, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу, Қарақия аудандарында орналасқан.
Білім басқармасы тарапынан ҰБТӨП-терді бақылау комисссиялары құрылды. ҰБТ нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында барлық аудитория салқындатқыштар, орталық трансляцияға қосылатын бейнебақылау жүйелері, ұялы байланысты тұншықтырғыш құрылғылар және металл іздегіштермен толық қамтамасыз етіледі. Шалғай ауылдарда тұратын 966 балаға мектеп автобустарымен тасымал ұйымдастырылады. Автобустардың техникалық жағдайлары мен жүргізушілердің денсаулық жағдайлары құзырлы органдардың тарапынан тексеруден өтеді.
Биыл ҰБТ уақыты 10 минутқа ұзартылған, ол уақыт маскалар ауыстыру, дезинфекциялау және дене қызуын өлшеуге арналады. Отырғызу тәртібі облыстың бас санитарлық дәрігерімен мақұлданды. Санитарлық талаптарға сәйкес орындар арасындағы 2,5-3 метр ара қашықтықты сақтау үшін бұрынғы бекітілген ҰБТӨП терге лектер санын арттырып бөліп кіргізіп, 54 аудиторияның 50% - на отырғызады.
Айта кетейік, ҰБТ барысын онлайн трансляциямен үйден қадағалауға болады. Онлайн трансляция барлық аудиториядан youtube каналы арқылы тікелей трансляция тәртібінде жүреді. Сонымен қатар ҰБТ өтетін уақыттарда жедел жәрдем қызметі, басқа да тиісті қауіпсіздік шаралармен қамтамасыз етеді.