Кеше Ақтауда «ADAL Promotions»промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен үшінші рет кәсіби бокс кеші өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Рингке 14 боксшы шықты. Барлығы 7 кездесу өтті. Кештің басты кездесуі ретінде қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов пен аргентиналық Себастьян Орасио Папесчи, Бекман Сойлыбаев пен мексикалық Томас Рохас, Бекзад Нұрдәулетов пен Максим Коханчик шаршы алаңға шықты.
Алдымен маңғыстаулық Бекзад Нұрдәулетов рингте Рудныйдан келген Максим Коханчикпен кездесті. Жекпе-жек сегіз раундқа созылды. Тартысты кездесу жергілікті боксшының жеңісімен аяқталды.
Бұл Бекзад Нұрдәулетовтың кәсіби бокстағы бесінші жекпе-жегі әрі жеңісі. Ал қарсыласы Михаил Коханчик төрт жеңістен кейін алғаш рет есе жіберіп отыр.
"Михаил Коханчик ұлттық құрамада бізбен бірге болған боксшы. Бұған дейін де бірге жұдырық түйістірдік. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Сол себепті рингте тактикалық тұрғыдан ойын болды. Аллаға шүкір, жеңіске жеттім. Барша маңғыстаулықты, жанкүйерімді құттықтаймын", - деді Бекзат Нұрдәулетов.
Ал Бекман Сойлыбаев Мексика елінің өкілі Томас Рохас Гомеспен шаршы алаңға шықты. 10 раундық кездесу Бекманның пайдасына шешіліп, бірауыздан 100-90 есебімен жеңіске жетті. Бұл - қазақстандық боксшының кәсіпқой мансаптағы он төртінші жеңісі. Ал Томас Рохас Гомес енді рингке шықпайтынын мәлімдеді.
Жанкүйерлер көп күткен кездесудің бірі - қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов пен аргентиналық Себастьян Орасио Папесчидің жекпе-жегі. Олар орта салмақта WBO International титулы үшін кездесті.
Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. Алайда Мейірім Нұрсұлтановтың қатты соққылары қарсыласы Себастьян Папесчиді нокаунтқа түсірді. Осылайша, қазақстандық спортшы бесінші раундта жеңіске жетіп, WBO International чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.
Бұл - Мейірім Нұрсұлтановтың он жетінші жеңісі. Ал Себастьян Папесчидің кәсіпқой мансаптағы төртінші жеңілісі болды.
Мұнан бөлек кеште 53,5 келі салмақта шетпелік Самат Жетібаев пен Өзбекстаннан келген Бақыт Абдурахимов, 57,1 келіде ақтаулық Жолдас Жеңісов пен ақтөбелік Төрехан Кеңесов кездесті.
58,9 келі салмақта алғаш рет Берік Джедибаев өзбекстандық Бургут Ходжибоевпен шаршы алаңға шықты. Дәл осы салмақ бойынша түпқарағандық Нұрбек Орысбай ақтөбелік Айбек Тастаевпен жұдырық түйістірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер «ADAL Promotions» алынды