Алаяқтар халықты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қаржы салуға шақырып, алдап жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясы жанынан құрылған жаңа инвестициялық қордың жарнамасы белсенді түрде таралуда. Олар арнайы сайт құрып, видеолар тарату арқылы халықты мұнай мен газ сатып, мол пайдаға кенелуге шақыруда. Яғни, ақша салғандар айына үш мың долларға дейін пассивті табыс табады делінген. Негізі бұл «қорға» «ҚазМұнайГаздың» да, Қазақстан Республикасы Президентінің де еш қатысы жоқ. Мұны тексеру үшін компанияның ресми веб-сайтына өтіңіз.
- «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан азаматтарының қаржысын ешқандай инвестициялық жобаларға тартуға шақырмайды. Таратылып жатқан жалған жарнамалық хабарландыруға сенбеңіздер! Сақ болыңыздар! - деді компания өкілдері.