Биыл министрлік тарапынан 69 256 мемлекеттік грант бекітілді. Нақтыласақ, бакалавриатқа - 53 785 грант, магистратураға - 13159 грант, PhD докторантураға - 2312 грант. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейделиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қаласындағы Есенов университетінің 32 шағынауданда орналасқан бас ғимаратында 13-20 шілде күндері оқуға құжаттар қабылданады. 21 шілде мен 1 тамыз аралығыныда құжаттар қаралып, нәтижесі 1 тамыздан кейін анықталады.
«Жыл сайын өңірге қажетті мамандықтарға, бірінші кезекте, медицина, педагогика, IT, құрылыс, машина жасау, ветеринария және ауылшаруашылығы саласы мамандарына жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын грант көлемі бекітілді. Биыл да шамамен 175 грант бөлуді жоспарлап отырмыз», – дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.
Аталған конкурс мемлекеттік грант конкурсы өткеннен кейін шілде – тамыз айларында өңірдің үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар өкілдернен құралған облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен қаралады. Жергілікті басқармалар мен кәсіпорындарға қажетті мамандықтарды нақтылап сол мамандықты таңдаған түлектер арасында ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 2020-2021 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 4004 орынға қалыптасты.
2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» «Серпін – 2050» бағдарламасы іске асып жатыр. Аталған жоба Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында іске асады.
Серпін грантына ҰБТ мен кешенді тестілеуден 50 баллдан кем емес және таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 баллдан төмен болмаған түлектер қатыса алады.