Бүгін "Amanat" партиясы Маңғыстау облысының шалғайдағы Бостан, Онды, Жетібай, Жыңғылды, Тұщыбек, Атамекен, Дәулет ауылдарының тұрғындарын қабылдады. Шараға партияның облыстық және аудандық филиалдарының атқарушы хатшылары, облыстық басқарма басшылары және аудандық, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Қабылдауға 100-ден астам азамат келіп өтініш, тілектерін білдірді. Бостан ауылының тұрғындары ауылішілік жолды жаңалау жөнінде және жарықтандыру мен ауыз су мәселелерін көтерді. Бостандықтарды алаңдататын тағы бір мәселе — мектеп. Олар үш ауысымдық оқу үрдісіне көшпей тұрып, жапсаржай құрылысын салу керек дейді.
— Жазда ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселе тоқтың әлсіздігі болып отыр. МРЭК-ке қарасты үйлердің тоқ күші азайып кетеді. Қосымша КТП орналастырып, осы мәселенің шешімін тауып берсе нұр үстіне нұр болар еді, - дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Сағындықов.
Сондай-ақ ауылда интернет желісі жылдамдығының төмендігін тілге тиек етті. Ал Онды ауылында өткен мобильді қоғамдық қабылдауда ауыл тұрғындары мәселені мал шаруашылығы мен субсидиядан бастады. Ауыл тұрғыны Тілек Нұртілеуов Бекі ауылынан 11 жылдық мектеп салу мәселесін көтерді.
Қабылдау барысында айтылған тұрғындардың сұрағына заң аясында жауап беріліп, біраз мәселе оң шешімін тапты. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісінің орынбасары Азамат Дулатұлының айтуынша, көшпелі мобильді топтардың мақсаты – жергілікті жерлердегі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың өтініштерін қабылдау.
Біз осыған дейін елдің 14 аймағын қамтыдық. Әсіресе, партияның облыстық, аудандық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аударып отырмыз. Мұндай сапарлар ауылдық жерлердегі көкейтесті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, мобильді қабылдау осыған дейін Маңғыстау облысындағы 25 ауылда өтті. Жыл аяғына дейін 50-ге жуық ауылды қамту көзделген.