Ақтау қаласында футболдан 16-25 жастағы ересектер арасында «Super bol» реалити- жобасының іріктеу кезеңі өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жобаның басты мақсаты - кәсіпқой келісімшарты жоқ жастар арасынан таланттарды іріктеу, кәсіпқойлармен екі ай көлемінде бірге жаттығуға мүмкіндік беру.
Іріктеу ойындары Қазақстанның сегіз қаласында өтеді. Осы уақытқа дейін Семей, Ақтөбе, Павлодар қаласында болды.
Ақтаудағы іріктеу кезеңі «Жас Қанат» стадионында өтуде. Кастинге тіркеу нәтижесі бойынша Ақтау қаласында өтетін іріктеу турнирге 580-нен астам адам тіркелген. Ал ел бойынша жалпы есепте 4 401 адам тіркеуден өткен.
Ақтық іріктеу Алматы қаласында өтеді. Кастингке 150-ге жуық адам қатысады. Олардың ішінен 50 адам іріктеледі, 25-і базаға жіберілсе, қалғандары резервте болады. Реалити-шоу аясында қатысушылар кәсіби жаттықтырушылар және футболшылармен бірге жаттығу процесіне қатысады.
Ақтық кездесулерді базаға кіру кезінде қазақстандық, еуропалық, азиялық клубтардың скауттары бақылайтын болады. Үздік футболшылар осы клубтардан кәсіби келісімшарт ала алады.