Құланды ауылының тұрғыны Даниял Төлеуіш өз өнімін Ақтау халықаралық әуежайына сатылымға шығарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сатылымға шыққан сүт өнімдерінің қатарында ірімшік, құрт, балқаймақ, ірімшік рафаэлло және тағы да басқа өнімдер бар.
Даниял Төлеуіш осыдан бір жыл бұрын түйе және сиыр сүтінен таза табиғи өнім даярлап, отбасылық шағын кәсіппен айналыса бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер арнайы сауын аппараттарын алып, кәсібін ұлғайтқан. Отбасы мүшелерінен бөлек 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Енді қарақиялық жас кәсіпкердің ұлттық брендтегі табиғи өнімдерін аудан, қаладағы дүкендерден бөлек, Ақтау халықаралық әуежайының кафетерийінен де сатып алуға болады.