2 маусымда Қаламқас кен орнындағы 10 адамнан COVID-19 анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Олар біздің қызметкерлер, сондай-ақ сервистік компаниялардың жұмысшылары. Барлығы Ақтау қаласындағы инфекциялық стационарға жатқызылды. Сондай-ақ мұнайшылар арасынан жақын байланыста болған адамдар да оқшауланып Қаламқас кен орнындағы провизорлық үй-жайларға орналастырылды, олардың барлығынан COVID-19 бар-жоқтығы анықталатын зертханалық талдаулар алынды. Сондай-ақ, ауырып қалған қызметкермен байланыста болуы мүмкін тұлғалар анықталды, олардың барлығы жатақхана блогында медициналық қадағалауда (блок уақытша карантинге жабылды).
Коронавирустық инфекция таралған жағдайда кен орындарында карантин жағдайына "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында барлық обсервациялық үй-жайлар алдын ала дайындалып, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілді. Қаламқас кен орнында азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің стратегиялық қоры жеткілікті, - делінген хабарламада.