Бұл туралы бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстау ауданындағы ауылдарға барған жұмыс сапарында талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімі Маңғыстау ауданына қарасты Онды, Жармыш, Шетпе ауылдарына барып, Онды ауылында бой көтеретін амбулаториялық емхананың құрылысын бастау жөніндегі жоспармен танысты. Мердігер мекемеге тиісіті уақытында аяқтауды және құрылысқа тартылатын жұмысшылардың жалақысын 100-150 мың теңге арасында төлеуді тапсырды.
Амбулаториялық емхананы салуға 4 ай уақыт белгіленген. Оның құрылысын жүргізу барысында 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Құрылыс аяқталғаннан кейін емхана бірден іске кіріседі. Онда қызмет ететін медицина қызметкерлері де дайын. 20 орынға шақталған емхана УЗИ, ЭКГ және алғашқы медициналық көмекке қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Онды ауылында жылыжайдың салынуына қолдау білдірді. Көкөніс өндіретін жылыжай іске қосылса ауылдағы жұмыссыздық азайып, ауыл толығымен өзін-өзі көкөніспен қамти алмақ.
Онды ауылына сапарынан кейін Серікбай Өтелгенұлы Жармыш ауылындағы құрылысы тоқтап тұрған аула клубына барды. Онда құрылысты жалғастырудағы жоспармен танысып, алдағы уақытта облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, "Ауыл ел бесігі" бағдарламасына сәйкес, биыл Маңғыстау ауылдарына 3 млрд теңге қаражат бөлінген.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Маңғыстау ауданындағы ауылдарының инфрақұрылымын басты назарға алып, ауданның ахуалы жөнінде тілшілерге сұхбат берді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Сәби МАЙЕМЕРОВ