Біздің анамыз бүгінде тоқсан жастың толғауынан өтіп, тоқсан үш жастан асып, ғасыр биігіне қадам басып бара жатыр. Жасы ұлғайып, қозғалысы баяулағанымен еске сақтау қабілеті өте жақсы деңгейде. Өмірден көрген-білгенін, көңіліндегі ойларын әсерлі жеткізіп, айта алады. Бүгінде айналамыздағы ағайын-туыстардың және жапырағы жайылған үлкен әулеттің ұлағатты анасы болғанын сезінгесін бе, өмірден өтіп кеткен абзал ағалары мен қайнылары, асыл аналары мен абысындары туралы кең көлемде ағынан жарыла тебірене әңгімелейді. Біздер баласы болғасын әрі ел өміріндегі елеулі күн — Жеңіс мерекесіне орай елдің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жағдайын, соғысқа кеткен аталарымыз бен нағашыларымыз жөнінде айтуды өтінгенімізде анамыз қинала отырып, бізге айтқан естеліктерінің бір бөлегі төмендегідей болатын.
Анамыз айтады... “Ол кезде мен 11-12 жастадағы тұлымшағы желбіреген қыз баламын. 1938 жылдың күзінде әкем Денбай Көшенұлының 1919 жылы туған ұлы, менің кіші ағам Жұмқаш Кеңес армиясы қатарына азаматтық борышын атқаруға шақырылды. Ол кезде армияға шақырылғандар сол кездегі Маңғыстаудағы аудан орталықтарының бірі — Форт-Шевченко қаласына колхоздың аттарымен жетісетін. Ағамның армияға бірге шақырылған жолдастары, өзім күнде көріп жүрген ағамның бала кезден бірге өскен достары, бүгінде пәниден өткен руы Бәйбіше Байбөрі Сейілұлы, руы Есен Нұрым Тоғызбайұлы, т.б ағалар еді. Сол кезде колхоздың қойын бағып, Қызан ауылына таяу отырған біздің үйден тамақтанған жігіттер аяқтарын үзеңгіге сала бастағанда Байбөрінің анасы Жағи және Нұрымның анасы Момын шешелеріміз балаларын беттерінен сүйіп, қоштасып жатқанда шешем Күнбибі де көзіне жас алып, кемсеңдеп, Жұмқашты құшақтап, сүюге ұмтылғанда әкеміз: «Тәйт! Жамандық шақырма, үш жыл үш күндей болмайды, аман жүрсін!» деп, анамызды кідіртіп тастады. Азаматтар аттарымен желе шоқытып, Жоласқанның жалынан асып, кетті. Біздер — Түрмеш, Үзбеш апаларым, басқа да шығарып салушылар болып, көздерімізді қимастықтың жасы жуып қала бердік. Атты адамдар келесі жал биігіне шыға бергенде бір атты шорт кейін бұрылып, бізге қарай шапты. Ол мені кіші қарындасы болғасын ерекше жақсы көретін Жұмқаш ағам екен. Ағызып шауып келген бетте атынан түспестен еңкейіп келіп: «Енді сені қашан көрер екенмін?» деп, мені маңдайымнан, бетімнен, тамағымның астынан құшырлана сүйіп, жолдастарының артынан шаба жөнелді. Сол кеткеннен Ленинград қаласы маңындағы әскери округтен шыққан олар арнайы дайындықтардан өтіп, 1939-1940 жылдардағы финдермен арадағы соғысқа араласып, аты шулы Маннергейм биігін алуға қатысты. 1941 жылдың жазында азаматтық борыштарын өтеп болуға санаулы күндер қалғанда ағаларды Беларуссияның Польшамен шектесетін тұсындағы Буг өзеніне таяу жердегі Брест қамалына әкеледі. Бұл Фашистік Германия тарапынан соғыс қаупінің ұшынып тұрған кезі болатын. Жоғарыдан рұқсат болса, “Әне-міне, елге қайтамыз” деп тұрған Жұмқаш ағам ол кезде ысылған солдат болғасын қамалдағы әскери қару-жарақ қоймасында жұмыс жасапты. Жұмқаш аға 1941жылы 22-ші маусымда кенеттен соғыс басталғанда алғашқы күнде неміс самолеттерінің қоймаға тастаған бомбаларының тіке түсуінен қаза тауыпты. Бұл жәйді біз Жұмқаштың армияға бірге аттанып, елге аман оралған досы Нұрым ағаның аузынан естідік. Соғыс аяқталғасын да көпке дейін кенже ұлынан күдер үзбеген анамыз «Ағаңның сүйген жерінен бір белгі қалды ма?» деп, менің бетімді, маңдайымды, тамағымның астын қолымен сипалайтын.
Жұмқаш ағам ұзын бойлы, қапсағай денелі, жолдастары арасында сыйлы, ажарлы азамат болатын. Қызан ауылының белгілі азаматы, ұлағатты ұстаз болған Жалғас Ұзақбайұлымен құрдас, айырылмас дос болатын. Жалғас аға да дүниеден өткенше, мені көрген жерде Жұмқаш досын есіне алып, “Қарындасым” деп жылылық танытып тұратын.
1941 жылдың күзінде үлкен ағам Жұмабай үйімен аудан орталығы — Таушыққа қоныс аударып, жеңгем Ақзира Итемген, Зейнеш, Тыныштық балаларымен бірге он төрт жасар мені де “Көмегі болар” деп ала кетті. Ағам мен жеңгем шахтадан көмір қазу жұмыстарында болып, мен 1942 жылдың сәуіріне дейін үйде қалған іні, сіңліме қарадым. Ағам қажарлы адам болғасын тиісті жұмысын бірнеше есе артық орындап, стахановшы атанып, көпшілік құрметіне бөленді. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық мұрағатының аға қызметкері болған Ғалым Теміртасов өзінің «Маңғыстау мирасы» кітабында Жұмабай ағамды ерекше атап өткен. Мен он бес жасқа толғасын, 1942 жылы сәуірде майданға аттанған адамдар орнына жұмысшылар керек болғасын, алғашында көмір қазу жұмыстарына қарауыл болып, кейін көмір тиеу жұмыстарында болдым. Жасым кіші болғасын ба, күйеуі майданға аттанып, қаза тапқан, Таушықтағы шахта жұмысында басшы болған Жібек Қорғанова апамыз маған аяушылық танытып, ерекше қамқорлық жасайтын. Жібек апамыз соғыс аяқталғасын Маңғыстау ауданының Жармыш, Онды, Жыңғылды жерлерінде ауылдық кеңестің төрайымы, партия қызметкері болып, халық көңілінен шыға жұмыс жасап, зейнет демалысына шықты. Сөйтіп жүргенде 1942 жылдың жазғы салымында 1907 жылғы Жұмабай ағам, 1910 жылғы Жұмағали, 1919 жылғы немере ағам Табыл майданға аттанды. 1943 жылы Жұмағали, Табыл ағаларымызды әскери бөлімдері әуелі “Хабарсыз кетті” дегенімен кейін Украина жерінде қаза тапқанын білдік. Жұмабай ағамыз соғысты Берлинде жеңіспен аяқтап, “Енді аман болсам, елге оралам ғой” деп, Берлин қаласындағы әскери комендатурада қызмет жасап жүріп, 1945 жылы 23-ші тамызда қаза болғаны жанымызға қатты батты. Менің Ұлы Отан соғысынан оралмаған ағаларым жөнінде олардың көзін көрген замандастары “Нар жүгін көтеретін қажарлы азаматтар еді” деп, жағымды әңгімелер айтатын. Ағаларым қанды соғыста елі үшін жандарын қиғанымен елінің, бауырларының, ұрпақтарының есінде мәңгілік орнығыпты. Олардың есімдері 1995 жылы шыққан «Тағзым» кітабында жазылып, Маңғыстау ауданының Қызан ауылының сол кездегі әкімі Аралбай Қуанбайұлының бастамашылығымен ауыл орталығындағы соғыстан оралмаған боздақтарға орнатылған ескерткіште айшықталып, кең көлемде еске алу асы берілді. Сонда да “Соғыс жарасы толық жазылды” деуге болмайтыны бәріміз үшін белгілі жәй. Тірлік өз ағымымен жалғасты.
Жұмабай ағамның жары, жеңешем Ақзира азаматынан жас қалса да аға шаңырағын шайқалтпай, балаларын ер жеткізді. Жалғыз ұлы Итемгенді қатар құрбысы Асылханға үйлендіріп, немере сүйіп, азаматының атына дақ түсірмей дүниеден өтті. Майдангер ағаның жалғыз ұлы Итемген де бүгінде немере, шөберелер қызығына бөленіп отыр. Жұмағали ағамның үйіндегі жігерлі жеңгем Тұрған соғыс жылдарында колхоздың қой фермасын басқарып, ер азаматтарша еңбек етті. Жұмағали ағамнан қалған жалғыз Дәметкеннің де бағы жанып, 1956 жылғы, Венгрия жерінде интернационалдық борышын атқарған Отарғұлов Өтегенмен тұрмыс құрып, жапырағы жайылып, өнегелі ұрпақ өргізді. Олардың ұл- қыздары Мейрамгүл, Балықбай, Ғайша, Дәулетбай, Бақтығалилар ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырып, ұрпақтар үндестігін жалғастыруда. Табыл ағамның артында қалған Майша бауырым да Қызылөзен жерінде бала-шағасын жетістірді. Тұрғанбай, Өтембай, Қамбар, Оразғали бастаған жиендер Табыл бауырымның атын ұмыттырмайтын азаматтар болып өсті. Жұмқаш ағам ғана соғыс зардабынан жастық өмірінің қызығын көре алмай кетті. Өмірде үлкендер айтатын «Тірі адам тірлігін жасайды» деген сөз рас екен. Әкем Денбай да бәйбішесі Күнбибінің келісімімен Ақтөре шешеммен бас құрап, Есібай, Көмекбай есімді ұлды болып, өмір сүрлеуін жалғастырып, балаларын үйлендіріп, олардан Набат, Асқар Терекбай, Саяхат сияқты немерелерін көріп, жастары ұлғайып, өмірден өтті. Апаларым Түрмеш, Үзбештер өмір жолымен Нәби, Меңдібай деген азаматармен бас құрады. Олардан тараған жиендерім Темірбек, Темірхан, Айнаш, Ибрагим, Исламдар да өз ортасының сыйлы азаматтары. Мен де соғыстан оралмаған ұлдарын уайымдаған ата-анама тілекші болып, олардың ақ батасымен 1947 жылы жиырма жасымда Есбол ақсақалдың жалғыз ұлы Бердіханға тұрмысқа шығып, өмірден өз орнымды таптым. Елге сыйлы енем Меткіл Айбасқызының көмегімен азаматым Бердіханның арқасында жапырағым жайылды. Ел қатарлы бақытты өмір кештім. Азаматымның жұмыс бағытымен Маңғыстаудың Таушық, Қызан, Ақшымырау, Шайыр жерлерінде тұрып, еңбек ете жүріп, он екі ұл-қыз өсіріп, азаматымның өмірден ерте өткен бауыры, азаматы майдан даласынан оралмаған Сұлу апамыздың артында қалған Демеген жиенімізді де қолымызға алып, қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, үйлендіріп, өз алдына үй қылып, аналық міндетімді адал атқардым. Өзімнен тараған он екі ұл, қызымнан сегіз келін көріп, қыздарымды құтты орындарына қондырып, бүгінде немере, шөбере, шөпшек көріп отырған жайым бар.
Балаларым да, немелерім де бүгінде кемелденіп, өз ортасының азаматтары болып отыр. “Мен үшін әрі сүйінішті,әрі күйінішті болатын Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесінің 75 жылдығы қарсаңында майдан даласынан оралмаған, бірге туған бауырларымды ойыма алып, алдағы уақытта аспанымыздың ашық болып, еліміздің аман болуын шынайы аналық көңілмен тілеймін” деп, анамыз әңгімесін қинала аяқтады.
Кендебай МАҢҒЫБАЙТЕГІ