Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте мәлім болды.
Төтенше жағдай режимі кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында Жұмыспен қамтудың жол картасы жасақталып, бекітілді.
Қабылданған Жол картасының негізгі мақсаты:
- жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;
- қосымша жұмыс орындарын құру және табыстың болуын қамтамасыз ету;
- елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау.
Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсеновтің айтуынша, облыста жоспарды іске асыруға 34 млрд теңге қарастырылып отыр. Жалпы алғанда 144 жоба қамтылып және 8 911 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Жобаларды жүзеге асыру аясында уақытша жұмыспен қамтуды ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік туып отыр.
Жол картасы келесі жұмыстар мен нысандар түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырады:
1. әлеуметтік–мәдени нысандары – 8,6 млрд теңгеге (8 606,0 млн теңге) 63 жоба. Бұл жобаларда 2 829 жұмыс орны құрылады және 1 387 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады;
2. тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары – 13,2 млрд теңгеге (13 242,0 млн теңге) 37 жоба. Бұл жобаларда 2 829 жұмыс орны құрылады және 1 414 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады;
3. инженерлік-көлік инфрақұрылымы нысандары – 7,5 млрд теңгеге (7 464,1 млн теңге) 30 жоба. Бұл жобаларда 1 382 жұмыс орны құрылады және 792 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады;
4. елді мекендерді абаттандыру бойынша – 4,6 млрд теңгеге (4 638,1 млн теңге) 13 жоба. Бұл жобаларда 1 455 жұмыс орны құрылады және 753 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады.
Жол картасы шеңберіндегі жобаларға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінулері қажет.
Осы орайда, Ақтау қаласында 49 жоба, Жаңаөзен қаласында 19 жоба, Бейнеу ауданында 12 жоба, Қарақия ауданында 18 жоба, Маңғыстау ауданында 17 жоба, Мұнайлы ауданында 9 жоба және Түпқараған ауданында 20 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 144 жобаның 94 жобасына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.