Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің жаппай таралуына орай біздің елімізде төтенше жағдай жарияланып, сақтық шаралары қатаң назарға алынып отыр. Карантинге байланысты, көптеген тұрғындар материалдық қиындықтарды сезінуде. Осыған орай, облысымызда аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарды қолдауға мән беріліп, "Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясы жалғасын табуда. Соның бірі - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың кәсіпкерлерге Үндеуінің аясында қолға алынды.
⁃ Маңғыстаулық кәсіпкер кең көңілі мен жомарт мінезін көрсетіп, Қостанай облысынан аймағымызға 1 вагон ұн алдыртты. Ел басына күн туған қиын күндерде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мейірімді жүрегінің жылуын аямаған бауырымызға Алланың нұры жауғай! 1400 отбасына жоғары сапалы 50 келілік ұн үйді-үйге таратылды, - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Қостанайлық ұн 1 мыңға жуық Мұнайлы ауданындағы "Миғраж", "Ар-рахман" мешіттерінің ұйымдастыруымен, Атамекен, Маңғыстау, Батыр және Басқұдық ауылдарының тұрғындарына таратылса, 100 қабы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр, Сайын ауылдарына жөнелтілген. Сондай-ақ, жұқпалы індеттің кесірінен қауіпсіздік үшін уақытша үйде отырған ақтаулық аз қамтылған отбасылар да бір-бір қап ұн алып, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды. Облыстық орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Ізімбайұлының айтуынша, мешіттер тізіміндегі көмекке зәру жандарға материалдық қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.