©
Президент «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау жөніндегі атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібін халыққа түсіндіру жағына көп көңіл бөлу керектігін айтып өткен болатын. Осыған орай көп балалы аналардың сұранысы бойынша біз толыққанды ақпарат алу үшін Маңғыстау ауданындағы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәнімгүл Қайымовамен тілдескен болатынбыз. - Сәнімгүл Нақыпқызы, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау жөніндегі атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі қашан енгізіледі? - Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі 2019 жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізіледі. - Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі бойынша 21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны кімдер алады? - Бәрімізге белгілі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы аз отбасыларға (азаматтарға) әлеуметтік қолдаудың 3 түрі бір нысанмен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек болып енгізілді. Бұл төлемнің бұрынғыдан айырмашылығы тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, жұмыссыз жүрген еңбекке қабілетті отбасы мүшелері міндетті түрде мемлекет тарапынан жұмысқа тартылады, егер отбасындағы адамдар өмірлік қиын жағдайға тап болса, мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспаса тағайындалады. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында көргеніміз Маңғыстау ауданы бойынша мұндай көмекке тұрмыс-тіршілігі төмен тұрғындардың көбісінің қолы жетпеді. Осыған орай күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтын шекті мөлшерді 70 пайызға көтеруге және көп балалы аналардың алатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақысын, мүгедектігіне алатын мемлекеттік жәрдемақысын және студенттердің шәкіртақысын отбасының табыс көзіне есептемеуді барлық аудандар ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс білдірді. Мұндай ұсынысқа 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы қазіргі заң нормаларына өзгеріс болатынын былтыр естіген болатынбыз. Ал әр балаға 21 мың теңге жәрдемқы төлеу мәселесі биыл қозғалды. 21 мың теңге жәрдемақы табысы аз төрт және одан да көп балалы отбасыларға төленеді. Ал басқа табысы аз балалы отбасылар бұрынғыша табыс пен күнкөріс деңгейдің 70 пайызы арасындағы айырма ақшасын алады. - Аталған жәрдемақы мөлшері өзгере ме? - Әрине, өзгереді. Әр өңірде азық-түліктің, тауардың бағасы әртүрлі. Күнкөріс деңгейдің де минимумы әртүрлі, ол тоқсан сайын өзгеріп тұрады. Мысалы, күнкөрістің бірінші тоқсандағы деңгейімен есептеп қарайтын болсақ, ол 33 928 теңге, оның 70 пайызы 23750 теңге болады. Егер табыс содан кем болатын болса, онда көп балалы отбасының әр баласына 23750 теңгеден төленуі тиіс. Оған қосымша ата-анасына да жан басына шаққандағы табыс пен 23750 теңгенің арасындағы айырма ақшасы төленеді. - Отбасының жиынтық табысында өзгерістер бар ма? - Бұрын есептелініп келген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне, балаларға, мүгедек балаларға алатын жәрдемақылар, студенттердің стипендиялары 1 шілдеден бастап есептелмейтін болды. - Жәрдемақыны тағайындау үшін сұралатын құжаттар жөнінде айта кетсеңіз? - Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген кезде сұралатын құжаттар саны азаяды. Тиісті мәліметтер электронды халық жүйесімен жүзеге асырылатын болады. Егер кейбір мәліметтер жоқ болатын болса, онда жергілікті жердегі әкімшіліктер, жұмыспен қамту орталығы тиісті мекемелерге сұрау салып, өздеріне керекті мәліметтерді алатын болады. - Бұдан басқа тағы қандай әлеуметтік шаралар жүргізіліп жатыр? - Электрондық халық жүйесі арқылы әрбір отбасын талдау, сараптау, тұрмыс жағдайын, қажеттілігін анықтау үшін аудан бойынша әлеуметтік карталарды жасақтау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін барлық ауылдық әкімдіктерде электронды халық жүйесі жұмыс жасайтын болады. Тұрмысы төмен отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер және әлеуметтік қолдау шараларын бір пакетке енгізу жұмыстары жүргізіледі. Мүгедек балаларды және бірінші топтағы мүгедек баланы қарауға берілетін көмек 31 183 теңгеден төленіп келген болса, үстіміздегі жылдың 1-шілдесінен бастап 41 578 теңге болады. Ауылда тұратын көп балалы аналарға, мүгедек балалары бар аналарға жаңа кәсібін бастауға тегін мемлекеттік грант, микрокредит беру, үйде әлеуметтік жұмыс орнын ашу, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, грант, несие алу үшін Бастау-Бизнес кәсіпкерлік негіздеріне оқыту шаралары жүргізіледі. - Сұхбатыңызға рахмет!Айгүл РАХМЕТОВА