Ол қазір өз саласы бойынша оқып, біліктілігін арттыруды қалайды. Қызмет еткеніне 10 жылдан асса да әлі санатсыз дәрігерлер қатарында. Бірақ Маңғыстау балаларының денсаулығы бір өзінің мойнында екенін ойлағанда, өзін кейінге ысырып қоя тұрады. Бұлай жалғасқанына бірнеше жыл. Еңбек демалысына шығу үшін де әріптестеріне өтініш білдіріп, орнын алмастыра тұруды сұрайды екен. Жылына қанша ота жасап, қанша рет санавиациямен ұшып, неше баланы өлімнен арашалап қалғаны есінде жоқ. Себебі оларды санамайды. Науқас түнде түссе – түнде, күндіз түссе – күндіз шұғыл іске кірісетін маман шапшаңдыққа бейімделіп алған. Өз сөзінде қажет оталарды күттірмей, бірден жасайтынын айтқан еді. Жыл басында туылғанына 38 күн болған сәбиге ота жасалғаны жөнінде жазғанбыз. Инсульт диагнозымен түскен сәбиге шұғыл отаны Ербол Кенжевалов жасады. Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына барып, ауыр науқаспен, шұғыл отамен жиі бетпе-бет келіп жүрген нейрохирург Ербол Кенжеваловпен әңгімелесіп қайттық. «Мұнда 2010 жылдан бері қызмет етемін. 2008 жылы Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясын тәмамдадым. Одан соң облыстық ауруханада хирург болып қызмет еттім. 2010 жылы ересектерге арналған нейрохирургия саласы бойынша Алматы қаласында біліктілігімді арттырып келдім. Ол тұста елімізде балалар нейрохирургиясы онша дами қоймаған еді. Астана қаласындағы нейрохирургия орталығында бөлім ашылған соң ғана қарқын ала бастады. 2011 жылы сонда балалар нейрохирургиясы бойынша бір айлық іс-тәжірибеден өттім. Маған дейін облыста балалар нейрохирургы болмады деуге келмес, тек шұғыл оталар жасалмаған. Оларды Астана, Алматы қалаларына жолдап отырған. Ал 2012 жылдан бері өз өңірімізде жасалып жүр», - дейді Ербол Сайлауұлы. Содан бері облыстық және қалалық перзентханаға шұғыл түскен, санавиация көмегіне мұқтаж науқастар Ерболдың көмегіне жүгінеді. Мұның бәріне бірдей үлгеру Ерболға оңайға түспейді. Ол қарбаласты азайту үшін жанына кемі тағы 2 маман қажет дейді. Сондай-ақ балалар ауруханасында МРТ, КТ құрылғыларының болмауы да жұмысты тежейтін көрінеді. «Ұйқысыз жұмыс істейміз деуге келмес, бірақ науқастардың жағдайына алаңдаған соң жұмысқа шығуыңа тура келеді. Ауыр жағдайда жатқан балаларды ойлағанда өзіңді кейінге ысырып қоясың. Ондайда ерекше бір тылсым маған күш береді (күліп)», - дейді өзі. Осы маңдай тер мен шыдамның, еңбектің құны – 150 мың теңге. Таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыста жүрген дәрігерге одан тыс уақытта да шақырту түсетіні сөзсіз. Ол үшін әр сағатқа 200 теңге төленеді. Бірақ оны налытатын бұл емес, оқуға мүмкіндігінің болмауы. Заманауи әдістерді танып, жаңа технологияларды үйрену, күн сайын жаңарып жатқан медицинаның тәсілдерін меңгеріп, тәжірибесінде қолдануды қалайды. «2014 жылға дейін компьютерлік томографиясыз жұмыс істеп жүрдік. Шұғыл жеткізілген, есінен танып жатқан науқастарды компьютерлік томографияға түсіру үшін басқа емханаларға апару қажет болатын. Ал балалар ауруханасының арнайы жедел-жәрдем көліктері жоқ. Ата-аналарды емханаларға жолдамамен жіберетінбіз. Олар түсіріп, қорытындысын алып келетін. 2014 жылы КТ аппараты алынды. Бірақ ол шағын, жаңа туылған сәбилерге арналған, мүмкіндігі аса жоғары емес», - дегенді айтты нейрохирург. МРТ, КТ аппараттарымен қатар онымен жұмыс істейтін мамандар қажет. Қаншама қаржыға алынған дүние болған соң оны дұрыс күтіп ұстау да керек дейді дәрігер. «2018 жылы 6 жаңа туған нәрестеге инсульт бойынша ота жасалды. Барлығының жағдайы жақсы. Инсульт көбінде шала туылған балаларда кездеседі. Туғанына 38 күнде ота жасалған сәбидің жағдайы қазір тәуір. Дүйсенбі күні ауруханадан шығарылды. Бұдан бөлек кеше ғана тағы бір сәби ми жарығы диагнозымен дүниеге келді. Анасы жүкті кезінде дәрігерлер ескертсе де, жүктілікті үзуден бас тартқан. Ал баладағы жарық екінші бас секілді болып туылды. Оған КТ түсіріп, диагнозын нақтылау қажет. Астана қаласындағы мамандармен ақылдасамыз. Бұған дейін мұндай диагнозбен туылған 2-3 сәби тіркелген. Бірақ дәл бұл нәрестедегі – күрделі түрі», - дейді Ербол Сайлауұлы. Сәби шала туылған соң бауыр, өкпе секілді ағзалары дамымайды. Сондықтан баланың денсаулығы отаға ғана байланысты емес дегенді айтады ол. Бұдан соң сәбилердің қорғаушы періштесіне айналған дәрігердің өзі, отбасы жайлы аз-кем ақпар сұрадық. «Жетібай қаласында дүниеге келдім. 1986 жылы үш жасымда Ақтау қаласына көштік. Анам – мұнайшы. Қалаға қоныс аударған жылдары балабақшада тәрбиеші болып қызмет етті. Әкем мұнай компаниясында көлік жүргізуші болып жұмыс істеді. Қарапайым отбасынан шықтым, қазір өзімнің екі балам бар. Ал менің бұл саланы таңдауым – анамның қалауы. Бала күнімде дәрігер болуды армандамаған едім. Медицина университетіне оқуға түскен соң қызығушылығым ояна бастады. Ұлттық қауіпсіздік қызметіне барғым келген, оның оқуына да түсіп тұрғанмын. Бірақ анамның сөзін жерге қалдырмайын дедім. Бұл үшін өкінбеймін». Жоғарыда тілге тиек еткендей, Ербол Кенжевалов - бүгінде балалардың миына ота жасайтын Маңғыстау облысындағы жалғыз нейрохирург. Осы тұста «Бұл уақытқа дейін әріптестерінің ешқайсысы бұл қызметке келмегені ме?» деген сауал туындайды. «Байқаймын, мұнда ешкімнің келуге құлқы жоқ. Басқа өңірден шақыртуға оларда да маман жетіспеушілігі бар», - дейді Е.Сайлауұлы. Тәжірибелі дәрігер емдеп, ота жасар алдында әріптестерінің де көмегіне жүгінеді екен. «Ауыр науқастар түскен кезде Қойшыбай Сарғожаевқа барамын, ақылдасамын. Ол бірнеше жылдық тәжірибесі бар, білікті нейрохирург. Астана, Алматы қалаларындағы мамандармен де желі арқылы байланысып, кеңесемін. Әр баланың денсаулығы, өмірі үшін жауап бересің. Сондықтан әр отаға нар тәуекелмен кіремін», - дейді ол.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН