Ақыннан бір пікір: «Поэзияның мақсаты – адамның хайуан емес екенін есіне түсіріп отыру»
[ 2019 ] 21 қаңтар, 13:03 | Сұхбат
Осынау Маңғыстау өңірінен түлеп ұшып, барша қазаққа даңқын шығарған тұлғалар жетерлік. Соның бірі – Оңайгүл Тұржан апамыз бүгіндері қазақ поэзиясынан ойып тұрып орын алған ақын. Бір жылға жуық уақыт бұрын Елордамыз Астана төрінде кешін өткізген апамыз араға уақыт салып облыс әкімдігінің қолдауымен поэтикалық кешін туған топырағында өткізгелі отыр. Айтулы күннің қарсаңында ақын апамызбен жасаған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
- Жалпы поэзия, өлең турасында көпшілік әртүрлі пікірде. Дегенмен, бізді толғантары – поэзияның адамзат ғұмырындағы мақсаты не?
- Ең біріншіден, бір-ақ ауыз сөз, поэзияның мақсаты – адамның хайуан емес екенін есіне түсіріп отыру. Ішкі әлемді көркейтудің жолы өнермен шұғылдану. Оның үстіне заманның ағымына сай тұрмыстық сана билеп бара жатқан кезде өнер атаулының киесін біз толық ұғына алмай келеміз. Насихаттау бір бөлек те, әр адамның нәсихатты түсіне бермейтіні тағы бар...
- Дін мен дәстүрдің түйісер тұсын біліп, тұтастықты жасауда қоғам әлі де ақсаңқырап келеді. Мысалы, кейінгі кезде дінге бас қойған адамдардың көпшілігінен «Өнер атаулы - жынның дүниесі» деген сарындағы сөздерді естіп жүрміз. Көгез маңында өткен кездесуде абайтанушы Омар Жәлел ағамыз бұл сөзді растап, «мұсылман жыннан болса күнәлі іс емес» деп қосып қойды. Өзіндік ізденістерден кейін, айтылған мәселенің өзектілігіне көз жеткізіп, біраз ақпарға қанық болдық. Ол бір бөлек әңгіме, ал сіздің ойыңызды білсек?
- Ешкімнің өнерді жансақ жолға дәлелсіз балауына құқы жоқ. Сонау ықылым заманнан бері келе жатқан өнердің дәйектемелерін бәрі біледі, көне грек өркениеті, тарихы тереңде жатқан, қолжазбалары әлі күнге дейін сақтаулы келе жатқан Қытай елі, Шығыс елдері Ислам дәуіріне дейін-ақ «Мың бір түн» ертегісін жазды. Ислам әлемі орнағанда да өнер өркендемесе іркіліп қалған жоқ. Таласбек Әсемқұловтың «Рухани жалқаулық» атты мақаласы бар, сол жолдарда бұл мәселе егжей-тегжейлі жазылған. Жансақ жолға балаушылардың көбі мен білсем пендешілік жағын көрген соң айтады, халыққа пендешілік емес, өнер керек. Осыны ескерсек. Тәңір әуел баста адам ұрығына өнерді тамызған. Ғылым, білім мен өнердің жолында еңбектену де Құдайға құлшылық нышаны.
- Ел билігі мен Жазушылар одағы бірлесіп, руханият үшін елеулі еңбек атқарып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ел саясатын жүргізуде өнердің, оның ішінде поэзияның орны қаншалықты дәрежеде?
- Көшпелі ғұмыр кешкен Қазақ хандығы дәуірінің өзінде ел-жұртқа насихат жүргізіп, ханға да, қараға да кеңес айтқан жыраулар көп болды. Халық аңызға балап жүрген Қорқыт, берідегі Асан қайғы, Қазтуғаннан бастап тізе берсек болады. Ақын-жазушылар ел саясатында өзінің шығармашылығы арқылы билік өкілдеріне болсын, қарапайым да асыл халқымызға болсын жақсылықты нәсихаттап, адам болмысы жолында тәрбиелей алу арқылы елеулі. Еуропа әдебиеті былай тұрсын, әлем әдебиетіне ұлы дүниелерді аманаттап қалдырған Гете, Дж.Г.Байрон секілді өнер адамдары өз заманында саясатқа араласып, қызмет те жасаған.
- Кейінгі шақта әдебиеттегі аға буын өкілдерінің жас буынды көп сынға алып жүргенін білесіз? Біреуі қазақылықтан алшақ, біреуі пішінге бағыну керек немесе «аспан шарлап кетпеңдер» деп жатады. Бұған әдебиеттегі түрлі бағыттардың келгені де әсер еткен шығар. Десек те, біз айтқан жастар легі әдебиетті өсіріп жүр ме, өшіріп жүр ме?
- Нақты бір пікірді ұстанып алып, өзгелерге өшігу қажет емес. Жаңашылдық келсе – ол жастардың ізденгенінің жемісі. Түрлі "-измдерді" алып келсін, сынап та көрсін, түбінде жақсылыққа апарады. Жаңа ұрпақтың санасына жастар осылайша үлесін қоса алады. Ал аға буынның сын айтуы – қай кезде де жалғаса беретін үрдіс. Сын болмаса жолдан жаңылып қалуымыз да мүмкін еді.
- 2015 жылы Alashainasy.kz сайтында Есенғали Раушанов ағамыздың сұхбаты жария болды. Сонда көкеміз «айтыс қазақ поэзиясының деңгейін түсіріп жіберді, уақыт өте келе біз шындықты айтамыз (ұғамыз)» деді. Соның көрінісін бүгінгі айтыстың деңгейінен анық байқадық. Бұл бір жағынан қоғамды поэзиялық тұрғыдан сауатсыздандырып жібермей ме деп қорқамыз. Сіздің ойыңыз қалай?
- Жасырары жоқ, атадан қалған өнерді мәнсіздікке ұшыратып жіберген айтыскерлердің кінәсі. Бәрі демеймін, санаулысы ғана жөнді. Көркемдік тұрғыдан Болатбек Оразбаев, әзіл айтыста Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов секілді тауып айтатын айтыскерлер бар. Айтыстың бүгінгідей күйге ұшырағанының басты себебі – айтыскерлердің жазба ақындар секілді ізденіске түспеуі. Сахнаға шықтым, ел тыңдады, қол соқтыға салып, бей-жай қарауға болмайды.
Осылайша ақын апамыздың көңіліндегі ақыл сөзін тыңдап, ұсынып отырмыз. Гүлсина Мерғалиева режиссерлік ететін поэзиялық кеш 23 қаңтарда сағат 18:00-де Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрда өтетінін хабарлаймыз.
«Рухани жаңғырудың» бір тұсы – заман ағымына ілесе отырып, ұлттық кодты жоғалтпай, жаңа қазақтың болмысын жасап шығу. Поэзия нәрімен сусындап, қанына сөз құдіретін сіңірген жастың ел жолында жанын салуға даяр болары – хақ.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
1298
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.