Қазақ әдебиетіндегі, жалпы ұлт руханиятындағы алыптар бейнесін келешек ұрпаққа таныту – сөз өнеріне қызмет етіп жүрген әр буын өкілдерінің, тіпті ел болашағын ойлаған кез келген қазақтың азаматтық борышы деп білеміз. Биыл туғанына 175 жыл толып отырған Қашаған Күржіманұлы – өз заманында-ақ белгілі «Бес жүйріктің» бірі болған, ақпа-төкпе ақын І.Жансүгіровше айтқанда «Елдің тілі» деп бағаланған. Оның әдеби көркем бейнесін кейін Х.Ерғалиев те Құрманғазы туралы дастанында сәтті бейнелей білді. Кейінгі жарты ғасырда Қашаған туралы жоғары бағасын беріп, әдеби ортаның назарын аудартқан – Ә.Кекілбайұлы еді. Ал, бұдан отыз жыл бұрын аймақтық деңгейде Қашаған атындағы әдеби бірлестік ашып, осы бағытта шығармашылық жұмыстармен айналысқан азаматтардың да еңбегін ерекше атап өту керек. Осы орайда жақын күндері 70 жылдық мерейтойы өткелі отырған ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Айтуар Өтегеновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Өз әңгімесінен таныс болайық.
– Айтуар аға, Сіз «Қашағантану» бағытында осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын әдебиетші ретінде де, ұйымдастырушы ретінде де алғашқылардың бірі болып біраз жұмыстар атқарғаныңызды білеміз. Сол туралы өзіңізден мағлұмат алсам деп едім.
– Рахмет! Айтуыңыз рас. Басынан баяндап берейін. Мен Маңғыстау облыстық партия комитетінің шақыруымен 1985 жылдың 1 шілдесінде ашылған Бейнеу аудандық «Ленин жолы» («Рауан») газетіне редактор болып келдім. Ол кезде аудандық газеттің редакторлары облыстық партия комитетінің номенклатурасында тұратын. Өз әкімшілік-территориясында боп жатқан жаңалықтарды, проблемалық мәселелерді жазып отыратын ақпарат көздеріне шөлдеп қалған аудан халқы (құрылғанына 10 жыл болса да өз газеті болмаған) жаңа басылымды қуана қабылдады. Барлық мұң-мүдделерін редакцияға жолдайтын.
Көп кешікпей газет редакциясы жанынан әдебиет үйірмесін ашып, оған суырып салма ақын-жырау Қашаған Күржіманұлының есімін бердік. Осы мәселе жөнінде ақылдаса барғанда Бейнеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дүйсенбі Әріпов: «Қолына қалам ұстаған жастарға бағыт-бағдар беретін, әрі аудан әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға таптырмайтын дұрыс шешім екен, інім. Істерің ауқымды болуы үшін бұл мәселеге аудандық комсомол комитеті мен аудандық мәдениет бөлімін де тартқан жөн. Сонда аудан көлемінде нақты жұмыс істей алатын толыққанды, атына сай қоғамдық ұйым болмай ма?! Үйірменің бір мүшесі ретінде мені де жазып қой, аудандық партия комитетінен көмек қажет болса қысылмай сұрап отыр, іске сәт!» деп шығарып салған. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қуандық Нұрғалиев те осыны айтты. Аудан басшыларының батасын алған соң құрылтайшысы үш мекеме – редакция (редактор А.Өтегенов), аудандық комсомол комитеті (бірінші хатшысы С.Рзаев), аудандық мәдениет бөлімі (меңгерушісі М.Болысов) болып әдебиет үйірмесінің ережесін жасақтап, оны үйірме мүшелерінің жиналысында бекіттік те, іске тез кірісіп кеттік.
– Сонда үйірме жұмысын неден бастадыңыз?
– Алғашқы кешімізді Қашаған ақынның творчествосына арнауды жоспарлап, баспаханалық әдіспен шақыру билетін жасаттық, ақынның өмірбаянын, шығармашылығын талдайтын баяндамашылар, шығармасын орындайтын жыршылар іздеп, тауып белгіледік. Қазіргідей емес, ол кезде халық ақындарының өлеңдері көп жарияланбайтын да, айтылмайтын да. Яғни белсене орындаушылар сирек болатын. Аракідік Қашағанның «Есқали сұпыға айтқаны» ғана орындалатын. Өйткені бұл жыр атеистік көзқарасқа жақын, ел бұзар дүмше молданы сынап, жерден алып, жерге салатын. Қолда бар жалғыз әдебиет көзі ғалым Қабиболла Сыдиықов құрастырған Маңғыстау ақын-жырауларының «Ақберен» жинағы ғана еді. Ертеректе шыққан оның өзін табу да қиынға соғатын.
Аудандағы ақындар Уәйіс Қайралапов, Әбдібек Жаманбаев, Қаржаубай Жылқыбаев болып Қашекең жөнінде мәліметтер жинап, баяндамалар даярлауға, жыршы-әншілерге ақын өлеңдерінің текстерін тауып беруге, оларды орындауға үйретуге кірісіп кеткенбіз. Тыңғылықты дайындықтың арқасында аудандық мәдениет үйіндегі кешіміз тартымды өтті, халық көп жиналды. Жергілікті тұрғындардың жыр-термелерге құмарлығын сонда байқағанбыз.
– Маңғыстау өңірі жыр-терменің, ән мен күйдің ең бай, көп айтылған, көп таралған жері ғой. «Адайдың Бес жүйрігі», «Жеті қайқысы» атанған өнер иелерінің аттары да қайта атала бастаған кезі осы тұста ғой?
– Ия. Біздің келесі кешіміз Абыл ақынға арналды. Оған да солай дайындалдық. Ауданда ақындар айтысын өткіздік. Ал Адайдың қайқыларының әндері мүлдем шырқалмайтын еді десе де болатын. Бағдарламаға осы қайқылардың әндерін де кіргіздік. Бұрын өтіп жүрген айтыстарға әр совхоз, кәсіпорындар атынан көбіне дайын тексті жазып берген соң жыршылар түсіп, бір мақамға салып орындап береді екен. Яғни, шын ақындар Уәйіс, Әбдібек, Қаржаубай, Мұқан Мақуов өздері жазып берген тексті залда отырып рахаттанып тыңдайтын. Біздер бұл үрдісті бұзып, тек жанынан өлең шығара алатын ақындардың өздерін ғана айтыстырдық. Соның нәтижесінде ауданнан Айнахан Есетова, Сали, Сабыр Адаевтар, Көрпелиев, т.б. тәрізді айтыс ақындары өсіп шықты. Ал аудандық газеттің бетінде тұңғыш өлеңдері «Сәт сапар» рубрикасымен жарияланып, кейін республикамызға белгілі болған ақындар Бақытжан, Рахат Қосбармақовтардың, Анар Шамшадинованың, Махмұт Қосмамбетовтың, Сағындық Рзахметовтың есімдерін атасақ та жеткілікті.
– Демек, жазба әдебиетке де көңіл бөлген екенсіз ғой?
– Әдебиет бірлестігінің тындырған істері тізе берсе көп. Соның бірі жерлес жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең алаң» диалогиясының Қазақ ССР мелекеттік сыйлығына ұсынылуы кезінде аудандық деңгейде оқырмандар конференциясын өткізуіміз болды. Аудан басшысы Д.Әріпов бастап, әдебиетшілер, ақындар, кітапханашылар тақырыптық баяндамалар жасаған. Конференция соңында «Шығарма мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық» деген ұсыныс қабылдап, оны мемлекеттік комиссияға жолдағанбыз. Фариза Оңғарсынованың 50 жасын ауданда тойлауға ақынның өзін шақырдық.
– Аға, қайтадан Қашаған тақырыбына оралсақ. Еліміз Тәуелсіздік алған соң Қашаған ақынның 150 жылдығы республикалық көлемде аталып өтті ғой. Сол істерге де «Қашаған» атындағы әдеби бірлестік бастамалары түрткі болды десек қателеспейтін шығармыз?
– Дұрыс! Біздің осы алғашқы бастамамызды Ералиев (қазіргі Қарақия) ауданының партия-кеңес ұйымдары іліп әкетіп, Қашаған ақынның 150 жылдығын респубикалық деңгейде атап өту жөнінде бастама көтерді. Мұны бейнеуліктер алғашқылардың қатарында қызу қолдап, Бейнеу поселкесінің демалыс паркінде осы шараға қаржы жинау мақсатында кең бағдарламалы мәдени шара өткіздік. Онда аудан басшысы Д.Әріпов баяндама жасады, сөз сөйленді, ақындар өлең оқыды. Жырау Жақсылық Елеусіновті Қызылтөбеден арнайы шақырып, ол Қашағанның жырларын төгілте орындаған. Күні бойы ашық аспан астында жүргізілген тамаша-қызыққа халық көп қатысып (алғаш рет нарық заңына сай жеке адамдар өздері дайындаған тағам мәзірлерін, бұйымдарын жайма базар ретінде сатты), өз еріктерімен қомақты қаржы жинап, ол қаржыны облыстағы ұйымдастырушыларға табыс еткен едік. Аудандағы кеңшарлар, кәсіпорын, мекемелерге ұйымдастыру комитетінің есеп шотына қаржыларын тікелей аударттық. Бір сөзбен айтқанда игі шараға өз үлесін қоспаған ауданда бір де бір адам болмады деуге келеді. Одан бері де аттай 23 жыл өтіпті.
– «Хал сұрама, ақыннан өлең сұра» (Мұқағали) дейді. Сөзіңіздің соңында Қашаған ақынға арналған бір өлеңіңізді оқып берсеңіз.
– Қашаған ақынның өзі: «Абыл – зергер, Қашаған – ұста, Абылекеме кім жетсін?!» деген екен. Ал, мен семсер сөзді Қашекемді «Қиып түсер қылышым» деп өлең арнап едім. Соны оқып берейін:
Запыранын өмірдің, Талай-талай асаған. Жасы сексен жасаған, Өлең сөздің ұстасы, Уа, бабам Қашаған! Айтсам сөздің дұрысын Қиып түсер – қылышым, Есіп ішер – ырысым, Базарымның – пұлысың, Қазағымның дүрісің, Ұқсамайтын жүрісің, Ірілерден – ірісің, Өзгелердің татиды, Мың ісіне бір ісің, Маңғыстаудың бағына, Туған жансың жыр үшін. Қол жетпейтін өресің, Тектілікте – Төресің, Мұз жаратын кемесің, Зырқыраған жебесің, Бай-манаптар көріпті, Сенен ғана көресін. Мақтап едің оңдыра, Қасиетті домбыра, Сазды әуенге толды да, Үйіп-төкті мол мұра. Сәукелесі үкілі, Салтанат* қыз мықыны... Есқалидай сұпыны – Буындырды үкімің, Бәрі-бәрі жырланды, Кейбір беттер нұрланды, Кейбір беттер сұрланды Келген кезде ұтыры. Ашулансаң – топансың, Жарамсаққа – қаталсың, Айтысуға өзіңмен, Қай жаужүрек бата алсын. Қағылған темір қазық ең, Сыпыра жырау көзі ме ең?! Қазтуғанның сөзі ме ең?! Шыдаған сынға төзім ең?! Табыстыңдар сұңқарлар, Жыр менен күйге іңкәрлар, Ақтауда Құрманғазымен** Өжетсің-ау, өжетсің, Кейде арынды тежепсің, «Өлең сөздің зергері Абылыма не жетсін?! Деп кетіпсің, Дүлділім, Кішірейіп ағаға, Мырза болып бағаға. «Жабыспаңдар – депсің-ау, Шуылдақтар, жағама!» Қысың өтсін, жаз өтсін, «Жібек емес, бөз өтсін»- Дейтін мынау заманда, Өр мінезді Қашеке, Ер мінезді Қашеке, Жарлы, бірақ арлыға, Көл мінезді Қашеке, Дүниеқоңыз барлыға, Шөл мінезді Қашеке, Бізге аса қажетсің! Айтар болсақ өзіңше «Өлең сөздің ұстасы Қашекеме не жетсін?!»Өлеңде аты аталған Салтанат – Қашағанға ғашық болған қыз. Қашаған ақынның 170 жылдығына орай, 2011 жылы Ақтау қаласында Құрманғазы Сағырбайұлына да айбынды ескерткіш орнатылды. Екеуі кезінде бірге жүргенде, Құрманғазы оншақты күй шығарған. Бұл кездейсоқтық емес. Көзі тірісінде бірге жүрген аталарымыздың ескерткіштері де бір көшенің бойында тұруы заңдылық. Аталарымыздың рухы риза болғай!
– Әңгімеңізге рахмет, аға! Айтарыңыз да, жазарыңыз да көп болсын!
Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ, журналист