Сәби дүниеге келгенде «бесік жырымен» әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде «жоқтау» айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі жыраулар дәстүрінің алар орны ерекше. Осы ретте, таяуда жыраулар поэзиясында ойып тұрып орын алар Маңғыстау жыраулық мектебі үлкен жинақпен толықты. «Тіл таңбалы ақындар» деген атаумен жарық көретін бұл жинақта 52 шығармашылық иелерінің өлең-жыры қамтылған. Жақын күндері, «Aktau Open Fest-2016» фестивалінің алғашқы кешінде осы жинақтың тұсауы кесіледі. Ендеше, бұл қазынаның халыққа берер жаңалығы не? Маңғыстау жыраулық мектебінің жыраулар поэзиясында алар орны қаншалықты? Осы тақілеттес сұрақтар төңірегінде «Тіл таңбалы ақындар» 5 томдық жинағын шығарушы, ақын Әнуар Бимағамбетпен әңгіме өрбіткен едік.
Маңғыстау жырауларының шығармалары қамтылған жаңа жинақ жарық көрді
- «Тіл таңбалы ақындар» жинағын шығару туралы ой қайдан келді? Жинақтың шығуына атсалысқан азаматтар кімдер? - Әдетте кітаптың басылып шығу жұмыстарын ғана сөз етеміз де, оған дейінгі құрастырушының тынымсыз еңбегі мен мігірсіз машақатын ұмытып кетіп жатамыз. Сөзімді әріден бастайын. Бұл еңбектің баспаға дейінгі жұмыстары кемінде 10 жыл бұрын қолға алынған болатын. Маңғыстау ақын-жыраулары мұраларының алғаш хатталуы, ғылыми айналымға ену кезеңдеріне кейін тоқтала жатармыз. Дәл осы кітапқа жыраулар мұрасын жинақтаудың басында марқұм Жетібай Жылқышыұлы атамыз тұр. Сондықтан кітаптың негізгі жинақтап құрастырушысы ретінде осы кісінің аты көрсетілді. Жалпы, көптомдық жинаққа үлес қосушылар саны бір кісімен шектелмейді. Тұтас бір шығармашылық ұжым еңбек етті десек қателеспейміз. Оның ішінде: Қабиболла Сыдиықұлы, Светқали Нұржан, Елдос Еміл, Сұлтанбек Құдайберген, Ақылбек Өтеш секілді әдебиет нұсқаларын жинақтаушылар бар. Кіріспесөзде осы кітапқа атсалысқан барлық дерлік азаматтардың аттары аталған. Көзі тірісінде Әбіш аға Кекілбайұлы, Фариза апаларымыз да осы мұраларымызды жинақтау жұмыстарына бас-көз болып отырды. Көне жыраулар шығармаларының тарихилығын зерттеген филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілеповтің, ақын-жырауларымыздың тілдік ерекшеліктерін зерттеп, мәтіндік сараптама, лингво-стилистикалық, этимологиялық сипаттама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бибіайша Нұрдәулетованың да еңбектерін атап өткеніміз жөн. - Жинақ қанша дана болып жарық көрді? Қай ғасырдың ақын-жырауларын қамтиды? - «Тіл таңбалы ақындар» жинағы ұлттық әдебиетіміздің төрінен орын алатын Маңғыстау ақын-жыраулары шығармаларының антологиясы іспеттес. Өгізбай, Абыл, Нұрым, Ақтаннан бастап, барлығы 52 шығармашылық иесін қамтыған жинақта үш ғасырдың үні бар. Жинақ 5 томнан тұрады, 130 баспа табақ көлемінде. Әзірге 1000 данамен жарық көрді, бірақ мұнымен шектеліп қалмайды деп ойлаймын. –Қай кітаптың болмасын, атауы тұтас мазмұнын ашуға сеп болады. Осы тұрғыда «Тіл таңбалы ақындар» деген кімдер, бұлай аталу себебі неде деген заңды сұрақ туады... –Ұлы түбек – Маңғыстауды ежелден ен жайлаған біздің ел «тіл таңбалы адай» деп аталулы. Мысалы, белгілі «Асау-Барақ» тарихи жыр-дастанының авторы Тілеумағамбет («Қу молда» атанған ақын) Аманжолұлының өлең жолдарында төмендегідей шумақтар бар:…Мұнан басқа тағы да
Аттанды батыр Адайдан
Жәрдем сұрап Құдайдан.
Аттанады бас болып
«Тіл таңбалы Адайдан»
Желбіретіп ту байлап,
Ер Бараққа қосылған.
Сол сықылды, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы 1936 жылғы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігіне аттанар алдында, Орал қаласында өткен іріктеу өнер байқауының қорытынды концертін ашарда сөзінің басын: «Тіл таңбалы Адайдың» ақынымын» деп бастаған. Бұлтуралы Хамит Ерғалиевтің естелігінде айтылады. Құрастырушылар да жаңа кітапқа әуел баста «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» деген ат беруді жөн санаған. Себебі кітапқа енгізілген шығармалардың авторларының бәрі Адай ұлысының ұрпақтары. Кейін кітап баспаға тапсырылар кезде, шығарушылардың «Тіл таңбалы ақындар» деген атауды қолай көруінің де басты себебі осында. – Жинақтың бұған дейінгі шыққан кітаптардан ерекшелігі неде? –Кітапта көптеген белгілі және беймағлұм авторлардың шығармалары мен өмір деректері бұған дейін жария болмаған мұрағат құжаттары, үнжазбалар мен қолжазбалардың негізінде толықтырылып берілді. Сонымен бірге, кейбір ақын-жыраулардың бұрыннан сақталып қалған жеке фотосуреттері жаңартылып, кейбірінің бейнелерін берудемаңғыстаулық суретшілер Алтынбек Тілегенов пен Келімберді Сарбасовтың ел аузындағы баяндау тәсілімен салған нұсқалары пайдаланылды. Бұған дейінгі 1995 жылы жарық көрген «Жыр-Дария» кітабында 25 ақынның шығармалары қамтылса, бұл жолы 52 ақын-жыраудың еңбегі енді. Шығармаларда кездесетін діни сөздердің мағыналары анықталып, көне түркілік, кейбір арабы-парси мәтін-cөздерге түсінік берілген. Кітап кез келген оқырман үшін түсінікті, жатық тілде жазылған. Рухани мұраға қызыққан адам бұл жинақтаната-бабаларымыздың сөзінің нәрін, азаттықты аңсаған арзу-арманын,діні мен ділін бойына сіңіре алады. –Демек, кітап терме, жыр орындаушылар үшін «Маңғыстау жыр мектебінің» негізгі оқулығына айналады ғой? –«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» деп текке айтылмаса керек. Қазір республикада әнші, жыршылардың біздің өңірдің жыр орындаушылық дәстүрін үйренуге қызығушылығы жоғары, тіпті «мен» деген әншілердің өзінде бір шығарма маңғыстаулық мақаммен айтылатынын байқаймыз. Дегенмен, өлең жолдарында қате көп. Ақтан, Сүгір, Қашаған термелері, «Көкмойнақтың үйірі» сияқты тұтас Адай елінің шежіресін өздеріне қарай икемдеп өзгертіп алып, айтып жатқанда, авторлардың еңбегін қор қылғандай әсер қалдырады. Өкінішке қарай, жыр, толғау, термелердің қазақ өнеріндегі алар орны,қазіргідей жырды – мерейтой иесіне арналар мадақсөздің жиынтығыдеп, жыршылықты –жаңа түскен келіннің бетін ашуға пайдаланатын құрал деп қана қабылдайтын заманда, бұл еңбектің, әсіресе бүгінгінің жыршысына, орындаушыларына таптырмас азық екендігі анық. Тіпті, жыршы кім, жырау кім, екеуін айыра алмайтын деңгейге жеттік. Осы орайда, бүгінгі жаңа буын, жас талап жыршылардың осы өлшеусіз еңбекті ерінбей өз пайдаларына жаратқанын қалар едік. Әйтпесе, 2-3 жырмен жарқ етіп, тыңдаушының маңдайы енді тепши бастағанда, тақ-тұқ репертуарымен домбырасын құшақтап, тартып барататындардың қатары тымжиілеп кетті.Кітап тек орындаушыларға ғана емес, әдебиетші, мәдениеттанушы, өнертанушы ғалымдарға, жалпы жыр сүйер қауымға арналады. –Соңғы жылдары орындаушылар арасында сөз бұрмалау, сөз ұрлау, мақамын өзгертіп айту жөнінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Бұл кітап осы мәселелердің шешімін табуға бағыт беретін болар? –Мақам мәселесі өз алдына бөлек тақырып. Бұл бағытта да жұмыстар жасалып жатыр. Ал, сөз бұрмалауды болдырмауға кітаптың пайдаға асары анық. Өйткені, мұнда бірқатар сөздері толық емес, немесе өзге авторға телініп кетіп жүрген жырлар өз иелеріне қайтарылды. Олар және негізсіз емес, қолда бар нақты қолжазбалар мен үнжазбаларға сүйеніп түзетілді. Сондықтан, бұл кітап шыққаннан кейін орындаушылар өз репертуарын бір қарап, түзетіп алса, артық етпейді. Шығарма өз авторымен бұрмалаусыз айтылып, кейінгі ұрпаққа дұрыс жетіп жатса, жинақты құрастырушылардың мақсаты орындалды деген сөз. –Өлең жолдарының қазіргі буынға бұрмаланып жетуінің себебі неде? –Маңғыстау жыраулық мұрасының ғылыми айналымға кешеуілдеп енуіне географиялық алшақтығынан бастап, біраз факторлар әсер етті. Бұрын жырды қағазға түсіру, үнтаспаға жазу сияқты заманауи үрдістер кемшін болды. Жыр, терме-толғаулар бүгінгі дәуірге ауызша жетті. Сондай-ақ, бұрмалану себебі кеңестік цензураға да байланысты. Бұл өңірдің ақын-жыраулары «Сөздің басы –бісміллә, Бісмілләсіз іс қылма...» деп, аузын ашса, алдымен Құдайды, шариғатты, дінді айтқан. Ол да кеңестік солақай саясатқа жақпады. Осы жерде Маңғыстау мұраларының жиналуы, сақталуы, жарық көруі, ғылыми айналымға түсуі хақында деректер беріп, азырақ шолу жасап кеткеннің артықтығы болмас. Маңғыстаулық жыр мектебі үлгілерінің алғаш жарияға шығып бастауы В.Радлов еңбектерінен көрініс береді. Оның «Образцы народной литературы», «Образцы киргизской поэзии» кітаптары 1875 жылы Орынборда жарық көрген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі Маңғыстау жыраулары шығармаларының баспа жүзін көруі «Сана» журналында (1924 ж. Ташкент,) Абылжыраудың «Арғымақатта сын болмас» толғауыныңжариялануынанбасталады. Бұлардан соң да көптеген кітаптар басылды. Бірақ олардың дені жекелеген бір шығармашылық иесіне арналды немесе Маңғыстауда өмір сүрген ақын-жырауларды деректерінің қолға түспеуінен жеткілікті қамти алған жоқ. Жалпы, бүгінгі таңдағы қолда бар мәліметтерді барынша толық қамтыған іргелі жинақ осы деуге болады. –Жинақты жастар фестивалі аясында жарыққа шығарғандағы мақсатыңыз қандай? –Бұл көптомдық Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында жарық көріп отыр. «Aktau Open Fest» фестивалі бұған дейін жастардың арасында салауатты өмір салтын, спорт, заманауи субмәдениет түрлерін насихаттауды мақсат етіп келсе, биыл Маңғыстау жыраулық поэзиясының 5 томдық антологиясын ұсыну арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық бастау-қайнарымызға оралуын, ата-баба мұрасына адалдық, сөздің қасиетін, жыр өнерін, кітап мәдениетін бойларына сіңіруін көздедік. Бізде басқа талап, бөтен мақсат жоқ! Атаулы мерекеге әркім әрқалай жетістіктерімен келеді. «Пәлен тонна мұнай өндірдік», «зәулім ғимараттар салдық», «зауыт тұрғыздық»деп жар салатын кеңестік ұрандардан гөрі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына маңғыстаулық ақын-жыраулар мектебінің жауһарларын ұсыну маңыздырақ болар.Оның үстіне, зерттеушілердің арасында «Әдебиет – Азаттығымызға бастаған басты рухани құрал болды» деген пікір бар. Осы жинақтың басылып шығуына демеушілік көрсеткен облыс басшылығына, ниеттестік танытып, әріптестік қолдауын білдірген «Не хабар?!» республикалық басылымына алғыс айтамын. Ары қарай бағамдап, баға беруші – мәртебелі оқырман болмақ. Тек насихаттау жағы әлсіреп қалмаса екен. Фестивалді тамашалауға келетін қонақтар рухани мұрамызбен сусындап қалса деген ниет, тілек қой біздікі!Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ