©
Мұқым мұсылман жұртының ұлық мейрамы — Құрбан айттың алғашқы күні оқылатын айт намазына асыққан жамағат облыстық Бекет ата мешітіне жиналды. Мерекелік мінәжат үшін келген мұсылмандарды облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтап, әр отбасына амандық-саулық, береке-бірлік тілеген игі лебізін жеткізді.
- Бұл мереке Алланың разылығы үшін құрбандық шалып, садақа беріп, дұға-тілек тілейтін күн,-деді өңір басшысы.-Сонымен қатар бұл күні қайырымдылық істер жасап, жағдайы нашар жандарға қол ұшын созып, рухани дем беріп, адамзатты бейбітшілік пен ынтымаққа шақырады. Ендеше ниеттеріңіз қабыл болсын! Тәуелсіз Қазақстан–халқының негізгі бөлігі мұсылман ел ретінде ислам дүниесімен тығыз байланыс орнатып, бауырластар ортасында биік бедел жинады. Әр жылымыз қасиетті болса, биылғы жыл Егеменді еліміз үшін ерекше жыл, ата-бабаларымыз аңсаған, аналарымыз армандаған Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Жыл басынан бері үлкен іс-шаралар өтуде, алып нысандар ашылып, жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуде, осының бәрі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналуда. Бүгінгі ұлық мейрам–Құрбан айт баршамызға құтты болсын! Әр уақытта жақсылығы мол болсын. Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын.
Әкімнің құттықтауынан кейін жамағат Құрбан айт намазын оқыды. Маңғыстауда ұлық мереке осылайша басталып, алғашқы құрбандық жанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Смайл Сейтбеков Құран оқыды.
Облыс әкімі және мешітке келушілер Құрбан айт мейрамына арналып тігілген үйлердегі мерекелік дастарханнан дәм татты. Спортқа жаны құмар жігіттер күш сынасып, мерекенің сәнін келтірді. Ал өздері құрбандық шалатын мұсылмандар арнайы бөлінген орындарында мал сойып, уәжіп болған қасиетті бір міндетін орындауға кетіп бара жатты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсріген Талант ҚҰСАЙЫН