Жаңаөзен қаласында жыл сайын өткізілетін туберкулезбен күрес айлығы басталды. Дәстүрлі айлықта туберкулез ауруының алдын-алу мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Жаңаөзен қалалық емханалардың туберкулез бөлімінің бөлім меңгерушісі Несіпгүл Ағатайқызы Аралбаева болған сұқбатымыздан білетін боласыздар.
- Несіпгүл Ағатайқызы, қала бойынша туберкулез ауруымен ауратын қанша адам тіркеуде тұр? - Қала бойынша туберкулез ауруымен 2015 жылы 68 адам тіркеуде тұрды. Оның 3-уі бала, 9-ы жасөспірім, 56- сы ересек адамдар. Ал 2016 жылы 70 науқас тіркелді. 4-еуі бала, 5-еуі жасөспірім, 61-ересек адамдар. Өкінішке орай, бұл қуантатындай көрсеткіш емес. Алайда соңғы он жылда туберкулез ауруымен науқастанғандар саны әлдеқайда азайды. Әсіресе балалар арасындағы аурушаңдық 80-90 пайызға азайды. Бұл дәрігерлеріміздің еңбегінің көрсеткіші деп ойлаймын.
- Аурудың алдын алу үшін қандай іс-шаралар өткізілуде? - Біз жыл аяғында аурудың алдын алу мақсатында арнайы жоспар құрамыз. Жыл басынан бастап сол бойынша жұмыс істейміз. Қаламызда жыл сайын 24 ақпаннан 24 наурызға дейінгі аралықта туберкулезге қарсы айлық өткіземіз. Осы жылы да бұл шара өз жалғасын табуда. Сіздерге күрес айлығында өткізілетін іс-шарадан бұрын адын алу шарасының түрлері туралы айтып өткенім жөн болар. Меди¬цина саласында туберкулезбен күрестің алдын алу шараларының жалпы 2 түрі бар. Олар: спецификалық және спецификалық емес. Спецификалыққа егу мен химия-профилактикалық емдеу жатады. Ал химияпрофилактикалық алдын алу шарасы деп науқастармен қатынаста болған жұқтырылған балалар арасында алдын алу шаралары. Спецификалық санитарлы алдын алу мақсаты - сау адамдардың туберкулез микробактериясын жұқтырмаудың, жеке гигиенаның барлық ережелерін сақтау және оқу орындарының оқушыларын, мекеме қызметкерлерін жинап, дөңгелек үстел ұйымдастыру, арнайы ақпараттандыру дәрістерін оқу жатады. Біз осы дертпен күрес айлығында шараның екінші түрін қолданамыз. Мектептерге, колледждерге барып дөңгелек үстел жасап, оқушылардың ата-аналарына туберкулезге қарсы екпе жөнінде ақпараттандырамыз, мекемелерге барып арнайы дәрістер оқып, ақпараттандырып, қойылған сұрақтарына жауап береміз. Ал ауруды ерте анықтау мақсатында қауіпті топтардағы науқастарды жинап, жыл сайын флюрографияға түсіріп бақылап отырамыз. Сонымен қатар мекеме қызметкерлерін жыл сайын медқараудан өткізіп, рентгенге түсіреміз.
- Дәрігер ретінде жаңаөзендіктерге қандай кеңес бересіз? - Ең алдымен мен тұрғындарымызға бұл ауруға атүсті қарамауларын сұраймын. Бұрын туберкулез ауруымен ауырған науқастарды бөлек, қала сыр¬тында арнайы емханада қарайтын болса, қазіргі күні туберкулез бөлімі қала ішіндегі емханаға көшірілді. Әрине, бұйрықтың аты бұйрық. Алайда дәрігер ретінде бұл жағдай мені қатты алаңдатады. Өйткені, науқастар жазылып кеткенше қоғамдық орындарда болмағаны дұрыс. Сонымен қатар біз той-мереке жиі жасайтын халықпыз. Осындай жиындарда ас 5-6 адамға ортақ бір табақпен тартылады. Ол табақтан 5-6 адам қол салып тамақтанады. Бұл дегеніміз ауру жұқтыру қаупі тым жоғары деген сөз. Бұл тек туберкулез ауруы ғана емес, кез келген жұқпалы ауруды жұқтыру қаупі жоғары. Сол себепті, заманға сай мүмкіндігінше әрбір адамға жеке ыдыстар беріліп, бөлек ыдыстан тамақтанғандары жөн. Сонымен қатар барша жаңаөзендіктерге айтар кеңесім туберкулезге қарсы екпені уақытында алыңыздар. Әрдайым спортпен айналысып, қоғамдық және жеке гигиенаны сақтаңыздар. Дұрыс тамақтанып, таза ауада жиі серуендеңіздер. Сондай-ақ бөлме ауасын тазартып тұруды ұмытпаңыздар. Туберкулезбен ауыратын адамдар уақытында қаралып, емін алып отырса, толықтай емделгенше біздің қадағалауымызда болса өзіне де қоғамға да қауіп төнбес еді!
- Сұхбатыңызға рақмет!
Жанар ПОЛАТОВА