©
Сот билігі – еліміздегі басқа билік салаларынан дара, өз қызметінде тәуелсіз әрi кесiмдi шешiм айтатын ерекше орган. Елбасының «Судья - халықтың айрықша таза әрі кіршіксіз ары» деп соттарға баға беруі, оның қара қылды қақ жарған судьяларға сенім артуын көрсетсе керек. Бүгінгі таңда елімізде сот-құқықтық реформалар қарқынды жүзеге асырылуда. Сот жүйесіндегі жаңалықтармен танысу мақсатында Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Садықовпен сұхбаттасқан едік.
-Сот жүйесін реформалауда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының маңызы зор. 2016 жылдан бастап бес сатылы сот жүйесі үш сатылы сот жүйесіне көшті. Осы туралы толығырақ тарқатсаңыз.
-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқына ұсынған бес институционалды реформасы - Қазақстан дамуының басты кепілі. Бағдарламаның бір бөлімі түгелімен заң, сот саласына арналып, сот қызметін заманауи ағымға сай жетілдіруге бағытталған. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 16-қадамында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру үшін сот жүйесіндегі инстанцяларды оңтайландыру көзделіп, бес сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) сот жүйесінен үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу болатын. 2016 жылдан бастап халық сот сатыларына бұрынғыдай бес рет емес, қажеттілігіне қарай үш рет жүгіну құқына ие болды. Бірінші сатыдағы сот аудандық сот болса, екінші немесе апелляциялық сатыдағы сот облыстық сот болып табылады. Осы сатыда қаралғаннан кейін үкім немесе шешім заңды күшіне енеді. Яғни, азаматтарымыз өз облысының көлемінде екі сатылық сотқа ғана қатысады. Ал, үшінші саты – кассациялық саты бұл жағдайда заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексереді. Үш сатылы сот жүйесіне көшу бүгін ғана ойлап шығарылған нәрсе емес. Оның үстіне, үш сатылы сот жүйесі бұрыннан халықаралық тәжірибеде қолданылып келеді. Сондықтан, өзіңіз айтып отырған үш сатылы сот жүйесінің артықшылықтары көп. Біріншіден, сот шешімдерінің тез шығуына үлес қосады. Екіншіден, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмай, сот істерінің созбалаңға салынуына жол бермейді. Сот сатыларының бес сатыдан үш сатыға азаюы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге мұрындық болмақ. Бұрын бірінші сатыдағы қаралған істер бойынша ескі заңға сәйкес сот шешімдеріне тараптар шағым немесе арыздарын он бес күннің ішінде берулері қажет болса, қазіргі жаңа заңға сәйкес, бұрынғы он бес күн бір айға ұзартылды.
-Өмірзақ Дәулетиярұлы, 2015 жылы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің қолданысқа енгенін жақсы білеміз. Әкімшілік жазаның түрлері туралы айтып өтсеңіз?
-Әкімшілік жаза – әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны үшін қолданылатын жауапкершілік шарасы. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін тағайындалатын жаза әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларға сәйкес болуы керек. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, құқық бұзушының жеке басы, оның кінәсінің дәрежесі, мүліктік жағдайы, яғни әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән жайлар ескеріледі. Бір тұлға екі, не одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасағанында, әрқайсысы үшін жеке-жеке жаза қолданылады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін. Атап айтсақ; ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу, арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау, қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу, әкімшілік қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.
-«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20-қадамына сәйкес барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу тапсырылды. Айтылған мәселелер өзіңіз басқарып отырған Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотта қаншалықты шешімін тапқан?
-Иә, өте орынды сұрақ. Бүгінде, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында бұл мәселе оң шешімін тауып, барлық сот залдары дыбыс-бейнежазба құрылғыларына толықтай қосылып, әрбір сот отырысы «тайға таңба басқандай» бейне және үнтаспаға жазылу арқылы өтуде. Әрине, бұл қағазбастылықтың алдын-алып, судья мен сот хатшысының жұмысын біршама жеңілдетті. Осындай заманға сай технологиялардың сот саласына енгізілуі заңның үстемдігін қамтамасыз етері даусыз. Сот билігінің халық үшін ашық, қолжетімді, жариялықты ұстануы маңызды. Себебі, халық заңға сеніп, әділеттілікті қадір тұтса, бұл елдің дамығандығының көрсеткіші деп ойлаймын. 2016 жылдың 12 айында қаралған 7259 әкімшілік істердің 896 немесе 12,3 пайызын дыбыс жазба және 5279 немесе 72,7 пайызын бейне жазба жүйесін пайдалану арқылы қаралған. Жалпы 2016 жылдың 12 айында бейне және дыбыс жазба құралын қолдану арқылы қаралған істер 86 пайызды құрайды.
-Судьялардың VII съезінде жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Жаңа кодексте қандай жаңашылдықтар бар?
-Этика - бұл қоғамдағы адамның, белгілі бір дәрежедегі топтың, қоғамдық немесе қызметтік топтардың мінез-құлық әдептерінің ережесі болып табылады. Елімізде судьялардың әдеп құндылықтарына қойылатын талап жоғары екендігін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, заң атынан әділеттік ету сеніп тапсырылған судьялар үшін Судья әдебі кодексі зор маңызға ие. Судьялар әдебі кодексінде судьяның мінез-құлық принциптеріне басты назар аударылып, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданды басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі нақты көрсетілген. Судья сот билігінің беделін түсіретін, абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде оның әділеттілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен бойын аулақ ұстауға тиіс екендігіне кеңінен мән берілген. Тіпті, жұмыстан тыс, өзге уақыттарда да қазының мінез-құлықтары мен сыртқы келбеті оның қызметіне сәйкес болып, қызметін өзінің жеке басының қамын күйттеуге немесе отбасы мүшелерінің мүдделері үшін пайдаланбауға тиіс екендігі кодексте егжей-тегжейлі жазылған. Беделіне кедергі келтіретін көпшілік орындарға бару, ішімдік ішу, құмар ойындарымен әуестену, мейрамхана, казиноларға бару - судья әдебіне қайшы көріністер.
-Жаңа қабылданған заңға сәйкес, судьялыққа үміткерлерге талап қатайды. Судья халықтың ары демекші, бүгінгі судьяға қойылар талап туралы айтып беріңізші.
- Хакім Абай «Аллаға азанды бол, ағайынға қазанды бол, халқыңа әділ бол» демекші, басты мақсатым - әділеттікті бәрінен биік ұстап, шындықты анықтау. Сырт көзге судья болу оңай көрінгенімен, жауапкершілігі өте жоғары. Себебі, әрбір шығарған үкім, шешіміміздің арғы жағында адамның тағдыры тұрады. Сотқа әділдік іздеп жүгінген жандар шығарылған шешімге көңілі толса – бұл маған үлкен қуаныш. Судьялыққа талаптың қатаюы құптарлық. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 17-қадамы судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілігін көтеруге бағытталған. Басты талап – сот істерін жүргізуде 5 жылдық еңбек өтілі міндеттеліп отыр. Бұл жаңа өзгерістер арқылы судьялар жұмысының күрделі және жауапты екендігін көреміз. Судьялыққа талапкерлердің кәсіби қабілеті мен іскерлік шеберлігін тестілеу жүйесі арқылы анықтауға болатыны айтылған. Тест жүйесі – қазіргі заманғы әлемдік деңгейдегі ұтымды жүйе. Бұл тест арқылы жас үміткердің білімін жан-жақты тексеруге болады. Судья болу үшін бұрын 25 жас жеткілікті болса, қазір ол 30 жасқа ұзартылды. 30 жаста кез келген адам оңы мен солын ажыратып, ақыл тоқтады емес пе?! Сондай-ақ, судьялыққа үміткерлер бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Осы орайда, тағылымдамадан өтіп жатқан кезде үміткерге бір жылдық шәкіртақы төленетінін айтып кеткен жөн. Бұл - Елбасымыздың жастарға деген ерекше қолдауы. Судьялыққа үміткер үшін тағылымдаманың берер тәжірибесі зор ғой. Судья боламын дегендер осы талаптардан толық өтіп, жауапкершіліктің дәмін сезініп, негізгі жұмыстың маңыздылығын осы аралықта түсінуге мүмкіндігі бар. Сонда ғана олардан өз мамандығын сүйген, кәсібіне берілген шебер судья шықпақ. Қорыта айтқанда, сотқа төрелік ету – кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еншісінде болмақ. Мұндай талаптардың барлығы судьялар жұмысының санын емес, сапасын арттырып, сот жүйесін нығайта түсетіні сөзсіз. «Тура биде туған жоқ» демекші, кез келген судья атына кір келтірмеген жөн деп білемін.
-Өмірзақ Даулетиярұлы, өзіңіз басқаратын сот ұжымының өткен жылдың қорытындысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
-2016 жылдың 12 айында 7305 әкімшілік іс түсіп, барлығы 7310 әкімшілік істі құраған. 7260 тұлғаға қатысты 7259 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралған. Қаралған әкімшілік құқық бұзушылық істердің 398 яғни 5,4%-ы қысқартылған, оның 212 немесе 56% әкімшілік құқық бұзушылық ісі тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты, (оның ішінде 86 (40.5%) әкімшілік құқық бұзушылық іс медиация тәртібімен қысқартылған), 11 немесе 2.7% әкімшілік құқық бұзушылық ісі әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты, 168 немесе 42.2% әкімшілік құқық бұзушылық ісі құқық бұзушылықтың құрамының болмауына байланысты қысқартылған. 5 әкімшілік құқық бұзушылық Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 32-бабына сай қысқартылып, тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін жолданған. ҚР ӘҚБтК бойынша лауазымды тұлғаның қаулысына шағым келтіру 45- тарауына сай 293 шағым түсіп, 201 мәнімен толық қаралған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша лауазымды тұлғаның іс-әрекетіне шағымдану, яғни 44-тарауына сай 45 шағым түсіп, 31 мәнімен толық қаралған. 2016 жылдың 12 айында 121 әкімшілік құқықбұзушылық істерге шағым келтіріліп, апелляциялық сот алқасына уақытылы жолданған. Сот кабинеті арқылы түскен әкімшілік істер саны – 7305 болды.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбат дайындаған – Ханым ҚУАТ