– Күріш аға, өмірбаяныңызбен танысып отырсақ, Ақтөбенің сауда техникумын (1960), Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) жоғары сауда мектебін (1968) және Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген екенсіз. Мұның бәрі есеп-қисаптың айналасында. Ал өнер жолындағы алғашқы бағытыңызды өз аузыңыздан естіп білсек.
– Бізге өнер анамыздың сүтімен, әкеміздің қанымен біткен деп айтуыма болады. Біз сондай отбасында өстік, әкеміз жеті ағайынды болған, жетеуі де домбыра тартып, ән-жыр айтатын. Шешеміз де әнге құмар, бала күнімізден бері далада жүрсе де, үйдің қызметінде де ыңылдап, ескі әндерді айтып, құлағымызға сіңіріп өсірді. Сондықтан болар, үйімізге қонақ келсе, әкеміз өлең айтады, домбыра тартады. Сол тәрбиені көріп өскендіктен өнерге әуес болдық. Сәттіғұл, Шамғұл, Алымдарды көріп өстік. Мектеп сахнасына шығып жүріп, көркем үйірмелерге қатыстық. Халық шаруашылығы саласында қызмет істеп, біржола өнердің соңына түспегенімізбен, одан ажыраған жеріміз жоқ. Осы уақытқа дейін жиын-тойларда, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың бәріне де қатысып жүрміз. Еркеғали Рахмадиев ағамыз консерваторияның директоры, Жоғарғы Кеңестің депутаты болып тұрған кезінде үйімізде болып: «Шырағым, консерваторияда қал, біз айлық төлейміз, отбасылы екенсің, пәтер тауып берейік. Сенің өнерің халыққа керек. Қазір жассыңдар, бағаламайсыңдар», – десе де тыңдамастан, елдегі жасап жүрген қызметімізді жалғастыра беріппіз. Бірақ өнер мен қызметіміз егіз, қатар жүрді. Сондықтан көп ажырай қойған жоқ сияқтымыз. Енді егде тартқан шағымызда өнерден қашықтаумыз. Бірақ ақыл сұрап, тәрбие сұрап келетін жастар, әншілер болса, оларға қуана-қуана көмектесеміз, бұлдап қалар түгіміз жоқ. Колледждерге барып, ән мектептеріне барып, дәріс оқып, сұрақтарына жауап беріп, кез келген уақытта телефонмен не үйіме келіп сұраса да қолымыздан келгенше ақылымызды айтып, қолпаштауымызды жасап жүреміз.
– Қазақтың бес дәстүрлі ән мектебі бар екен. Сол барлық өңірдің мақамын бір өнерпаздың жетік меңгеруі мүмкін бе? Ол да түрлі аймақтың төл табиғаты секілді құпия құбылыстарға толы боп келеді ғой?
– Бір адамның бойына олардың барлығы бірдей біте беруі мүмкін емес. Осы ғұмырымызда көзіміз көрген кісіміз – Ғарекең, Ғарифолла Құрманғалиев. Сол кісі Арқаның әнін де, Ұлы жүздің әнін де, Кіші жүздің әнін де, Орта жүздің ән мақамдарын да сол аймақтың өнерпаздарынан артық орындамаса, кем білмес еді. Ол енді асқан өнер иесі ғой. Оған тең келетін, Ғарекеңдей адам жоқ, Мұхит болмаса, бірақ оны өзіміз көрген жоқпыз.
Мәселен, өнер әр жердің табиғаты сияқты адам баласына тән, оның өсіп-өнуі – ортасына байланысты. Біздер қанша әншіміз десек те Ұлы жүздің керемет әндері мен Орта жүздің мақамы бөлек әндерін өз деңгейінде айта алмаймыз. Жыр мектебі, терме мектебі дейтіндер бар. Терме мектептері бүкіл Қазақстанда, ал жыр мектебі негізінен Қызылорда мен Маңғыстауда басымырақ. Басқа өңірлерде көп насихатталмаған. Қызылорда мақамдары мен Маңғыстау мақамдарының екеуі екі түрлі. Қайырмалары, орындау шеберліктері... мынау төмен, мынау жоғары екен деп бағалайтындай бізде жағдай жоқ. Себебі, олардың мақамын толық жатқа білмейміз. Сондықтан әр жердің табиғатына байланысты, әр жердің өмір сүру ортасына байланысты бұл өнер. Мысалы, даланың айқай әндері, әсіресе, біздің Батыста. Бір өлең шумағында бар ғой, әлгі (әндетіп):
[quote font="tahoma" font_style="italic"]«Құйқасын шымырлатқан паң даланың, Даусыңды ести қалсам, таң қаламын. Япырм-ай, ести алмай жүрміз әлі, Қайда әлгі бала күнгі арман әнің?!»[/quote]
Сол сияқты, табиғаты қаталдау жердің әнінің айқайы да қаттырақ болатыны заңды. «Құйқасын шымырлатқан паң даланың» дейді... ондай паң дала сондай айқайды талап етеді. Солай қалыптасып, өседі.
– Алайда Ғарекеңдердей мыңнан біреу талғап-талғап шықпаса, қазіргі кезде жастарға оны дәріс қылып оқытқанымен бұл өнерпазды жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін дейтіндер де бар.
– Бірден олай деуге болмайды, өнерпаз тұла бойына өнерді жинаған сайын, дамытып, тереңдеткен сайын оның тынысы ашыла береді. Қай жерде болмасын өзінің қырымен, сырымен көріне алады. Мәселен, Шығыстың әнін Батыстың әншілері келістіріп айта алмайды деп айтуға болмайды дейтінім – Ғарекеңнің мысалы ғой. Ғарекеңнің әндерін де жақсы орындайтын әншілер бар Алматыда. Тамаша әншілер. Оларды да кем деп айтуға болмайды. Бірақ күнделікті тыңдап жүрмегесін, қайталап отырмағаннан кейін ол қасиет көмескілене береді. Өзінің туған жеріндегі, өзінің табиғатындағы қалпындай болмайды.
– Біздің өңірде ғана сал-сері азаматтарды «Қайқы» дейді де, әйел өнерпаздарды «Сәйкі» деп атайды. Сол Адайдың Жеті қайқысының әндерін барынша насихаттап жүрсіз. Менің ойымша, біз Жеті қайқы деп жалпылама атай саламыз да олардың әрқайсысын жеке-жеке тани алмай келеміз. Бұл өте күрделі сауал болуы мүмкін. Бірақ «Біз айтпасақ, кім айтады?» деген бар ғой. Сол Жеті қайқының бір-бірінен ерекшелігі, тіпті үндестігі, өнер жолдары туралы бөлек-бөлек өзіңіз кеңірек тоқталып өтсеңіз...
– Шындығында да Жеті қайқының жетеуі де бір-бір төбе. Биік тұлғалар. Олардың өнердегі өрнектері де бөлек. Соның ішінде нағызы – Тастемірдікі, Шолтаманның әндері...
«Екеу-екеу мінгестік тал кемеге, Екеу қалай сиямыз тар немеге», – деп басталатын әні бар ғой, сол қандай шырқаумен, қандай тыныспен басталатынын өзің білесің. Я Тастемірдің Маңғыстауды сағынғанда шығарған «Маңғыстау» әні... Сондай биік деңгейдегі әндер. Досаттың әндері лирикалық сағынышқа толы, «Босмойыны». Сол «Босмойынның» шығу тарихын әркім әртүрлі айтады. «Босмойын» деген – бүркеншік есім. Соған сәлем айтып жолдайтын әні ғой. Бір жылы Ойылда болған Көкжар жәрмеңкесіне барып, байлармен, билермен бірге болып, әр ру өз алдына үй тігіп, жәрмеңке ұйымдастырып, әнші, жыршы, күйші, палуандары мен алтын қабақ ататын мергендері де, атбегілері жүйріктерімен барып бақ сынасып, демалып, көңіл көтеріп қайтатын сауық орыны ғой. Соған біздің түбектен барған аталарымыздың үйіндегі күтушісімен жақсы көрісіп қалған Досекең келер жылғы жәрмеңкеде тағы да көрісерміз деп уәде беріп кетіп, келесі жылы елде той ма, ас па болатын болып, бара алмай қалады. Содан біреу арқылы айтып жіберген сәлемі ғой «Босмойын» әні. Сағыныш, наз сияқты келісім бар бұл әнде де. Осылай жалғаса береді...
– Ал енді Қайып туралы әңгіме бөлек. Өткен жылы Ілия Жақанов ағамызбен бірге Ақбөбек-Қайып оқиғасы өткен өңірлер – Құландысай мен Қайыптың туған жері – Самдағы Қорабай жидесіне барып телехабар дайындадық. Сол күнгі жиында (ішінде Қайып ұрпақтары да бар) Ілия Жақанов бір мәселе көтерді: «Бұл жерде ешқандай қайың жоқ сияқты. Бірақ оқиға осында өткен. Ал сонда Қайыптың «Қайыңдыдан ән салдым құлап тұрып» дегені қай Қайыңды? Меніңше, ендіден бастап бұл әнді «Құландыдан ән салдым құлап тұрып...» деп бастаған жөн сияқты» деп ұсыныс айтты. Сондағы бір топ ел ағалары, әнші ұрпақтары да оны Құландысай жырасы болар деп ұйғарды. Өйткені сол маңдағы жалғыз құлама – сол Құландысай жолы ғана еді. «Қайыңдының» талас туғызатындай тағы бір мысалы – Қабиболла Сыдиықұлы өз зерттеулерінде «Ән салдым Айрақтыдан құлап тұрып...» деп келтіреді. Біз сол күнгі сұхбатты телехабарды да «Ән салдым Айрақтыдан құлап тұрып...» деп атадық. Бірақ кейін оны жер-жерде үлкендерден сұрастырып жүрміз. Қайып әндерін өмір бойы орындап келе жатқан белгілі әнші ретінде өзіңіз не дейсіз бұл туралы?
– Олары дұрыс емес, жер атауларын жөнді білмегендік бұл. Күні бүгінге дейін Қайыңды дейтін құдық бар. Үстірттен құлаған тұста Манатаның биігі бар. Соның оң жақ бұрышында ескі құлама жолдың ізі жатыр. Қазір трасса салып тастаған. Соның бойында әдемі тұщы сулы құдық бар. Ертеде ол жерде жалғыз қайың өсіп тұрады екен. Марқұм, біздің әкелеріміз, олардың ағалары, Шамғұлдар, басқалары да айтып отыратын. Бірақ ол қайыңы қазір жоқ, құдықтан күні бүгінге дейін мал суарылады.
Ал Құландысай Бейнеудің арғы жағындағы терең сай. Онда тіпті құлайтын жөнді жол да жоқ. Көріп жүрміз ғой. Қайыптың туған жері сол маңдағы қорасы, құдығы, жидесі бар, ол Жарқұдық дейтін жер. Беріде Қорабай жидесі деп аталып кеткен. Солардың қыстауы болған. Қайып әке-шешесімен сол жерде отырған. Жазда елге келе жатқанда Маңғыстаудың бойында Кетіктің жәрмеңкесі бар, басқалары бар, Үстірттен шығып келіп түнімен сәуір салып отырып, Қайыңдыға келіп, таудан бір қабат түседі де таңертең атын суарып, өзі де жуынып-шайынып, түстік жерге дейін 25 шақырым жердегі Есекқырған, Боздақ деген суларға жетіп қалу үшін ертерек шығып келе жатып, ән салады ғой. Қайыңды дәл сол биікте. Тек таудан бір қабат құлай берген тұсында. Содан ән салған Қайыптың, Досаттың дауыстары ойда отырған елдегі ауылдарға жетеді екен. Сонда ауылдың қыз-келіншектері тезек терген болып, бір-бір қапты арқалап алып алдынан шығады. Кім бұрын күтіп алса, солар сері әншілерді үйіне қонақ қылып, олар халықты бір көңілдендіріп кетеді екен. Ел де жадырап қалады. Әншінің де мерейі өседі.
– Бұл да жаңағы өзіңіз айтқандай, маң даланың қасиетінен бойға біткен дарын ғой. Әлгіндей біліп-білмей бұрмалаушылық кездесе береді. Оны осылай паш етпек лазым. Сол ән мәтіндерінде кездесетін қателер туралы жиі-жиі сындар айтылады. Бірақ өзгерістер байқап жүрген жоқпыз. Оған бір кісідей өздеріңіз, алдыңғы буын ағалардың ықпалы жүретінін сезінетін шығарсыз?
– Мен бір ғана мысал келтірейін, Жаңағы Қайыптың әнінен.
[quote font="tahoma" font_style="italic"]«Қайыңдыдан ән салдым құлап тұрып, Қызыл шарқат ойнадық лақтырып. Айтқан сөзі қалқамның естен кетпейд, Үзеңгіге сүйеніп жылап тұрып...»[/quote]
Осыны біреулер «Кер бестіге сүйеніп» деп айтады, тілінің орамына қарай, көңілінің орамына қарай бұрмалап алған. Қыз ер адамның аяқ салып отырған үзеңгісіне асылып келіп, жылап тұрды деген – мәні келіңкірейді. Ал қазіргі жас жігіттер ақыл-ойының жеткен жеріне қарай «түзеп» алып айтып жүр. Мұндайларды құлағың салбырап отырып тыңдап, үндемей кете беруге болмайды. Әннің әуені мен сөзі – сол заманның көрінісі болады. Мысалға, қызыл шарқат орамалды қыздар салады бізде. Осындай олқылықтар көп әндерде бар. Біз шамамыз келгенше, ауызымыз жеткенше айтып жүреміз. Дұрыс әншілеріміз сұрағанды еш айып көрмейді. Айгүл Қосанова – қызымыз, Сәуле Жанпейісовалар – Маңғыстауда туып-өспеген, бірақ қазақтың маңдайына біткен, Батыс ән өнерінің жұлдызы биік өнерпазы. Солар телефонмен сұрап алып, «Мына сөзі қалай, аға?» – деп ақылдасып, көрген жерде де сұрап жүреді. Өзіміз жасымыз жетпіске жетсе де алдымыздағы үлкендердің білетіндерін сұрап алуға тырысып жүреміз. Менің орындауымдағы көптеген әндердің сөзі мен сазындағы қателіктерін түзеп берген Сержанның әкесі Шәкірат шал. Оның өзі еңгезердей ұзын бойлы келісті адам еді, марқұм: «Әй, Күрішжан, халық арасында өлең айтып жүрсің ғой, Досаттың мына қайырмасын сәл кем қайырдың. Мына тұста ана сөзді былай айтып кеттің», – деп, Тастемірдің әндерін де, басқа әндерді де түзетіп, толықтырып отыратын. Біз оған өкпелемейміз, қайта қателігімізді дұрыстайтын адам болғанына қуанамыз. Себебі ол халықтың қазынасы ғой. Өзінің құндылығын, әдемілігін, сұлулығын, жарасымдылығын елге әдемі қылып қайтарып беру керек.
– Әрине! Осы ел ішінде әні түгілі аты ұмытылып бара жатқан немесе сирек орындалатын шығарма авторларынан кімдер бар? Ел көп біле бермейтін...
– Жырмен қатар тамаша ән де тудыра білгендердің бірі Ыбырайымұлы Шамғұл еді. Жетібайда Ізбасар Шыртанов екеуміз ол кісіден көптеген нәрселер үйрендік. Оның төл әндері бар еді. Бірақ біз кәсіби музыканттар емеспіз, нота білмейміз, соларды қағазға түсіріп алмаппыз. Өзімен бірге кетті. Үлкен баласы бар еді, Есмадин дейтін ағамыз, жақсы саздарды білетін еді. Ол да ерте қайтыс болып кетті. Және жақсы күйлер тартып, сөздердің мәнін келтіріп айтып отыратын Алым Жаңбыршин еді. Ол ағамыз да шаруашылықта жасағанымен өнерді бағалайтын, дұрысын айтып, бұрысын сынап отыратын. Сол ағаларымыздың барын жалғастыра алмай қалғанымыз бар, ол надандығымыз ба әлде жастық-мастығымыз ба? Көбі қалды. Тіпті Шамғұлдар кейбір жерде: «Сен білмейсің-ау, шырағым, баяғыда Қашаған он алты жасында Орта жүздің Зілғарасына тап болыпты. Зілғара сексеннің бесеуіне келіп отыр екен. Аттың үстінде көзін жұмып алып ән бастап, аяқталғанда бір-ақ ашатын адам екен. Соның мынадай әнін үйреніпті»,- деп Зілғараның әнін айтып отыратын:
[quote font="tahoma" font_style="italic"]«Басынан доғал жардың жауар жауын, Білмедім сексен бестің ауру-сауын. Басыңа шауып шығар Зілғара жоқ, Тұрмысың адыра қалып, Көкшетауым?!»[/quote]
Осыны әдемі қылып салатын еді Шәкеңдер. Мұндай әңгімелер жалғасын таба алмай қалды, өкінішке орай. Бізде сірә жоқ. Орта жүздің әншілерін қанша тыңдап жүрсек те әлі кездестіре алмадық.
– Қабекең – Қабиболла Сыдиықұлы Ізбасар аға екеуіңізге: «Іздеріне шәкірт ертпей жүр, олары дұрыс емес», – деп қынжылыспен кеткен көрінеді. Қазір қалай? Міндетті түрде дәріс бермесеңіз де үлгіңізді айтып жүрген өнерпаз жастар, ізбасарларыңыз жоқ па?
– Біздің артымыздағы жас өнерпаздарды көп біле бермейміз, бірақ Жеткізген Сейітов пен Амандық Көмек інілеріміз бар. Соларға жас кездерімізде қолымызда барын айтып, түсіндіріп жүрдік. Олар қазір әнге де, жырға да бірдей өнер иелері болып қалыптасты ғой. Бізде күні кешеге дейін музыка мектебі деген болған жоқ. Енді ашыла бастағанда біздер егде тартып, арамызды алшақтатып алдық. Одан кейінгі жастар арасында ән айтып жүрген Рухия Батыршиеваларға, Ақмарал Ерімбетоваға білгенімізді айтуға тырысамыз.
– Аға, енді бізге бір тамаша әніңізді тарту етсеңіз...
– (күліп) Әндердің бәрі тамаша ғой, тек қазір орындаушысы тамаша болмай тұр. Жылгелдінің «Құнан нарын» орындап берейін.
P.S.: Күріш аға ән бастады: «Бір әнді сатып алдым құнан нарға, Берейін оны айтып құмарларға. Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды, Жас келіп қартайған соң амал бар ма?»
Байқаймын, осы әнді соңғы кездері жиі орындап жүр. «Арнасы бар да өзі жоқ бұрынғы ащы айқайдың» (Нартай) дейтін баяғы әншілердің өкініші біздің шалда да бар сияқты. Бірақ жас кезінен-ақ өнерімен елге еленді. Берерін көпке берді. Енді қарттықтың өзі бақыт сияқты. Халықтың ықыласына бөленіп, кейінгінің қызығына кенелгеннен артық не бар, сірә? Бұйырса, бұл тақырыпта келесі бір сұхбаттың сәті түскенде сұрармын.
Сұхбаттасқан – Бақтыбай ЖАЙЛАУ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы, «Сұрағандарың сөз болса...» бағдарламасы Ақтау қаласы, 2009 жыл