Мұнайлы ауданы Маңғыстаудағы халық ең көп шоғырланған мекен. Аудан құрылғанда мұнда 40 мың тұрғын болса, қазір оның саны 140-мыңнан асып жығылады. Аудан орталығы Маңғыстау ауылы халық саны жөнінен Атамекен (37500), Басқұдық (28500) елді мекендерінен кейінгі үшінші орында тұр.
Таяуда мұнайлылықтар Маңғыстау ауылының 50 жылдығын тойламақ. Осы мақсаттағы жұмыстар әлі де пысықталып, нақты қай күні мерекеленетіні әзірге жұмбақ. Жарты ғасырлық тарихты қамтитын қазыналы кітап, еңбек адамдарына төсбелгілер дайындалуда екен. Ауыл әкімі Қалқатай Өтемұратовпен сұқбатымыз халық игілігі үшін жасалған, қолға алынған жұмыстар, «Ауыл ажары» айдары төңірегінде өрбіді.
─ Қалқатай мырза, ауылға әкім боп сайланғаныңызға екі жылға жуықтап қалыпты. Сіз келгелі ауылда қандай жаңалықтар болды?
─ 2015 жыл Маңғыстау ауылы үшін өте табысты жыл болды. Себебі, Маңғыстау-5 елді мекенінде 280 орындық балабақша іске қосылды. Маңғыстау-1 ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілді. Биыл 24 пәтерлі төрт қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары басталды. Бұйыртса келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демей ме.. Осы күні баспанасы бар адам шынында да бақытты адамға айналды. Жалпы, жағымды жаңалық көп. Ауыл туралы да қысқаша айта кеткенім жөн шығар. Бұл ауылдың құрамына Маңғыстау-1-2-3-4-5 тұрғын үй массивтері кіреді. Ауылда 4364 аула, 63 көп пәтерлі үй бар. Халық саны соңғы статистикалық мәліметке сәйкес 28373 адамды құрап отыр. 4 білім беретін мектеп, 7281 оқушы бар. Оның ішінде 1460-ы Басқұдық ауылынан тасымалданып оқытылады. 5 мемлекеттік, 4 жекеменшік, 2 мектеп жанындағы шағын тәрбие беру орталықтарында барлығы 1353 бала тәрбиеленуде. Ауылымыз халыққа қажетті негізгі энергоресурстармен, соның ішінде электр энергиямен, жылумен және газбен толықтай қамтылған. Ауыз сумен көп қабатты үйлер және Маңғыстау-1, 2 тұрғын үй массивтері қамтамасыз етілген.
─ «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында қаржы бөлінді дедіңіз?
─ Иә. Маңғыстау-1 тұрғын үй массивін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстарына былтыр бөлінген 167 млн.теңгеге мердігер мекеме «НұрЖолҚұрылыс» ЖШС-гі жүргізген болатын. Қазіргі уақытта «Маңғыстау жылу» МКК аталған тұрғын үй массивінде орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындарымен екі жақты келісім шартқа отырып, құбыр арқылы ауыз су берілуде. Сонымен қатар, Маңғыстау ауылында орналасқан 15 кварталға және «Шапағат», «Есмамбет» көшелеріне 120 млн.теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Маңғыстау-3, 4, 5 тұрғын үй массивтеріне ауыз суды құбыр арқылы жеткізу мақсатында жобалық сметалық құжаттама жасақталды. Мемлекеттік сараптамасы алынғаннан кейін бұлар да қаржыландырылуға ұсынылатын болады.
─ Осы жылы ауданымызда жол жөндеу жұмыстары да қарқын алған сыңайлы?
─ Ия, ауылдағы мәселелердің бірі осы ауылішілік жолдар. Олардың жалпы ұзындығы 80,8 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальт жолдар – 13 шақырым, қатқыл табанды жолдар 24, 60 шақырым. Маңғыстау-3, 4 елді мекендеріне былтыр 15 шақырым жол тартуға ЖСҚ жасақталған болатын. Биыл соның үш шақырымына қаржы бөлініп, қазіргі таңда Маңғыстау-3 ауылының бір көшесі және Маңғыстау-4 ауылының үш көшесіне асфальт жол төселінді. Қалған жұмыстары қаржының бөлінуіне қарай жалғасын табатын болады. Маңғыстау-5 елді мекеніне де 15 шақырым асфальт жол тартуға ЖСҚ жасақталып, биыл мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл да қазір бюджеттік қаржыландырылуға ұсынылды. Қаржы бөлінсе, ол ауылға да 15 шақырым жол тартылатын болады. Сондай-ақ, сметалық құны 73,2 млн. теңгені құрайтын Маңғыстау-4 тұрғын үй массивіндегі №11 мектебінен орталық асфальт жолға дейінгі ұзындығы 523 метр шақырым жолды асфальттау құрылысының ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес мердігер мекемені анықтау конкурсы аяқталып, құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Бұл жұмыстар да биыл толықтай аяқталып, тапсырылатын болады. Маңғыстау-1,2 тұрғын үй массивтерінде автокөлік жолдарын төсеу мақсатында ЖСҚ жасақтауға қаржыландыру көздері қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, 2015 жылы Маңғыстау-5 тұрғын үй массивіне баратын ұзындығы 3,4 шақырым жолды және Маңғыстау ауылы №45 тұрғын үйдің артынан бастап аудандық емханаға қарама-қарсы жолды да асфальттау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Осыларға қоса ауылдың ішіне тротуар төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралар. Мәселен, ауыл тұрғындарының жаяу қатынауына қолайлы жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы төселіп, халық иелігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табуы үшін ұзындығы 1,9 шақырым тротуар төселген. Енді биыл 3,4 шақырымға қаржы бөлініп, қазір жұмыстары жүргізілуде. Бұл да жыл аяғына дейін төселіп, жұмыстары аяқталатын болады. Бұл жұмыстар бірінші кезекте мектеп, балабақшалардың айналаларына және ауылда орналасқан әлеуметтік нысандарға қарай кіретін жолдарға төселуде. Қазір Маңғыстау-4 елді мекеніне төселді. Маңғыстау-2 ауылы жаққа да төселіп жатыр. Бұждан бөлек, халықтың сұраныс, өтініштері ескерілуде. Мысалы, балаларымыздың мектепке баруы қиын, осы көшеге тартып берсеңіздер деп келуші тұрғындардың өтінішіне орай, айтқан жерлерін барып қарап, зерттеп, егер мүмкіндік болса, сол көшеге тартып беріп жүрміз. Және де биыл өздеріңізге белгілі, вокзал маңын кеңейту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына қаржы бөлінді. 3200 шаршы метрге көлік тұрағы кеңейтілді, жаяу жүргіншілер жолының жиектері ауыстырылды, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қазір толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл да осы уақытқа дейінгі халықтың көп сұраған мәселесі болатын. Себебі, пойыздың келіп-кету уақыттарындағы кептеліс көп еді. Сондай-ақ, Маңғыстау ауылындағы бұрынғы «Жеңіс алеясы» аталатын орталық паркке қайтадан абаттандыру, жарақтандыру жұмыстары толығымен жүргізіліп, ол да биыл аяқталды. Қазір қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
─ Бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуда «Балапан» бағдарламасының рөлі басым. Бұл тұрғыдағы қуанарлық жаңалықтар қандай?
─ «Балапан» бағдарламасына келетін болсақ, ауылымыздан жекеменшік 4 балабақша салынып жатыр. Соның 2-еуі биыл тапсырылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Маңғыстау-2,3 ауылдарынан 140 орындық 2 мемлекеттік балабақшаның құрылысының ЖСҚ-ы мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс жұмыстарының жобасы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын есебінен салынатын инвестициялық жобалар тізіміне енгізілді. Қаржыландыру бағытына қарай бұл жұмыстар да іске асатын болады. Сөз реті келгенде айта кетерлігі, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылда 150 орындық аурухана құрылысының ЖСҚ-ы жасақталып, бюджеттік тапсырмасы берілген болатын. Құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы 3 млрд.368 млн. теңгені құрайды. Жыл сайын ауылда сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. 1000-ға жуық тал және 500-дей гүл шоғы отырғызылып, жасыл желектерге су құю, қураған ағаштар мен шөптерді жою жұмыстары жүргізілді.Ал, ауылдың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуші «Самғау-Құрылыс ЛТД» ЖШС-не 56 000 млн.тг бөлініп, аталған мекемеде 46 қызметкер жұмысқа қабылданып, көшенің тазалығын сақтау бағытында жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің шығатын тұрмыстық қалдықтарды шығарушы «Мұнайлы-Сервис» ЖШС-гі 9 арнайы көлікпен ауыл ішінен 9450 м3 қатты тұрмыстық қалдық шығарған болатын және бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда. Қазіргі уақытта ауыл бойынша тұрмыстық қалдық қоқыстарды салуға арналған жәшіктер саны 500 дананы құрайды. Жарықтандыру бойынша 2500 дана көше жарық шамдары бар. Тағы да тартатын жерлер бар ауылда, бұларға қазір «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына ұсыныстар берілді қаржыландыруға. Ауылымызда ветеринариялық пунктте 1 ветеринарлық фельдшер мен 1 санитар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ауыл көлеміндегі бақылаусыз жүрген қаңғыбас иттерді аулау мақсатында автокөлікпен және пневматикалық қарумен қамтамасыз етілген, арнайы қызметкерлер биылдың өзінде 1000-ға жуық ит ауланып отыр. Төтенше жағдайларда халықты хабарландыруға, мерекелік кездерде көңіл-күйлерін көтеру мақсатында биыл Маңғыстау селосы аумағындағы көшелерге дыбыс ұлғайтқыштар орналастырылды. Бұл жұмыстарды әлі де жалғастыратын боламыз.
─ Жоғарыда өзіңіз айтқкандай, «үйсіз адам күйсіз адам»... Баспана мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
─ Шынында, бұл жағынан кенде емеспіз. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін 12 пәтерлі 8 тұрғын үй және 24 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игіліне берілді. Сонымен қатар ауылымызда биыл 24 пәтерлі төрт қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары басталды. Келесі жылы аяқталатын болады. Сонымен қатар, ауылымыздың орталығы Маңғыстау ауылы екендігін ескере отырып және көптеген халық игілігіне қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың барлығының ауылымызда орналасуына байланысты бюджет саласының қызметкерлеріне арнап 100 орындық жатақхана құрылысын салу үшін ЖСҚ-ы мемлекеттік сараптамадан өткен болатын. Құрылыс жұмыстарының жалпы соммасы 912 203 млн.теңгені құрайды. Аталған жоба жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын есебінен салынатын инвестициялық жобалар тізіміне енгізілді. Негізінде, Маңғыстау ауылы бойынша өзекті мәселелердің бірі - пайдалану мерзімі өткен көп қабатты 52 тұрғын үй мен барақ типтес үйлердің техникалық жағдайы болып отыр. Аталған мәселе еліміздің барлық өңірлерінде орын алады. Бұл мәселені шешу мақсатында республика деңгейінде «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» жасақталған болатын. Қазіргі таңда бұл бағдарлама аясында №41, 45, 48, 50 тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған бағдарламаны одан әрі жалғастыру мақсатында №6, 10, 22, 37, 39, 40, 42, 43, 86, 99, 104 тұрғын үйлер кондоминиум объектілері ретінде Әділет басқармасында тіркелген болатын. Ал, №22, 39, 40, 42 және 43 көп пәтерлі тұрғын үйлердің құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюджеттік тапсырмасы әзірленуде. Бағдарлама бағытын тұрғындарға түсіндіру жұмыстары аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп жалғасын табуда.
─ Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған нысандар туралы да тоқтала кетсеңіз?
─ Елбасы орта және шағын бизнесті дамытудың қажеттілігін ешқашан назардан тыс қалдырған жоқ. Керісінше, үнемі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өз бизнесін дамытуына мол мүмкіндіктер жасауда. Мәселен, қазіргі таңда Маңғыстау ауылында 200-дің үстінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркеліп, 1000-ға жуық ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды. Әр жексенбі сайын «Салтанат» базарында, әр сәрсенбі сайын «Жібек жолы» базарында жәрмеңке ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, ауыл аумағынан «Жанарыс» ЖШС-гі тігін фабрикасының құрылысын салып, 300 адамды жұмыспен қамту мақсатында жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.
«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында ауыл бойынша барлық орталық құбырлар толықтай ауыстырылды. Барлық үйлерге уақытылы жылу қосылды. 60 градуспен жылу келіп тұр. Тек қана №1 орта мектеп пен №2 туберкулез ауруынан сауықтыру балабақшасы жылуды орталықтандырылған жылудан алып отыр. Ауылда МАЭК-тің жылуы 15 шақырым жерден келгенше жолда жылуды көп жоғалтады. Яғни, МАЭК-тен шыққан жылудың 30 пайызы жолда жоғалып кетіп отыр ғой, оның қаржысының бәрін халықтың мойнына ілмей, Маңғыстау-Жылу өзі төлеп отыр. Осыларды шешу мақсатында ауылдан 10 автономдық котьелдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта тұрғындарға жиналыс өткізіліп, ертеңгі жылуға төлейтін қаржысының қанша болатындығы, қазіргі МАЭК-нен арзан болатындығы, сапасының жоғары болатындығы түсіндірілді. Биыл тұрғындар МАЭК-тің жылуын пайдаланады, келесі жылдан бастап автономдық қазандық жылуына көшетін болады.
─ Түсінікті. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
─ Алда Маңғыстау-3,4,5 елді мекендеріне ауыз су жеткізу. Ауылішілік жолдарды асфальттау жұмыстарын жалғастыру, тротуарлар салу, келесі жылдары орындық, «урналар» орнатуды жоспарлап отырмыз. Ал, ауыл тұрғындарын ауылдың тазалығын сақтауға, абаттандыру, көгалдандыру мәселелеріне ат салысуын сұраймын. Аулаларының сыртын ақтап, тал егіп қойса нұр үстіне нұр болар еді.
─ Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болғай!
Әсел ТАҢАТАРОВА
СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАППАҚ
Су - тіршілік көзі. Себебі, алғашқы тіршілік судан басталады. Біз сияқты Түрікменстан, Өзбекстан жақтан көшіп келген ағайындардың дені егіншілікке үйренген.
Өзім де жеміс ағаштарын егемін. Дегенмен, олар шелекпен құйған судан нәр алмайды. Мал шаруашылығы сияқты, егіншілік те табиғаттың, ауа-райының, судың жағдайына байланысты дамиды. Ертеректе, совхоздың бас маманы болған кезімде Амудариядан келетін тегін суға мақта егетін едік. Ал, қазіргі суымызды ауық-ауық құдыққа құйдырып аламыз. Онда да жаздың күндері бір айға үш көлік су да түтпей қалады. Бұрын ауылымыздың көп жерінде осы мәселе көлденең шығып жүрді. Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, аталған мәселе келесі жылдың басында шешімін табады екен. Өздеріңізге де белгілі, су құбырлары тартылып, тротуарлар төселіп жатыр. Вокзалдың төңірегі тегістеліп, көлік тұрақтары көз тартып тұр. Ауылда жаңа дүкендер, мейрамханалар, тігін шеберханалары ашылып, жастар жағы жұмыспен қамтылуда. Мұның барлығы егемендіктің арқасы ғой. 250 орындық заманауи үлгідегі емхана халыққа қызмет көрсетуде. Әкімдерге ризамыз. Мерекелік кештерде көңілімізді аулап, дастарқан жайып, концерттер ұйымдастырады. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді де назардан қалдырмай, қал-жағдайларын білуге барып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, халықтың жағдайы жақсы. Егемендігіміз мәңгілік жасай берсін.
Сәрсен САБЫТАЕВ Маңғыстау ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы
ТАЗАЛЫҚҚА БӘРІМІЗ ЖАУАПТЫМЫЗ
Біз үшін биылғы жылдың басты жаңалығы – ауыз судың тартылғаны болды. Үйімізге су тартып, балалардың мектепке қатынауына қолайлы жаяу жүргіншілер жолын салып, халықтың жағдайын жасап баққан ел азаматтары – аудан, ауыл әкімдеріне алғысым шексіз.
Десек те, мені ауыл тұрғындарының көше тазалығына бей-жай қарайтындығы қынжылтады. Үйімнің артында тұрған контейнерді де сол үшін алдыртып тастағанмын. Ендігі тұрғындар көшенің басында тұрған қоқыс жәшігіне баруға ерініп, күнделікті тұрмыстық қалдықтарын бұрынғы менің үйімнің артына лақтырып кетеді. Немесе қай жер қолайлы болса, кімнің үйінде адам жоқ болса, сол жерге тастап кете береді. Сондай тастанды қоқыстармен күресуден-ақ шаршадым. Ауланың тек іші емес, сыртының да таза, жинақы тұрғанын өзім қалағаныммен қоқыс тасушы көліктер бұған асықпай, апталап келмей қалады. Тазалықты айтып, тұрғындардың бәріне бірдей түсіндіру қиын. Сөз реті келгенде айтарым, «Тазалық – саулық негізі», - дейді дана халқымыз. Ауыл ажарын ашуға бәріміз жұмыла жұмыстанайық.
Бұрышгүл МЕДЕТБАЕВА Маңғыстау-1 ауылының тұрғыны