©
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қыдырберді Бековпен жасаған сұхбатты ұсынамыз.
Қыдырберді Әндірұлы! Жалпы аудан бойынша, биылғы жылда қанша адамды оқытып, қанша адамды жұмыспен қамтыдыңыздар? Нақтырақ санмен дәлел келтірсеңіз?
— Жыл басында тіркеуде тұрған жұмыссыздардың саны 953 адам болатын. Бұдан 474 адам тұрақты жұмыспен, 243 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 253 адам қоғамдық жұмыстармен қамтылып отыр. Жастар іс тәжіриебесімен 81 жас маман тәжірибеден өтіп,оның 19-ы тұрақты жұмыспен қамтылды. 1-қазандағы жағдай бойынша тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 499 адам, оның 233-і жастар. Аудандағы белсенді тұрғындардың санына шаққанда жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайызды құрайды.
— «Ерсай» ЖШС-нің «ТенизШеврОйл» ЖШС-нің кеңейту жобасына байланысты, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асуда?
— «Теңізшевройл» компаниясының кеңейту жобасы бойынша «Ерсай каспиан контрактор», «JanDig-S» және «СтамГазСтрой» ЖШС-іне аудан, ауыл тұрғындарын жұмысқа тарту бағытында барлық ауыл әкімдеріне хат жазылып, ауыл тұрғындарымен арнайы кездесулер өткізілді.Ауыл орталықтарына хабарландырулар ілініп, баспасөзге хабарлама берілді. Құрық ауылында хабарлама тақтайшасы орнатылып,онда жұмысқа қабылданған және сынақ тестісінен өтпей қалған азаматтардың тізімдері жариялануда.
Ауданда жұмыссыздық мәселесін шешу және ауыл тұрғындарын «Теңізшевройл» компаниясының кеңейту жобасы бойынша, «Ерсай», «JanDig-S» және «СтамГазСтрой» ЖШС-і арқылы жұмысқа қабылдату бағытында мүмкіндіктер барынша іске асырылуда.
«JanDig-S» және «СтамГазСтрой» ЖШС-інде жаңадан ашылатын жұмыс орындарына байланысты сұранысты қанағаттандыру мақсатында, Қарақия аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы дәнекерлеуші, монтаждаушы, стропальщик, электрик, арматурщик, матрос, геодезист, маляр мамандықтары бойынша барлығы 608 түйіндеме жолданды.
— Қарақия ауданы аумағында біршама инвесторлық компаниялар бар. Жұмыс берушілер мен жұмысқа орналасушылар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуде жергілікті басшылықтың ролі қандай?
— Өткенде біраз жұмыссыз азамдар: Инвесторлар жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдағысы келмейді, тесті тапсырғанда әділетсіздік орын алған, — деп шағымданғандықтан, аудан әкімі осы мәселемен тікелей өзі айналысып, тестілеу комиссиясының құрамына жергілікті билік пен қоғамдық кеңес өкілдерін қосқан еді. Әділбек Құлынтайұлының тапсырмасы бойынша, жұмыспен қамту бөлімінен, аудан мәслихаты мен қоғамдық кеңестен өкілдер барып, тестілеуге қатысты. Жергілікті өкілдердің көзінше ондай алалау, әділетсіздік жасау байқалмады. «JanDig-S» ЖШС-не түйіндеме бойынша көрсетілген мамандыққа жұмысқа жіберілген жұмыссыз азаматтардың 70-і өкінішке орай, тесті сынағынан өтпей қалды. Сондай- ақ, 11 адамның сынақ тапсыруға келмей қалуы,14 адамның сынақтан бас тартуы, 62 адамның телефон соққанда жауап бермеу жағдайы,134 адам сұраныс берушінің талаптары мен еңбек тәжірибелері сәйкес келмеуі қатарлы жағдайлар орын алды. Жұмысқа қабылдау үшін өткізілген тестілеу сынағына 11 адам келмей қалды.14 адам жұмыстан бас тартты. 62 адам телефон соққанда жауап бермеді. 134 адам сұраныс берушінің талаптары мен еңбек тәжірибелері сәйкес келмеуі салдарынан жұмысқа қабылданбай отыр.
— Сондай-ақ, Саршадағы «Парольді кешен» құрылыс жұмыстарында осы ауданнан біраз адам жұмыс жасайды. «Найза құрылыс концерні» басқа өңірден болғасын ба, барлық жұмыс күшін бізден қабылдамай отыр. Осы жұмыс көзін тиімді пайдаланып, жергілікті тұрғындар үлесін арттыруға жұмыстанып жатырмыз. Құрылыс жұмыстары аяқталғасын 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.Сол кезде, әрине, өз ауданымыз тұрғындарының тұрақты жұмысқа орналасуына басымдық таныту үшін күш салатын боламыз.
— Қарақия ауданының жұмыссыздарын ең бірінші кезекте қабылдау туралы өтінішті аудан әкімі қадап айтқан еді. Жалпы аудан аумағындағы инвесторлық компанияға жұмысқа қабылданғандарда жергілікті тұрғындардың үлесі қанша?
— «Теңізшевройл» компаниясы кеңейту жобасы бойынша «Ерсай», «JanDig-S» және «СтамГазСтрой» ЖШС-іне 493 адам қабылданса, оның 359 адамы немесе 73 пайызы Маңғыстау облысының тұрғындарының үлесіне тиіп отыр. Облыс бойынша қабылданған 359 адамның 203-і немесе 56 пайызы Қарақия ауданының тұрмыс жағдайы төмен отбасы мүшелерінен қабылданған. Азаматтарды жұмыспен қамту бағытында негізгі басымдықты Құрық ауылына беру көзделді. Қарақия ауданынан жұмысқа қабылданған 203 адамның 140-ы Құрық, 50-і Жетібай, 12-сі Мұнайшы ауылдарынан және біреуі Сенек ауылынан.
Бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамтылған 493 адам болса, оның ішінде Қарақия ауданынан 203, Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан 122, Мұнайлы ауданынан 23, Жаңаөзен қаласынан 4, Түпқараған ауданынан 5, Маңғыстау ауданынан 1, Бейнеу ауданынан 1 адам жұмысқа орналасқан. Басқа облыстардан барлығы 134 адам жұмысқа қабылданған.
Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауы негізінде жергілікті кадрларды дайындау мақсатында Жетібай және Мұнайшы ауылдарындағы жүмыссыз азаматтар «Ерсай» компаниясының «Кәсіби оқыту орталығы» арқылы дәнекерлеуші және монтаждаушы мамандықтарына оқытылып, халықаралық деңгейдегі сертификат алған 61 адамның 43-і алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылды. Қалған 18 адамды жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасуда.
Қыркүйек айынан бастап «Ерсай» ЖШС-інің «Кәсіби оқыту орталығында» 50 адам монтаждаушы мамандықтары бойынша оқытылуда. Оқу процесі екі ауысыммен жургізілуде.Оқуды бітірген жастар міндетті түрде Ерсай компаниясына жұмысқа қабылданатын болады.
— Иә, жасалған шаруа көзге көріне ме? Дегенмен, жұмыссыз адам әлі бар ғой. Алдағы мақсат-міндеттеріңізге де тоқтала кетсеңіз.
— «Ерсай» ЖШС-інен «ТенизШеврОйл» ЖШС-інің келешек кеңею жобасына байланысты, 400 дәнекерлеуші және монтаждаушы мамандықтарына кәсіби даярлауға сұраныс түсті.Атап айтканда, 2016 жылы барлығы 270 адам оқытылатын болады. Соның ішінде 160 адам дәнекерлеуші,110 адам монтаждаушы мамандыктары бойынша оқиды.Оқу процесі қазан айында басталады.Дәнекерлеуші мамандығына оқитын 100 адам 2017 жылға оқуын жалғастырады.
Ал,2017 жылы 130 адам монтаждаушы мамандығына окытылады.Аудан бойынша 315 жұмыссыз жастар дәнекерлеуші мамандығына оқуға ниет білдіріп тіркелді.
Құрық селосының 20 жұмыссыз азаматы дәнекерлеуші және монтаждаушы мамандығы бойынша 3- қазаннан бастап «СтамГазСтрой» ЖШС-нің Құрық селосындағы базасының оку тренингіне тегін окытылмақ. Тренинг қортындысы бойынша сынақты жақсы азаматтар «Ерсай» компаниясына жұмысқа қабылданатын болады.
Иә, әр істің есебі бар. Бірақ, жұмыспен қамту сынды күрделі мәселені шешуге дәлел мен дәйек ғана жеткіліксіз. Нақты атқарылған шаруа ұшан-теңіз. Жыл басындағы тіркелген жұмыссыздың жартысынан астамы жұмысқа қамтылды. Қалған азаматтар да кезегімен оқытылып, жұмысқа тұрар. Бірақ, солардың барлығын расымен, екі қолға бір күрек таба алмай жүр,- дей алмаймыз. Оған аталған мәліметтер дәлел. Әрине, инвесторлардың тарапынан жіберілген қателер түзетілді. Тестілеу сынағын жергілікті өкілдер қадағалап отыр. Жалпы, жұмыссыздық саны азайды. Алайда, оны мүлдем жою мүмкін емес қой, әрине. Себебі, компаниялар жасы ұлғайған адамдары жұмысқа қабылдамай отыр. Тестілеу сынағына қатысудан кейбір жастарымыз да бас тартса, кейбіреуі сынақтан өте алмады.
— Сонда қалай? Бәрі болмаса да, біздің жастардың ішінде білім деңгейі төмен немесе жұмыс жасауға зауқы соқпайтын адамдар да болғаны ма? Жұмыспен әлі қамтылып үлгермеген жандарға, әсіресе жастарға не айтар едіңіз?
— Өкінішке орай, ондай жағдай да бар. Қазіргідей нарық қыспағы жаhанды жайлап тұрған заманда, ауыл іргесінде тұрған іргелі компанияның жұмыс жасап тұруы жергілікті тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік емес пе? Мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Оның үстіне жастарды арнайы кәсіп иесі болдыру үшін үкіметтен қыруар қаржы бөлдіріп, оларды жұмысты болдыру үшін, жергілікті басшылық атсалысып отыр. Іздеген жан табады ғой. Жастар белсенді, білімді және сабырлы болуы керек!
Қазіргі таңда жұмыс көзі мүлдем жоқ елдімекендер көп.Қарақия ауданы көптеген кәсіпорындар мен инвесторлық компаниялар аумағында орналасқандықтан, жұмысқа орналасу мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Тек, жұмыссыз жастар тарапынан да белсенділік танытуы керек.
— Көкейде жүрген сауалдарымызға, нақты дәлелдермен жауап бергеніңіз үшін рақмет. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту және жастарды кәсіби маманды болдырудағы істеріңіз ілгері болсын!
Шынар КЕНДІН