©
Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс.
Ата-аналардың жастығы мен бала тәрбиесіндегі тәжірибенің жоқтығы, болмаса тәрбие жұмыстарында тек қана өз ойлары мен көзқарастарына ғана жүгінуі немесе қажетті педагогикалық білімдерінің жетіспеушілігі салдарынан тәрбие процестері көптеген қателіктерге ұшырап отырады.
Сондықтан да мектеп өміріндегі ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру, мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіне белсене араластыру, соның нәтижесінде ата-ананы баланың алғашқы ұстазына айналдыру мақсатында әр мектеп жұмыс жасауы керек.
ҚР Білім және ғылым министрлігі, Отбасылық Тәрбиелеу Институты мен «Нұр Отан»партиясының ұйымдастыруымен Республикалық 21 ғасыр ата –аналарының «Өз балаңа үлгі бол» атты конференциясы, Құрық ауылының №1 мектебінде болып өтті.
Конференцияға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілі Бөлтекова Гүлайым, аудандық білім үйлестіру орталығы әдіскері Тургенова Бейбіт және аудандық «Қарақия» газетінің редакторы, ұстаздар және 1- сыныптың 43 ата –анасы қатысты.
Конференцияны мектеп директоры О. Шатенов ашып, іс-шараның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Бұдан соң, Нұр Отан партиясы аудандық филиалының өкілі Бөлтекова, биылғы 1-сыныпқа қабылданған оқушылар алғашқы 12 жылдық білім беру бағдарламасының түлегі болатынын ескерсек, бүгінгі іс –шараның маңызды қадам екенін айтты. Аудандық білім үйлестіру орталығы әдіскері Б.Тургенова ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің жолдаған хатын оқып беріп, конференция қатысушыларын құттықтады. Одан кейін мектеп директорының орынбасары М.Аринова, Отбасылық Тәрбиелу Институтының құттықтауын жеткізді. Құттықтау сөздерден кейін, «Бақытты отбасы» бейнеролигі көрсетілді. Конференцияны одан әрі қарай мектеп психологі Мамаева Маржан жүргізіп, ата –аналарға балалардың мектеп өміріне бой үйретуі жалпы бала тәрбиесі мәслелеріне қатысты ақпараттар ұсынып, тренинг ұйымдастырды. Қажетті ақпараттармен бөлісіп, оқыту жұмыстарын жүргізді. Ата –ана беделі,ұстаз беделі, бейімделу, белсенділік бағыттары бойынша АКТ –ні тиімді пайдалана отырып, ата –аналарға кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізді. Конференция соңында кері байланыс жасап, ата –ана пікірлері жазылып алынды.Мұндай ауқымды конференциялар №6 және басқа мектептерде де өтті. Ары қарай да, мектеп пен ата- ана бірлесіп бала тәрбиесі мен білімі жөнінде пікір алмасып, тығыз байланыста жұмыс жасау керектігі айтылды.
Аршын КЕРЕЙ