Ақтаулық нумеролог 2019 жылға болжам жасады
[ 2019 ] 21 қаңтар, 10:11 | Сұхбат
Қазіргі таңда елімізде ілімнің түрлі салалары дамып келеді. Бірі қазақша психологияның жілігін шағып, майын ішіп жүрсе, енді бірі ежелден келе жатқан ғылымдардың бірі – нумерологияның қыр-сырын меңгеріп, сандарды сөйлетіп, тылсым дүниенің сырларын ашуда. Бұл салаға қарапайым адамдардың да қызығушылығы жоғары. Осы тұста жаңа жылымыз – 2019-дың да біз мән бере бермейтін жақсы жаңалықтары бар. Ол туралы нумеролог, Ақтау қаласының тұрғыны Роза Жүзденбаева сұқбат барысында қысқаша ақпарат беріп өткен болатын. Назарларыңызға ұсынамыз.
- Алғашқы сұрағымызды 2019-дың басты жаңалығынан бастасақ. Осы жыл "Жастар жылы" деп жарияланды. 2019 жыл жастар үшін несімен ерекшеленбек? Маңғыстау жастарына қандай мотивация берер едіңіз?
- Елбасы осы жылды «Жастар жылы» деп дұрыс айтты. Себебі дәл осы жыл жастар үшін табысты болмақ. 1990 жылдан бастап дүниеге келген жандардың жұлдызы жанады. Сондықтан да осы аралықта дүниеге келгендер биылға мықты жоспар жасауы тиіс. 2019 жылы жастар өздерін көрсетуден қорықпауы керек, көлеңкеден шығып, өз ойларын ашық жеткізуі керек. Мен өзім 1991 жылы дүниеге келгенмін, біздер үшін өмірдің жаңа бетін бастауға, оны өзгертуге зор мүмкіндік тууда. Президент жаңа ой, тың идеяларды қолдауға дайын. Сондықтан кең ауқымда ойлап, жаңа бастамаларға қадам басуға жастарға үлкен мүмкіндік туып тұр. Ең бастысы өзімізге, білімімізге сенейік. Жастарға айтарым: жаңадан іс бастауға қорықпаңыздар.
- Елімізде соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау жақсы үрдіске айналды. Бұл - жақсы бастама. Осы орайда маңғыстаулық кәсіпкерлерге нумеролог ретінде қандай кеңес берер едіңіз? Жалпы осы жыл кәсіпкерлер үшін қандай жыл болмақ?
- 2019 жылдың санына келер болсам, бұл жыл - кәсіппен айналысу үшін өте қолайлы. Бұл – жаңару жылы. Идея қайталанбауы керек. Маңғыстаудың кәсіпкерлеріне айтарым маркетингтік тәсілдерді егжей-тегжейлі үйрену арқылы бизнесін дамыта алады. 2019 жыл тәуелсіз, яғни өз күшімен көтерілген, ойын ашық айта алатын, әсіресе, өзі үшін жұмыс істейтін жандар үшін өте қолайлы.
- Түрлі балгер, көріпкел немесе саясаттанушы, түрлі сарапшы осы жылы дағдарыс болуы мүмкін деп болжауда. Бұл тұрғыдан нумерология не дейді?
- Шын мәнінде, сіз айтқан пікірмен келісемін, биыл көптеген салада, соның ішінде саяси аренада да өзгеріс болуы мүмкін деп болжауда. Білесіз бе, доңыз жылы жай жыл емес. Қытай жұлдызнамасы бойынша соңғы жыл болғандықтан, жаңа кезеңнің басталуының алғышарты. Адамдар осыны сезінеді, өзгеруді қалайды.
- Жалпы нумерология қандай сала? Оған неге қызықтыңыз?
- Мен өзім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бакалаврды «Саясаттану», ал магистратураны экономика және бизнес жоғары мектебінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдадым. Нумерологияға 2010 жылдан бастап қызықтым. 2013 жылы нумерологияның арнайы курсын оқыдым, ол өмірімді бақылауда және саяси сараптама жасауда көп көмегін тигізді. Нумерология арқылы кез келген адам өмірінің шарықтау, құлдырау кезін біле алады. Адамның бәрінде қиындық әкелетін, сәттілік, қуаныш сыйлайтын сандар болады және бұл адамның туған жылымен байланысты.
Сөзімді қорыта айтсам, 2019 жыл – 1990, 1995, 1996 жылдары дүниеге келген жандар үшін өте жақсы, жайлы болмақ. Әркімнің тағдыры әр түрлі. Жалпы алғанда, мүмкіндіктерді жіберіп алмайтындай қадам жасау керек. Кез келген адамда бір істің көзін тауып, сол салада өз-өзін көрсететін уақыт болады. Келесі жыл – мүмкіндіктер кезеңі. Мен неге «келесі жылы» дедім, өйткені 2019 жыл 5 ақпанда басталады. Ал қазір ит жылының соңғы күндері өтуде.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
1126
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.