Қазіргі таңда білім саласы басты назарда. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы – білімді жастар. «Білімсіздің күні қараң» десек артық айтқандық емес. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінің елінде, жерінде кез келген салада қызмет етіп, нанын таба алады. Зияткерлік мектепте өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жылдам әрі ұшқыр ойлауына, көп тілді меңгеріп, ел болашағына өз үлесін қосатын зияткер, жоғары білімді, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туғызып, жағдай жасайтын оқу орнына ат басын бұрып қайттық. Білім саласындағы көкейде жүрген кейбір сұрақтарды Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов мырзаның өзінен сұрап, сұхбат өрбіткен едік. - Ермек Серікұлы, Назарбаев зияткерлік мектебі халықаралық білім беру жүйесіне қаншалықты сай? – Зияткерлік мектептердің білім беру жүйесі халықаралық жүйеге сай деп айтуға болады. Ұлыбританияда «UK NARIC» атты халықаралық біліктілік пен қабілеттілікті салыстыру және мойындау ұлттық агенттігі бар. Аталған ұйым 2018 жылдың жазында зияткерлік мектептердің NIS Program білім бағдарламасын қарап, халықаралық стандарттарға сай деген шешім шығарды. Бұл дегеніміз – зияткерлік мектептің білім беру бағдарламасы халықаралық деңгейге сай дегеннің көрінісі. Аталған аккредитация біздің түлектерімізге не береді? Зияткерлік мектепті тәмамдаған түлек енді біздің сертификатпен (NIS Certificate) халықаралық университеттерге бірден бірінші курсқа түсетін құқылары бар. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептері «Халықаралық мектептер кеңесі» (CIS) атты белді ұйымның аккредиттеуінен өтіп жатыр. Бұл ұйым әлемдегі мектептердің білім берудің жоғары стандарттарын қалыптастырып, бұл саладағы соңғы жетістіктерге жетелейді. Кеңестің аккредиттелуінен республикадағы 15 зияткерлік мектеп өтті. Ақтау қаласындағы білім ордасы аталған ұйымның аккредиттелуінен өтуді 2015 жылы бастады. Осыған дейін ұйымның сарапшылары мектебімізге келіп, оқушыларымызбен тілдесіп, миссиямызбен танысты. 2019 жылдың сәуір айында ұйымнан 12 эксперт келіп, халықаралық стандартқа сай немесе сай емес екендігімізді тексеріп, бір айдан соң жауабын айтады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. – Білуімізше, зияткерлік мектепке 7-сыныпқа конкурстық іріктеуге құжат тапсыру аяқталды. Биылғы іріктеуде қандай өзгерістер, жаңашылдықтар бар? – Иә, биылдан бастап қабылдау конкурсына өзгерістер енгізілді. Бірінші күні математика мен ойлау қабілетін тексереді. Логикалық сұрақтар болады. Ал екінші күні үміткер қазақ, орыс, ағылшын тілінің біліктілігін анықтауға тест тапсырады. Сынақтың өткен жылдан ерекшелігі – математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі бірінші өтсе, келесі күні логиканы өткізетінбіз. Нәтижесінде логикаға аз уақыт берілетін. Ол атааналармен де, оқушылармен де бір күнге күш салынатынын ескеріп, екі күнге бөлдік. Сол себептен де математика мен логикалық сұрақты алғашқы күнге қойып, тілдердің барлығын екінші күнге қойдық. Мысалы, бірінші математиканы шығара ма, логиканы шығара ма өздері біледі. Ал екінші күні тілдерге арналады. Яғни уақыт шектеулі болады, бала қай пәнді жақсы біледі, соны бірінші орынға қойып немесе қиынын артына қалдыруына болады. Әркім әртүрлі жауап береді. Бұл баланың өз еркінде. Сол үшін балаға еркіндік беріп отырмыз. 2017-2018 оқу жылында конкурсқа қабылдау кезінде біз емтиханды онлайн ютуб арқылы трансляция жасадық. Әр кабинетте камера тұрды. Оны ата-аналар ютуб каналының сілтемесі арқылы өз балаларының қалай отырып, қалай тапсырып жатқандығын көре алды. Мұнда ашықтық, әділдік принциптерін ұстанамыз. – Көптің көкейінде бір сұрақ жүреді. Емтихан әділ өтеді ме? – Емтихан сұрақтары Нидерланды мен Америкадағы халықаралық ұйымдармен бірігіп жасалады. Бұл жерде халықаралық ұйым болғаннан кейін, Назарбаев зияткерлік мектебінің өзінің статусы болғандықтан біз конкурсты әділ және ашық, таза өткіземіз, тәртібі өте қатаң. Бәрі рет-ретімен жазылған. Емтихан материалдары таңертең бізге сынақ басталуға бір сағат қалған кезде келеді. Комиссия камерамен барлығын ашады. Барлық іс-әрекеттер тікелей камера алдында болады. Конкурстық комиссия сырттан келеді. Біздің мектептің ішіндегі адамдар тек қана кезекшілік қызметін атқарады. Емтихан аяқталған соң жауап парақтарын қорапшаға орап салады. Сосын оны бір курьер алып кетеді. Жауабы 40 күнде белгілі болады. Неге ұзақ десеңіз, оның бәрі шетелде өңдеуден өткізіледі. – Балаларға таңертеңнен кешке дейін оқу салмақ емес пе? – Әрине, зияткерлік мектепте білім алу оңай емес. Бірақ конкурстық іріктеу кезінде қабілетті және жүктемемен оқитын балалар іріктеліп алынады. Балаларға салмақ түскенімен, оларға арналған бағдарламасы өздерінің жас ерекшеліктеріне сай есептелген. Мәселен, 7-сынып оқушылары күніне 7-8 сабақ оқиды. Содан соң олар элективті курстарға, үйірмелерге, қосымша сабақтарға қатысады. Балалардың күні бойы бос болмағаны өздеріне тиімді. – Зияткерлік мектеп оқушылары үнемі ғылыми жобаларға қатысады. Олардың жалпы дайындығы қалай жүргізіледі? – Осыдан екі жыл бұрын ғалымдармен бірігіп жұмыс жасау жобасын қолға алғанбыз. Қазіргі таңда оқушыларымыз Yessenov University мұғалімдерімен, профессорларымен бірігіп жұмыс жасап отыр. Біздің мақсатымыз – оқушылардың жобаға, зерттеуге деген қызығушылықтарын нағыз ғалымдармен зерттеу жасау арқылы ояту. Бір ғалыммен 3-4 оқушы жұмыс жасайды. Бір тақырып алып, аптасына 3-4 рет кездесіп, жобаны соңына дейін жеткізіп, әртүрлі конкурстарға, жарыстарға қатысады. Өзіміздің мұғалімдеріміз бар, элективті курстарымыз бар. Түрлі үйірме, робототехника, STEAMидеялар курстары бар. Сол арқылы балалар өздерінің зерттеу қабілеттерін, дағдыларын дамытып жатыр. – Үш жылдан астам уақыт аралығында атқарылған маңызды белестерді атап өтесіз бе? Қандай талаптар орындалды? – Біздің миссиямыз – көшбасшыларды дайындап, өмір бойы білім алуға шабыттандыру. Осы жылы түлектерімізбен кездестік, ынталары жақсы. Оқушыларымыздың бойында еркіндік, өзінің ойын ашық жеткізу, өз жеке ойларын еркін түрде жеткізіп, өз құқық, міндеттерін білетіндігі көрініп тұрады. Ең бастысы, балалардың ойлау қабілетін арттыру. Енді мақсатымызға жетіп келе жатырмыз. Үш жылдан бері салыстыратын болсақ, оқушылардың арасында түбегейлі өзгерген балалар бар. Тіпті ата-аналар: «мен баламды танымай қалдым» деп келеді. Кейбір балалар өзгеріп келе жатқандықтарын өздері байқайды. Енді, әрине, үш жыл деген ұзақ мерзім емес. Осы жылдар ішінде маңызды бірнеше республикалық деңгейде іс-шаралар өткіздік. Сонымен қатар облыстық деңгейде де өткізіп жатырмыз. Ол тәрбие жұмысы немесе ғылыми жұмыс болсын, ол өнер бағыты немесе спорт бағыты болсын, тек бір бағытта емес, бірнеше бағытта дамып келеді. Сондықтан әртүрлі конкурстар ұйымдастырамыз. Олардың көбісі облыстық деңгейде өтіп жүр. – Түлектеріңіздің көбі грант иегері атанып жүр ме? Қай университетті көбірек таңдайды? – Зияткерлік мектеп 2017 жылы алғаш рет 87 түлегін ұшырды. Оның 96 пайызы грант иегері атанды. Үш түлегіміз Гонконг политехникалық университетіне, Бейнеу ауданындағы Төремұрат Аралбаев есімді түлегіміз Оңтүстік Кореядағы Пусан мемлекеттік университетіне, тағы екі түлегіміз Қытайдағы университеттерге грантқа түсті. Түлектеріміздің дені еліміздегі белді университеттердің студенті атанды. Мәселен, Назарбаев университетіне 16 түлегіміз түссе, бірқатары бүгінде Қазақ-британ технология университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және AlmaU университеттерінің студенттері. - Жалпы білім беру саласын тыңғылықты білесіз, балаларыңызды тәрбиелеуде білімге қаншалықты мән бересіз? – Шынымды айтсам, таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Өзімнің үш балам бар. Кішісі үшке толады. Оған әзірге еркіндік беріп отырмын. Ал үлкен екі қызым үнемі ізденіс үстінде. Ортаншысы спортпен шұғылданады, мәнерлеп сырғанауға қатысады. Сонымен қатар екеуі де ағылшынға барады. Менің ойымша, баланы кішкене кезінен алдына мақсат қойдырып, соған жетуге баулу керек. Әрине, мақсатты жас ерекшеліктеріне қарай қойған маңызды. Мақсат қоя білсе, әке-шешенің берген тәрбиесі жақсы болады. Кейбір кезде өз мүмкіншілігімізді өсіре немесе кеміте қараймыз. Соның жуан ортасын білу маңызды. - Алға қойған жоспарыңыз қандай? – 2019 жылы халықаралық аккредитациядан өтеміз. Өткен жылы сәуір айында «Caspian Startap» деген жобаны бастадық. Соны, міне, биыл екінші жыл өткізбекпіз. Ол жақсы деңгейде өткен болатын. Сонымен қатар алдағы уақытта балалар халықаралық, республикалық олимпиадаларға барады. Соларға дайындықты жақсылап жүргізу – біздің жоспардың негізгісі. Биыл мектебімізге білімді балалар келсе деп тілейміз. Білімді жастарды қабылдауға дайынбыз. – Әңгімеңізге көп рақмет! Қызметте табыс тілеймін!
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ