«Бұған дейін жасалғандардың бәрін одан да жақсырақ етіп жасауға болады» дейді әйгілі американдық өнеркәсіпші, «Ford» компаниясының негізін салушы Генри Форд. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы принципті ұстанған секілді. Кәсіптің көзін медицинадан іздеген азамат денсаулық саласының өркендеуіне үлесімді қоссам дейді. Жаңаөзеннің жас кәсіпкері, таяуда ғана ашылған «СЕЗАмед» медицина орталығының басшысы Бекжан Әбішевпен әңгімелестік. - Ең бірінші бізді қызықтырған сұрақ - дәрігер жігіт не себепті бизнес жолын таңдады? - Дұрыс айтасыз, медицина саласында оқыдым. Мамандығым - тіс дәрігері. Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алдым, қоғамдық денсаулық сақтау бағыты бойынша магистратураны тәмамдадым. Осы оқу орнында сабақ та бердім. Ақтау қаласындағы облыстық стоматология орталығында балалар стоматологы болып, кейін Жаңаөзен қалалық стоматологиясының хирургия бөлімінде қызмет атқардым. Жеке бизнесімді ашамын деген ой оқуымды бітіріп, туған қалама оралған жылдары-ақ пайда болған. Себебі қала халқының саны 150 мыңнан асып жығылады, ал денсаулық саласында қызмет көрсететін орталықтар өте аз, бәсекелестік жоқтың қасы. Қазір мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап, бар жағдайды жасап отыр. Мүмкіндік беріліп тұрса неге пайдаланбасқа? Көп ойланбай осындай шешімге келдім. Оның үстіне анам да жеке кәсіпкер. Кішкентайымнан сол кісіге көмектестім. Өзім де көлік, жылжымайтын мүлік салалары бойынша кішігірім кәсіптермен айналысып жүрдім. Мүмкін бизнес жолын түбегейлі таңдауымның тағы бір себебі осы отбасымда көрген-түйгендерімнің жемісі болар. - Медициналық орталықта халық қандай қызмет ала алады? - Орталықта күндізгі стационарлық бөлімде 20 адамға қызмет көрсетіледі. Көпсалалы медициналық орталық деп айтсақ та болады. Яғни, УЗИ, кардиология, стоматология, лор, гастроэнтеролог және тағы да басқа бөлімдер бар. 15 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Барлығы жергілікті мамандар. Болашақта басқа қалалардан да білікті дәрігерлер шақыру жоспарда тұр. Қазір мемлекеттік тапсырыс алу және қаладағы ірілі-ұсақты мекемелерге толықтай медициналық қызмет көрсету құқығын алу бағытында жұмыстанып жатырмыз. Мақсатымыз - халыққа сапалы қызмет көрсету. - Орталықты ашу үшін мемлекеттен қомақты қаражат несиеге алдыңыз. Қайтарымы қалай болмақ? Жас кәсіпкерге несие алу қаншалықты тиімді? - Орталық жұмысына «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 90 млн. және өңірлік «Нұр капитал» жобасы бойынша 30 млн. жалпы сома 120 млн. теңге қаражат несиеге алдық. 13 млн. теңге өзімнің қаражатым, сонымен барлығы 133 млн. теңге жұмсалды. Несиеге алынған қаражат толығымен игерілді, 5-7 жыл аралығында қайтару керек. Қазір мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға барынша ықпал жасап отыр. Мысалы, «Нұр капитал» бағдарламасы Қазақстан бойынша жалғыз Маңғыстау облысында ғана бар. Кәсіпкер 30 миллион теңгеге дейін қаржыны 1 пайыздық үстемемен ала алады. Бұл - өз ісімді бастаймын деушілерге үлкен көмек. Несиені алу процесіне келер болсақ, жұмсалатын уақыт әркімде әрқалай, құжаттарының дұрыстығына байланысты. Әрине, жүгіріс болады. Көптеген адам осы қиындықтарға шыдамай қолдарын бір сілтеп кетіп жатады. Мен мысалы, осы орталықтың жұмысын 2013 жылы бастаған болатынмын. Міне, 5 жыл дегенде жүзеге асып отыр. - Ең алғашқы табысыңыз есіңізде ме? - Мектепте оқып жүргенде 9 сыныптан бастап кафе, мейрамхана секілді ойын-сауық орындарына тапсырыспен дискіге өлең жазып беретінмін. Ол кезде компакт-дискілердің енді ғана шыға бастаған кезі. Кәсібім үлкен сұранысқа ие еді. Бизнес жолындағы ең алғашқы табысымды осылай тапқанмын. - Сіздің пайымыңызда кәсіпкердің бойында қандай қасиеттер болуы керек? Жақын болашаққа жоспарыңыз? - Кәсіпкер боламын деген адам әртүрлі салада, әртүрлі бағытта білім алып, өзін жетілдіргені дұрыс. Себебі бизнес жүргізу үшін заңгер де, экономист те болуың керек. Жоспарға келер болсақ, идея көп. Қазір заңгерлік оқуымды аяқтап, құрылыс саласында білім алып жатырмын. Келешекте тек бір медицина саласында шектеліп қалмай, әртүрлі бағытта бизнес дамытқым келеді. - Жаңадан кәсіп ашамын деушілерге қандай ақыл-кеңес бересіз? Табысты болудың формуласы бар ма? - Ең алдымен, адамда - арман, одан кейін мақсат болуы керек. Арман шексіз, бірақ мақсаттың межелі уақыты бар. Мақсатына адал және ерінбей еңбектенген адам ешқандай құпиясыз жетістікке жетеді. - «Бай адамдардың теледидарлары кішкентай, кітапханасы үлкен келеді, ал кедей адамдарда керісінше кішкентай кітапхана, үлкен теледидар болады» дейді әйгілі жазушы, жүйелік маркетинг саласының алпауыты Зиг Зиглар. Әлеуметтік желіде көп отырасыз ба? Бос уақытыңызда айналысатын хоббиіңіз немесе қандай кітаптар оқып, фильмдер көресіз? - Қазір ақпарат заманы. Ғаламторды, әлеуметтік желіні жоққа шығара алмаймыз. Бірақ қай-қайсысын да пайдалы қолданғанды жөн көремін. Қажет ақпаратымды, үйренетін дүниелерімді аламын. Ал бірақ беталды босқа уақыт шығындап отыруды дұрыс деп санамаймын. Шынымды айтсам, қазір бос уақытым мүлде жоқ. Өзімнің жұмыстан тыс қандай нәрселерге қызығатынымды кейде өзім де білгім келеді. Көбіне мотивациялық кітаптар оқимын. Қызықты болса кез келген киноны жанрға бөлмей қарай беремін. - Қандай принциппен өмір сүресіз? - Өтірік айтпау, әділдік, адалдық. - Мотивацияны қайдан аласыз? - Менің мотиваторым - ата-анам. - Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге береке, еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан Айжан НАСЫРОВА