©
Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай бір айлық акция өтті. Ондағы мақсат — қоғам назарын туберкулез ауруының жағдайына аудару. Бұл науқанның жыл сайынғы ұраны әр түрлі. Биылғы науқанның ұраны— «Туберкулезден азат әлемнің көшбасшыларына іздеу саламыз! Тарихты жасауға үлес қос. Туберкулезге жол жоқ». Қазіргі қоғам үшін туберкулез ауруы таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Сондықтан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалының медициналық көмектің сапасын мониторинг бөлімінің бас сарапшысы Ғани Медғұлқызы ТҰРСЫНОВАДАН бұл ауру туралы не білген жөн, одан төнетін қауіп қандай және осы дертке қатысты бірқатар сауалдар қойған едік.
- Туберкулез – бактерия арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы — микобактериялар немесе бәріміз білетін кох таяқшалары. Кох таяқшасы адам ағзасына жат микроорганизм болғандықтан, микроб сау ағзаға түскен кезде иммун жасушалары оған шабуыл жасап, көбеюіне жол бермейді. Ауру иммун жүйесі нашар болған жағдайда яғни, антиденелер түзілуі бұзылса, иммун тапшылығы жағдайында, өзге аурулар салдарынан ағзаның қорғаныс күші бұзылса, жасына немесе тұрмыстық-әлеуметтік факторлар салдарынан тиісінше жұмыс істемейтін болса және туберкулездің ашық формасымен ауыратын және тиісінше ем қабылдамаған науқаспен ұзақ уақыт бойы байланыста болған жағдайда ғана өршуі мүмкін.
- Ғани Медғұлқызы, аурудың қалай жұғатыны және оның түрлері жайында айтсаңыз.
- Ауру көбіне ауа арқылы таралады. Кейде ауруға шалдыққан ірі қара немесе азық-түлік арқылы, өңделмеген сүт өнімдерден жұғуы мүмкін. Оның ашық және жабық деген екі түрі болады. Басқа инфекциялар сияқты, құрт ауруына шалдыққан науқастардың айналасындағыларға қауіп төндіретіні және қауіпсізі болады. Бірақ өзге жұқпалы ауруларға қарағанда, туберкулездің жұғу кезеңін қысқартуға болады. Ол үшін дәрігер тарапынан ем-дом дұрыс тағайындалса, жетіп жатыр. Ал ашық туберкулез дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда, науқас қоршаған ортаға туберкулез қоздырғышын ашық таратушыға айналады. Бұл термин негізінен өкпе туберкулезіне шалдыққандарға қатысты қолданылады. Өйткені ондай науқастар жөтелгенде, қақырғанда микроб бөледі. Ал туберкулездің жабық түрі жұқпайды. Науқас қоздырғыш таратпағандықтан өзгелерге ауру жұқтыра алмайды. Бірақ туберкулез белгілері бірден пайда болмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай, тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер пайда болады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып, тексеруден өту керек. Иммунитеті әлсіз адамдар үшін ауру жұқтыру қаупі жоғары. Ал иммунитеттің әлсіреуіне шаршап-шалдығу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қорғаныс жүйесі жұмысының бұзылуына әкеп соқтыратын басқа да аурулар себеп. Бәрінен де АИТВ жұқтырғандарға төнетін қауіп жоғары. ДДСҰ мәліметінше, туберкулез АИТВ жұқтырғандар арасындағы өлім-жітімнің бірден-бір себепкері. Мысалы, 2016 жылы АИТВ жұқтырған науқастардың 40 пайызының өлімі осы құрт ауруынан болғаны анықталған. Сонымен қатар, туберкулез жұқтыру қаупі жоғары топқа балалар мен қарттар да жатады. Өйткені олардың иммундық жүйесі әлсіз.
- Туберкулездің алдын алу жолдары қандай?
- Аурудың алдын алу үшін немесе ертерек анықтау үшін мектепте бар балаға салынатын манту сынамасын бәріміз білеміз. Содан соң ағзаның реакциясын бақылау үшін үш күнге дейін оған су тигізуге болмайтын. Әлі күнге дейін мұны туберкулезге қарсы екпе деп есептейтін адамдар баршылық. Бірақ бұл баланың туберкулезге шалдыққан-шалдықпағанын анықтау тәсілі ғана. Жаңа туған нәрестелерге перзентхана қабырғасынан шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Міне, туберкулезге қарсы вакцина осы. БЦЖ құрамында сиырдың әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін көбейіп, органдар мен тіндерге орналасады, сол арқылы иммунитет қалыптасады. Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы адамды ұзақ уақыт бойы құрт ауруынан қорғайды. Бірақ 7 және 14 жаста вакцина тағы салынады. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (манту сынамасы). Манту - вакцина емес, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл - балаларға қолданылатын әдіс. Ал ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скринингтен өтіп тұруы тиіс. Өкінішке орай азаматтарымыздың басым бөлігі ауырмаса дәрігерге қаралмайды. Қазақстанда пациенттердің 70 пайызы — ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келгендер. Шын мәнінде, оның бәрінің алдын алуға болады. Медицинада туберкулездің алдын алу үшін тұрақты тексерілу қажет. Қазақстандықтар бұл қызметтерді тегін пайдалана алады және олардың бәрі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді. Бұл қызметтер: БЦЖ екпесі — туғаннан кейін алғашқы бірнеше күн ішінде; БЦЖ-ны қайта егу-7 және 14 жаста; флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет); дәрігердің тағайындауы бойынша өкпені рентгенге түсіру; терапевтке қаралып, профилактикалық тексеруден өту.
Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 миллиард теңге бөлінді.
- Соған қарамастан елімізде туберкулезбен ауыратындар қатары азаймай тұр ғой. Әлде бұл дерттен емделу қиын ба?
- Аурудың алдын алуға, толық емдеп жазуға бола тұра, бүгінгі таңда туберкулез ең қауіпті инфекциялар қатарынан түспей келе жатқаны рас. Эпидемияны толық ауыздықтауға дәрі-дәрмекке төзімді «ақылды» бактериялар, әлемнің кейбір елдеріндегі тұрмыстың төмендігі және қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Әлемдік ғылым мен ДДСҰ мұраттарының бірі — туберкулез эпидемиясын 2030 жылға дейін түп-тамырымен құрту болып табылады. Оған біз де үлес қоса аламыз. Ол үшін әркім өз денсаулығын күтуі керек. Азаматтарымыздың басым бөлігі ауырмаса, дәрігерге қаралмайды. Қазақстанда пациенттердің 70 пайызы—ауруханаға дерті асқынғаннан кейін келгендер. Шынында, олардың ауруының алдын алуға болатын еді. Жалпы, жер шарындағы адамдардың жартысынан астамы денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны белгілі. Денсаулықты одан айырылып қалғаннан кейін емес, жастайынан күту қажет. Дені сау азамат болу үшін денеңді, ақылың мен жаныңды күту ережелерін білу жеткілікті. Себебі адам ағзасы — өз заңдары бойынша жұмыс істейтін механизм. Таза ұстаса, тәртіп сақталса, ол бұзылмайды. Дегенмен туберкулез жазылатын ауру болғандықтан жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2000-2016 жылдар аралығында диагностика мен ем-домның арқасында 53 миллион адамды өлімнен арашалауға мүмкіндік туды. Туберкулездің кәдімгі түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде іске асырылып жатқан ауруды біріктірілген бақылау стратегиясы туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың өз емханасында амбулаторлық режимде ем қабылдауына мүмкіндік береді. Тағы бір жаңалық — бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жеке меншік клиникаларда да тегін емделуге болады. Қордың базасындағы клиникалар тізімімен (https://fms.kz/ru/content/perechen-postavshchikov-gobmp) танысыңыз, қалаған емханаңызға тіркеліңіз, содан соң дәрігерге уақтылы қаралуға дағдыланыңыз. Мұның бәрін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде іске асыруға болады. Ол үшін цифрлы қолтаңба алып, мемлекеттік қызметтер порталының (http://egov.kz/cms/ru) көмегіне жүгініңіз.
- Аурудан сақтану үшін оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең алдымен, дұрыс тамақтаныңыз. Ағзаның саулығы дұрыс тамақтануға тікелей байланысты. Ауырмау үшін тамақты аз-аздан, тұрақты жеу қажет. Тамақты тоя жеуге болмайды. Және асықпай, әбден шайнап жеген ас асқазанға да көп салмақ түсірмейді. Байсалды болыңыз. Иммунитет — ағзаның сыртқы дүниенің әсеріне қарсы күрес, яғни қорғаныс қабілеті. Психикалық энергия—адам имунитетінің іргетасы болып саналады. Сондықтан байсалды, ұстамды болуға тырысыңыз. Үнемі күліп жүріңіз. Бүгінде салауатты өмір салтын ұстану сәнге айналды. Белсенді өмір сүру, марафондарға қатысу, велоспортпен шұғылдану, жаттығу залына бару, фитнеспен айналысу әр адам үшін ауадай қажет. Спиртті ішімдік, темекі сынды зиянды әдеттерден бас тартыңыз. Тым болмаса, азайтуға тырысыңыз. Бір-біріңізге тілектес болыңыз, өз денсауығыңызды күтіңіз және жақындарыңыздың денсаулығын күтуіне көмектесіңіз.
Сұхбаттасқан Валентина ҚОЗЫБАҚОВА