Адам баласы дүниеге келген кезден бастап, өміріндегі ең маңызды сәттері – некеге тұруы, балаларының өмірге келуі, тіпті өмірден өтуінде де жасалатын құжаттар азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі арқылы жүзеге асады. Жылдар жылжып, бірнеше ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапса да адамдардың өмірдеректері осында сақталады. Өмірдегі ең шешуші сәттер көрініс табатын сан салалы қызметтің қыр-сырын білу мақсатында «Ақтау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» ММ басшысы Айша ЕЛЕМЕСОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
– Айша Заманбекқызы, алдымен өткен жылдың басты деректері мен дәйектеріне тоқталсаңыз?
– Өткен жылы өлкемізде 7601 (2016 жылы – 6527) нәресте дүниеге келіп, оның 13-і өлі туылды. Сәбилердің 7581-і мемлекеттік корпорация арқылы, 20-ы «электронды үкімет» веб-порталы арқылы тіркелді. Өткен жыл ішінде 381 (2016 – 324) әке (ана) болуды анықтау туралы өтініш келіп түсті. Оның 24-і сот шешімімен, қалғаны ортақ келісім негізінде анықталды. Сонымен қатар облысымызда 2431 (2016 – 2461) неке қиылды. Біздің мекемедегі салтанатты рәсімдер өткізілетін орында 1515 некенің қуанышына ортақтастық. Сондай-ақ 1545 неке қию туралы өтініш «Электрондық үкімет» веб- порталы арқылы қабылданып, тіркелді. Бұл мүмкіндікті бұрын некеде болмаған, балалары жоқ, кәмелекеттік жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары ғана пайданалана алады. 2017 жылы неке жасына жетпеген жұптардан 17, шетел азаматтары мен Қазақстан Республикасының азаматтары арасында 199 және Ақтау қаласының түзету мекемелерінде жазасын өтеп отырған азаматтармен жұптасқан 8 неке тіркелді.
Біздің бөлімде 758 некені (2016 – 703) бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде 638-і сот шешімі негізінде жүзеге асты. «Ақтау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» арқылы кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ, бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған 100 ерлі- зайыпты ажырасты. Сонымен қатар кемінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған ерлі-зайыптылардың бірінің арызына байланысты 7 отбасы ажырасты.
Облыс орталығында өткен жылы 93 (2016 – 83) бала асырап алынды. Облыстағы 230 тұрғын есімін, әкесінің есімін, тегін ауыстырды. Олар атының, әкесінің атының, тегінің оғаш естілу, айтуға қиындық келтіру және некені мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тектерінде қалып, кейін жұбайының тегін алу, неке бұзылғанда немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейінгі тегін қайтару, ата-аналарының бірінің ұлтына сәйкес келетін атты және текті беру, құжаттардағы атынан өзгеше өмірде қалыптасқан атын және ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесінің немесе атасының атын алу себептерімен ауыстырылған.
2017 жылы 1095 (2016 – 1046) адам өмірден өтті, оның ішінде 50-і 1 жасқа дейінгі балалар болды. Сонымен қатар азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру туралы 121 акт жазбасы жасақталып, азаматтық хал актілері жазбаларына 780 өзгеріс,толықтыру мен түзету енгізілсе, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы 1987 қайталама куәлік, 1258 анықтама берілді. Өткен жылы 274 жеке тұлғалардан, 76 заңды тұлғалардан өтініш келіп түсіп, уақытылы 3-7 күн ішінде жауап берілді.
– Әрбір бойжеткен мен бозбала өмірде өз теңін тауып, бақытты отбасын құрғысы келеді. Үйленіп, шаңырақ көтерген жастарымыздың арасында дәм-тұзы жараспай, жолдары екіге айырылып кеткендер қанша?
–Өткен жылы Ақтау қаласында 4862 адам некеге тұрды. Некеде тұрған жастар саны – 3297, яғни 68 пайызды құрайды. Осы мерзім ішінде 878 адамның шаңырақ шайқалды.
– Жас жұбайлардың қайта татуласып кетуіне қандай жағдай жасай аласыздар?
–Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен бірлесіп ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптылардың отбасын сақтау қалу мақсатында «Жас отбасы мектебінің» қызметі жандандырылып, қайта жұмысын бастады. Мұнда білікті дәрігерлер мен психолгтар және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдерінің ерлі- зайыптыларға кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтейді.
– Отбасын құру кезінде қандай да бір келеңсіз я болмаса тосын жайттар орын алды ма? Жұбайлардың жасы айырмашылығы жөнінде айайтып өтсеңіз? Қайтадан жарасып кеткен жұбайлардың қатары қаншалықты?
– Отбасын құратын жұптар өтініштерін бергеннен кейін белгіленген мерзім ішінде біз қажетті құжаттарды дайындап қоямыз. Отбасын құратын жандарға бір күн бұрын хабарласып, салтанаты рәсім ұйымдастырылып, некесінің тіркеуден өтетінін ескертеміз. Басым көпшілігі өтініш-арызының өз күшінде екенін айтып, келесі күні келіп, салтанатты түрде некесін қидырады. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Кейбір себептермен (жол апатына ұшырау, соңғы сәтте шешімдерінен айнып қалу) неке қиылмай, жұптар үйленбей қалып жататын кездер де кездеседі. Жылына мұндай бірді-екілі жағдай болып тұрады. Көтерген шаңырақтың аз уақытта ортасына түсетін жағдайлар да кездеседі. Мысалы, 3 айдан кейін неке бұзылған деректер де кездесті. Кейбір жұптар бір сәттік ашумен, асығыстықпен шешім қабылдап жатады. Өткен жылы 4-5 жұп ажырасып кетіп, татуласқандарын айтып, қысқа мерзімде (3 ай) ішінде қайтадан қосылды. Сондай-ақ 4-5 жыл бұрын ажырасып, кейін қайта қосылған жұптар да бар. Шайқалған шаңырақ қайтадан іргесін қалап, уығын көтеріп жатса қуанамыз.
Өткен жылы некелескен жұбайлар арасында жас айырмашылығындағы алшақтық – 15 жас. Бізге тіркелген үлкен қалыңдықтың жасы – 46-да болса, жасы үлкен күйеу жігіт – 54-те. Ал ең жас күйеу жігіттің жасы – 17-де, жас қалыңдық 16-да болды.
– Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асуы сіз басқаратын салада қалай көрініс тауып отыр?
– Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен 2013 жылдан бастап азаматтық хал актілерін тіркеу саласы бойынша қызметтерді автоматтандыру мақсатында 2008 жылға дейін мұрағатта сақталған акт жазбаларын сканерлеу арқылы электронды «Е- мұрағат» жүйесін жасақтаудамыз. Бұрын қолданысқа енгізілген «бір терезе» қағидатынан «бір өтініш» қағидатына қадам бастық. Яғни, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің көмегіне жүгінген тұрғын бір өтініш арқылы уақытын үнмедеп, қаржылық жағынан да тиімді бірнеше қызмет түрін бірден пайдалана алады. Бұл проактивті пилоттық жоба өткен жылы іске қосылды.
2017 жылдың шілде айынан бастап бала туу, некені бұзу, қайтыс болу сияқты азаматтық хал актілерін тіркеу қызметтерін жеделдетілген тәртіп бойынша беру жобасы жұмыс жасай бастады. Азаматтар бірнеше күн рәсімделетін құжаттарды фронт- офистер арқылы 3 сағаттың ішінде ала алады. Осы пилоттық жобаны 2018 жылдың наурыз айынан бастап барлық АХАТ бөлімдерінде іске асыру туралы тапсырма берілді. Қазір қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың басынан бастап тууды тіркеуді композитті режимнен проактивті режимге көшіру жұмысы іске асырылуда. Мәселен, перзентханада әйел босанғаннан кейін ол туралы мәлімет Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық базасына енгізіледі. Ол мәлімет түскен бойда ата- аналардың телефондарына құттықтау хат және нәрестеге тегі, аты, әкесінің атын көрсету туралы сұрау келіп түседі. Осы ақпарат бірден «АХАТ Тіркеу пункті» ақпараттық жүйесіне келіп түседі. Біздің бөлімде сұраныстың қабылданғандығы туралы және туу туралы куәлік мекен-жай бойынша жеткізілгендігін хабарланады. Бала тууға байланысты берілетін жәрдемақы аудару үшін жеке есеп- шоты туралы мәлімет жолдау туралы хабарлама жібереміз. Содан кейін 2 сағаттың ішінде туу туралы акт жазбасын тіркеп, баланың аты- жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделген туу туралы куәлікті дайындаймыз. Осы кезде туу туралы куәліктегі мәліметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және әкімдіктің ақпараттық жүйесін енгізіліп, анасының есеп шотына жәрдемақы аударылады. Сонымен қатар әкімдіктің ақпараттық жүйесі арқылы дүниеге келген нәресте балабақша кезегіне тіркеліп, анасына ол туралы хабарлама түседі.
Біздің салада кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімін оңтайландыру мақсатында біздің мамандарымыз 1 наурыздан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ғимаратында отырып некенің бұзылуын және өмірден өткені тіркеу қызметтерін атқарады. Биыл азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде цифрландыру жұмысы жалғасын табады.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ