- Ең алдымен сұхбатқа келіскеніңіз үшін көп рахмет! Маңғыстау өлкесіндегі жетекші университет ретінде бұл оқу ордасының тарихи маңызы бөлек. Басшылықтың да өзгеруі халық үшін тың жаңалық болғаны рас. Сіз бұл қызметке қалай келдіңіз?
- Білім және ғылым министрлігі оқу орындарына басшы сайлауда ашықтық принципін қатты ұстанып отыр. Республика деңгейінде бақылау кеңесі мүшелеріне жаңа бағдарламамызды қорғағаннан кейін таңдау сатысы жүрді. Тағайындау барысында кандидат ректор болмай тұрып-ақ, 3 жыл ішінде қандай жетістіктерге жететіні жөнінде нақты болжамдар айтуы тиіс. Мен университетке өз бағдарламамды ұсынып, өзіндік жаңалық енгіземін деген ниетпен келдім.
- Шыны керек, университеттің бұрынғы ректоры мен ұстаздар арасында үлкен қақтығыстар болды. Мұның алдында 4 бухгалтер оқу ордасы бюджетін жымқырды деп ұсталды. Мұның бәрі Есенов университетінің деңгейін де, тіпті студенттер санын да күрт төмендетіп жіберді. Мұндай олқылықтармен қалай күресіп жатырсыз? Университет имиджін көтеру үшін не істемексіз?
- Мұндай фактілер болғаны рас. Ректор мен орта буын мамандар арасында түсінбестік болғаны да, оған дейін бухгалтерлердің заңсыз әрекеті де болғаны рас. Ары қарай бұл шиеленіс жағдайларға пікір беріп, талқыға салу артық деп ойлаймын. Менің ойым, болған іс болды. Енді мұндай олқылықтар қайталанбауы тиіс. Мұның бірден-бір жолы – оқытушылар, студенттер арасында ашықтық принципін қабылдау. Мәселен, қаржылық мәселелерде бұрынғыдай қағаз тасымай, онлайн банкинг арқылы 4 банктік қызмет көрсету жүйелерін қалыптастырып жатырмыз. Кез келген жағдайда ректор да, қарапайым студент те қаржылық жағдаймен онлайн танысып, хабардар болып отыра алады. Біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының принциптерін қолдану арқылы бизнес процесстерді ашық түрде көрсете отырып, мұндай келеңсіздіктердің алдын аламыз. Ұстаздар мен ректор арасында, студенттер арасында туындаған кикілжіңдердің көбі – ашық талқылаудың жоқтығынан. Кез келген мәселеде ректор, проректор, декан, оқытушылар арасында алшақтықты болдырмай, барлық қызметкерлердің пікірін елеп-ескеріп, ортақ мәмілеге келіп, шешім қабылдау бағытын бастап кеттік. Қазір коммуникативті құралдарда мұндай мәселелерді ашық түрде талқылаудың жолын қарастырып қойдық. Университет сайтында, барлық әлеуметтік желілерде оқу орнының жеке каналын аштық. Мазалаған сұраққа дер кезінде жауап болмағандықтан, ұсыныс-тілектер ескерілмегендіктен түсінбестік болады деп есептеймін. Университеттің твиттер, телеграм, фейсбук сияқты желілердегі каналдары қазір белсенді жұмыс істейді, онда ректор, педагогтар, университеттің өзге де мамандары, студенттер – бәрі бірдей ойларын ашық айтып, сұрақтарын қоя алады.
- Ашықтық принципін ұстанамыз деп қалдыңыз, Сіз оқу орнындағы ұстаздарды, студенттерді жеке қабылдайсыз ба? Қаншалықты қолжетімді ректорсыз?
- Ректор болған соң, әр түрлі жиналыстар мен іссапарларға кетуге мәжбүр боламыз. Фейсбук парақшамда белсендімін, бірақ уақыттың тығыздығына байланысты дер кезінде жауап бере алмай жатамын. Дегенмен оқытушыға да, студентке де кез келген кезде есігім ашық. «Ауруын жасырған өледі» деген қазақта сөз бар. Мен қай қызметкерімнен де ашықтықты күтемін. Студенттер де университет қабырғасында жүріп, өздеріне жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы тиіс. Бірақ мен ашықтықты ұстанғаныммен, психологиялық тұрғыдан ректордың ашық болуына халық дайын емес сияқты. Студенттермен кездесу барысында, олардың ойларын сұрасам - «бәрі тамаша» дейді. Әйтсе де Есенов университетіндегі көп қызмет көрсетудің шетелді былай қойғанда, республикамен салыстырса, әлдеқайда төмен екенін көзіміз көріп жүр. Оқу орнында шешілмеген мәселе көп. Мұның бәрін бір мезетте қалыпқа келтіру мүмкін емес. Қарапайым дәретхананың нашарлығы да көзге ұрып тұр. Студент жақсы партада, дұрыс интерактивті тақтада білім алуы керек, қажет жағдайда қолжетімді интернет, кең ауқымды кітапхана мен қарапайым асхана, дәретхана сияқты базалық қызмет көрсетулер жоғары деңгейде болуы тиіс қой. Бізде көбіне көнбістік, бәлкім немқұрайлылық басым. Шынын айтқанда, қазір университеттің қаржылық деңгейі көңіл көншітпейді. Бірте-бірте қаржылық кедергілерді шешу арқылы базалық қызмет көрсетуді түзеп, өзге де олқылықтың орнын толтырамыз деген сенімдеміз.
- Қазір университеттің студенттер саны бар болғаны 3000-нан жоғары екен. Керемет ғимараты бар тарихи университет үшін бұл сан аз секілді. Әлде ғимаратқа студенттер саны сәйкес келе ме?
- Қазір бізде бакалавр, магистратура, PHD деңгейінде 3100-дей студент бар. Университетіміздің потенциалына, әрине, студенттер саны жеткіліксіз. Біздің мақсатымыз – 3 жыл ішінде студенттер санын 8000-ға жеткізу. 3 деңгейде ғана емес, Есенов колледжін қайта ашу арқылы да студенттер санын көбейтетін боламыз. Статистика бойынша, Маңғыстауда жыл сайын 5000-ға жуық оқушы мектеп бітірсе, 5000 студент колледж бітіреді. Олардың кейбірі шетелге, көбісі Астана, Алматы қалаларына, дәрігер мамандығына түсетіндер Ақтөбеге, көпшілігі Оралға оқуға түседі. Студенттерді өлкемізде ұстап қалу қиын. Біз осында қалу арқылы оқушы қандай артықшылық ала алады деген сұраққа жауап беруіміз керек. Сол себепті студенттер арасында кеңінен үгіт-насихат өткізу, университеттің негізгі тарихи қалыптасқан құндылықтарын жеткізу, оқытушы-профессорлардың ғылыми зерттеу жаңалықтарын таныстыру сияқты жұмыстарды алға қойдық.
- Сонымен, Есенов университетінің өзге оқу орындарынан артықшылығы қандай болмақ?
- Бірінші артықшылық: шетелдік ғалымдардың концепциясына сәйкес, білім алушы бітіргеннен соң бір мамандықтан екінші мамандыққа ауысу мүмкіндігі болуы тиіс. Екінші артықшылығымыз, университет ішінен тіл орталығын ашу. Орталық студентке оқу бітіргенде ағылшынның 2 деңгейін немесе 5.5 IELTS көрсеткішпен аяқтауына мүмкіндік береді. Үшінші артықшылығымыз – кең ауқымды академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Біздің ойымыз – әрбір мамандықтағы студент 3 тәжірибені жасақтауы тиіс – Қазақстан, жақын шетел, алыс шетел. Студенттің GPA үлгерімінің жоғарылығына қарай кең ауқымды университеттерде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибе алуына мүмкіндік бар. Маңғыстауға жақын орналасқан Ресей, Әзірбайжан, Иран сияқты елдердің небір дамыған университеттері бар. Әрине, олармен конкуренциялық деңгейге сай келу қиын. Өйткені аталған жоғары оқу орындарының қаржылық деңгейі, даму стратегиялары бізден әлдеқайда жоғары. Сол себепті жақын шетел университеттерімен конкуренциялық бағытта емес, керісінше әріптестік қарым-қарым қатынас орнатып жатырмыз. Алдағы уақытта Назарбаев университеті, Павлодар университеті, ҚБТУ, Түркістандағы МКТУ сияқты Қазақстанның алдыңғы қатарлы университеттерімен тығыз байланыс жасаймыз. Екі жақ серіктестік бағдарламасын жүзеге асырады. Кеше ғана Есенов университетінің 9 өкілі Қазақстанның жоғары оқу орындарын аралып, ымыраластық жүргізіп келді. Келешекте университеттің потенциалын қайткенде де күшейтетін боламыз.
Жергілікті студенттер біздің оқу орнымызда кейбір мамандықтар жоқ болғандықтан, өзге қалаға аттануға мәжбүр. Ең үлкен жаңалық – қыркүйек айына дейін Есенов университетінде қосымша 20 мамандық ашылатын болады. 1000-ға жуық мектеп бітіруші мен колледж түлектері медицинаға оқуға түсу үшін өзге қалаға кетіп жүр. Ата-аналар балаларын 5,7,9 жыл бойы Алматы, Астана, Ақтөбеге жіберуге қиналып жатады. Қаңтар айында университетімізге келген Білім және ғылым министрі, сондай-ақ облыс әкімі Ералы Тоғжанұлы мен білім активтерінің кездесуі нәтижесінде, университетке медицина мамандықтарын қосу идеясы туды. 1-облыстық емханамен келіссөз жүргізу арқылы базамызға медициналық кластер енгізуге мүмкіндік бар. Алғашқы талдау бойынша, өлкемізде маман жеткілікті, медицина саласы бойынша 17 ғылым кандидаты бар, оның 4-еуі колледж деңгейінде сабақ беріп жүр. Биыл қаңтар айында 75 пәтерлік оқытушы-профессорларға арналған, университеттің өз қаржысына салынған тұрғын үйді іске қостық. Ғылыми потенциалы мықты медицина мамандарын жан-жақтан шақыртып, осы пәтерлерге орналастырамыз.
- 20 мамандық ашылады деп қалдыңыз, сонда университетте қазіргі таңда қанша мамандық бар?
- 37 мамандық – бакалавариатта, 15 мамандық – магистратурада, 5 мамандық PHD докторантурада. Университет базасына 10 мамандық – бакалавр, 8 мамандық – магистратура, 2 мамандық PHD деңгейіне қосамыз деген жоспар бар. Әрине, мамандықты көбейту үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі нақты белгілеген квалификациялық талаптар бар. Қазір бұл процесс қарқынды жүріп жатыр, қыркүйекке дейін 20 мамандық ашылады деп үміттенемін.
- Таяуда университеттің колледжін қайта ашылады дедіңіз. Колледж қашан алғашқы түлегін қайта қабылдай бастайды?
- Ғылыми кеңес ақылдаса келе, бірнеше жыл бойы есігі жабық тұрған Есенов колледжі қайта ашылады деген шешімге келді. Сонымен 2018 жылдың қыркүйегінен бастап колледж алғашқы түлекті қабылдай бастайды. Қазір лицензия алу жұмысы жүргізілуде. Колледж директорын тағайындау конкурс негізінде 1 айға созылды. Үміткерлердің әрқайсысы өзінің жаңа бағдарламаларын ұсынды. Ашықтық тәсілмен көп дауыс жинап, лайықты бағдарлама ұсынған азамат директор болып тағайындалды. Сонымен колледждің жаңа директоры – практикалық тұрғыдан білім саласында тәжірибесі мол маман, өлкеміздің азаматы Серік Өтебаев есімді азамат. Колледж деңгейінде IT саласына ерекше көңіл бөлінбек. Республика бойынша 74 жоғары оқу орны IT саласы мамандарын дайындайды екен. 4 жыл ішінде шамамен 107 мыңға жуық IT маманы бітіріп шығады екен. Кеше ғана көрші елдің президенті В.Путин жеделдетілген бағдарлама арқылы 1,5 жыл ішінде бакалавр студенттерін дайындау керек деп айтты. Біз де колледжде осындай жеделдетілген бағдарлама арқылы IT маманын дайындасақ, бакалаврда жалғастыратын түлектер қысқартылған бағдарламамен бітіріп шығуы тиіс. Колледжде мұнай саласы бойынша өңіріміздегі жоғары деңгейлі лабороториялық базаларды пайдалану арқылы ғылыми бағытты дамытсақ дейміз.
[embed]https://youtu.be/_HgGVBq4UFI[/embed]- Бүгінде Есенов университетінде қанша ұстаз білім береді?
- Қазір университетте 316 профессор-оқытушы бар. Ұстаздардың ғылыми деңгейі 51,4 пайызға тең. Университет ретінде қалыптасу үшін мамандардың ғылыми деңгейі 30 пайыздан жоғары болуы міндетті. Сол себепті ғылыми дәрежелер бойынша сұрақтар жоқ. Дегенмен ғылыми дәрежесі жоғары мұғалімдердің бәрі бірдей пайдалы жобамен айналысып жатыр ма деген сауал туады. Белгілі бір салалардан әлсіз тұсымызды жасырмай айтып, өзге де үздік университеттермен көмек сұрадық. Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы университеттер қуана қолдау көрсетеміз деп отыр. Ғылыми потенциалымызды көтеру мақсатында, әр өңірдегі жоғары оқу орнымен ғылыми тұрақты байланыс орната отырып, тәжірибе жинақтай аламыз. Біздің әлсіз тұсымызға өзге оқу орындары көмектессе, артықшылығымызбен өзге де университетерге көмек қолын созып, әріптестік қарым-қатынас жасап отырамыз.
- Мектеп бітірген оқушылар оқу ақысы төмен деп Ақтөбе мен Оралдағы оқу орындарына кетіп жатады. Оқу ақысын кім белгілейді?
- Оқу ақысы ҚР "Білім туралы" Заңына сәйкес Үкімет қаулысымен бекітіледі. Жыл сайын әр жоғары оқу орнына белгілі бір мөлшерде білім грантының саны белгіленеді. Әр жылы грант санымен бірдей сомада оқу ақысы бекітілуі міндетті. Гранттың көлемі оқытушыға беретін жалақы, материалдық-техникалық базаны жаңарту, коммуналдық қызметтер, мамандықты жаңаша дамыту стратегиялары – бәрі-бәрінің шығынын толтыруы тиіс. Гранттың көлемі объективті түрде айтсақ өте төмен. Соңғы 5 жылда грант туралы білімнің сомасы өзгерген жоқ. Техникалық, әлеуметтік, гуманитарлық бағыт бойынша – 350 мың теңге, педагогикалық бағыттарда – 450 мың теңге. Бұл кезде доллардың мөлшері аз болды: бұрын бір маман дайындау – 2 мың доллар болса, қазір 1 мың доллар көлемінде. 5 жылдан бері барлық техникалық жабдықтау мен өзге де шығындар қымбаттап кетті. Ресей Федерациясы бір маманды дайындауға 2000-3000 доллар көлемінде, Гарвард университеті шамамен 20 мың долларды жоспарлайды. Осы аталған қаржыға сәйкес әрбір жоғары оқу орны қызмет көрсету мүмкіндігін ұсынады. Сол себепті университеттерге қаржылық жағынан даму өте қиын. Біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне гранттың құнын көтеруді ұсынып отырмыз. Дегенмен кейбір отбасы үшін 350 мың теңгенің өзі қиын екенін ескеруіміз керек. «Төңкерілген класс» деген бағдарлама арқылы студенттердің онлайн білім алуына мүмкіндік жасасақ, оқу ақысын бірқалыптандыруға мүмкіндік туады. Білім беру сапасын сақтай отырып, кеткен шығындарды азайта отырып, бағаны бірқалыпты ұстауға болады. Осы сәтті пайдаланып, 2018-2019 жаңа оқу жылында оқу ақысының бағасы көтерілмейтінін хабарлағым келеді. Ал сыртқы бөлімде оқитын студенттер үшін оқу ақысының құнын шамамен 175-295 мың теңге аралығында белгіленеді деген жоспар бар.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда жаңа №12 маршрут қосылады- Үздік университеттерде ректордың гранты, шəкіртақылары тағайындалып жатады. Мұндай жеңілдіктер бар ма?
- Грант ұтып алу мүмкіндіктері бұған дейін де болған, қазір де бар. Биылғы оқу жылынан бастап, біз Есенов Олимпиадасын ұйымдастырып жатырмыз. Олимпиада аясында 18 жүлделі орын белгіленді: 6 адамға – 100 пайыз грант, 6 адамға – 75 пайыз, 6 адамға 50 пайыз жеңілдіктер беріледі. Дебаттық клуб аясында 2 адамға - 100 пайыздық, 2 адамға - 75 пайыздық, 2 адамға 50 пайыздық білім гранты тағайындалған. Университет дамуы үшін 3 компонент керек, біріншісі – жақсы инфрақұрылым. Университеттің инфрақұрылымы жаман емес, Nazarbayev университетінен кейін біздің ғимарат заманауи стандартта салынды. Екіншісі - жақсы оқытушы-профессорлық құрам, үшіншісі – талантты оқушылар. Талантты жастарды университетімізге тарту – негізгі мақсатымыздың бірі. Сол себепті мұндай олимпиада және интелектуалдық ойындар ұйымдастыра отырып, білімді жастардың Есенов университетінде шоғырлануына мүмкіндік береміз.
- Жақында университеттің атауы Esenov University деп өзгеретінін естідік. Сонымен бұрынғы ұзын атауды біржолата ұмытамыз ба?
- Жоқ, университеттің атауы өзгермеді. Біз жай ғана Esenov University деген қысқаша атауды қосымша қабылдадық. Шетелдік ортада, Қазақстанда университеттің танымалдығын жоғарылату арқылы жан-жақтағы студенттерді осында шақыруға болады. Университеттің заңды атауын «Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжениринг университеті» деген атаумен сол күйінде қалдырдық, брендинг саласында атын шығаруды көздедік. Сөйтіп университет ретінде қандай тарихи құндылықты біз елге ұсына аламыз деген сұрақ туды. 5 ай бойы арнайы дизайнер мамандар мен өлкеге танымал тұлғалардың кеңесімен, ғылыми кеңес қаулысымен университеттің Үстірт жебелері белгілгенген жаңа логотипін қабылдадық. "Білім туралы" жаңа Заңға сәйкес, әрбір жоғары оқу орнының өзіндік мөрі, өзіндік білім сапасы, атауы мен логотипі болуы тиіс. Алдағы уақытта Маңғыстау университеті ретінде емес, Каспий өңірінің барлық елдерімен бәсекелес университет болу үшін, атауды шетел тәжірибесі сияқты қысқа әрі латын әрпінде жазуды мақсат тұттық. Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей студенттерін бір арнаға тоғыстырып, оқу орны қақпасы ретінде жаңаша дамыту жоспарда бар.
- Университет Есенов сынды ғалымның атын алып отыр. Ол қазақ геологиясының атасы Қаныш Сәтбаевтың шәкірті әрі ізбасары. Ол – Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Бозащы, Қаламқас кен орындарында заманауи экономиканың негізін қалағандар геологтардың бірі. Өкінішке қарай, университеттегі Есеновтің мұражайы жабылып қалды дегенді естідік. Университетте мұражай қайта ашыла ма?
- Есенов мұражайы жабылған жоқ. Университет бас ғимараты жаңадан салынуына байланысты ескі ғимараттан жаңа ғимаратқа көшіріліп, жаңаша жасақталды. Мұражай кез келген уақытта келушілер үшін ашық. Есенов сынды ғалымның атындағы құнды бағалы мұралар мен өзге де тарихи құжаттар мен бұйымдардың орны біз үшін бөлек. Маңғыстау халқы жалған ақпараттан ада болса екен.
[embed]https://youtu.be/YqzaXCMX9Wk[/embed]Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН