Биыл облыстық «Маңғыстау» газетіне 45 жыл толып отыр. Осынау мерейтой қарсаңында газетті әр жылдары басқарған редакторлардың бірі Мейрамбай ҚИБАСОВПЕН сұхбаттасудың реті келген.
- Мейрамбай ағай, 1973 жылы Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» ("Маңғыстау") газеті ашылған күннен қызметке араласып, осы газетке еңбек сіңірдіңіз. Сол кезді еске алғаныңызда жадыңызға қандай да бір қызықты, не жабырқау сәттер түсе ме?
– Бұл сұраққа жауап беріп, бүгінгі «Маңғыстау» газеті бастауы туралы оқырмандарға ұғынықтырақ болуы үшін әңгіме арнасын сәл кеңейтіңкірей түскен жөн бе деймін. Бұған қалай қарайсыз?
– Әрине, әрине. Солай-ақ болсын.
– 1973 жылдың 20 наурызында Гурьев (Атырау) облысының құрамынан Маңғыстау өңірін бөлек шығарып, оған дербес мәртебе беру, дәлірегі – жаңадан облыс құру жөнінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы жарияланды. Осы жылдың 13 сәуірінде облыстық партия комитетінің конференциясы болып, басшылар сайланды. «Коммунистік жол» газеті, міне, тап сол күннен бастап өз жұмысына кірісті. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жұмсауымен редакторлық қызметке Семей қаласынан (ол кезде осы аттас облыс орталығы), сондағы «Семей таңы» облыстық газеті редакторының орынбасарлығынан Рысхан Мусин келді. Тақырып тармағы тамырласып тұр екен, Рахаң (марқұм) әруағын риза қылмаққа ол жайлы аздаған сөз айта кетейін.
Журналист ретінде Рысхан аға дарынды кісі екен. Сол қасиетін біздерге бірден байқатты. Қалам-қағазын қасынан қалдырмай жаза жүріп, өзгелерді де өзіне еліктіре білді. Бірде Индияға туристерге жетекшілік жасап оралған соң жолсапар очеркін газеттің бірнеше санына бастырды. Осындай жанрдағы жазбаның нағыз классикалық үлгісін көрсетті. Не керек, «редактормын» демей күн сайынғы тірлікке батыл араласып отырды. Бұған ұйымдастырушылық қабілетін қоссаңыз, алдыңызға бір ерекше бітімді ерен тұлға көлденең тұра қалғандай болар еді. Бұған дейін сұлбасы жоқ мемлекеттік орган – газет ашу, онымен сабақтасатын сан алуан істерді жеделдікпен атқару бір өзінің иығына түскен салмақты жүктұғын, соны азаматтықпен көтере білді. Бәрін орын-орнына қойды. Барлық мәселені оңды шешті. Ұйыған ұжым қалыптастырды. Нәтижелі жұмысқа жол ашылды. «Коммунистік жолға» 4 жыл басшылық етіп, туған жері Семейіне кетті. Барып «Семей таңына» редактор болды. Кейініректе әрқилы себеппен жабылып қалған «Абай» журналын қайтадан қалыпқа келтірді. Сексенге таяп, өмірден озды. Рысхандай ардақты адамның қолтығының астында жұмыс істеген, одан тәжірибе-тәлім алған, көмегін көрген кездерімді кейде сағына ойыма оралтатыным бар. Енді сауалыңыздың негізгісіне көшейін. Ол кезеңнің белгісіндей болып, жадымда жатталып қала қойған жабырқау сезімін бастан кешпеппін. Себебі «басымыз аман, бауырымыз бүтін» еді. Әлі 30 жасқа да жетпегенмін. Көңіліміз көтеріңкі, өміріміз өңді дегендей. Ал қызықты сәттер... Олар қандай болуы мүмкін? Әртүрлі және көп шығар. Газет ашылған алғашқы айларда редакция 5-шағынаудандағы бір мектептің кеңдеу бөлмесіне жайғасты. Адам саны аз. Негізінен Өзен аудандық «Жаңарған Маңғыстау» басылымынан келген қызметкерлер. Аталған ауданның жабылуымен газет те қызметін тоқтатқан. Үнпарақтың алғашқы нөмірін шығарар алдында редакторымыз бас-басымызға тапсырма берді. Формат – кішкентай. Беті – төртеу. Сонда да материал көп керек. Жүгірдік-тұрдық, бардық-келдік, әйтеуір, газет одан тапшылық көрмеді. Жұмысымыз бірте-бірте өз арнасына түсті. Араға айлар айналып, қарамыз да арта бастады. Бұлай болғаны, әрине, жақсы да. «Жамандауы» – кабинеттің тарлық еткендігі, бәріміз бір жердеміз, ішінде басшымыз да бар. Төңірегіңдегілермен ең азы тілдесе алмайсың, сыртқа себепсіз шыға алмайсың. Төмен қарап, басыңды көтермей, ақ қағаз бетіне шұқшиясың да отырасың.
Жасаған қимылыңды, басқан ізіңді редактор біртүрлі аңдып тұрғандай сезіледі. (Бәлкім, олай етпейтін де болар). Бес-алты тілшісі - біз секілді бұл да орнынан орынсыз сәл қозғалмайды-ау, тәйірі. Үн қатпайды. Көп сөйлемейді. Іштегі тылсым тыныштықтан ұшқан шыбын қанатының ызыңы естіледі. Ортақ мәселе туындап жатса, сыбырласып қана шешкендей боламыз. Кейде иек қағысып, көздерімізді қозғалтып, «пікір алысамыз». Неге бүйтеміз? Біріншіден, қақ ортаңдағы редакторды сыйлауға тырысамыз, екіншіден, тәртіп талаптарын бұлжытпай орындаймыз.
Газетті басып шығаратын баспахана қаланың шығысындағы «өнеркәсіп аймағы» делінетін мекенжайда болатын. Оның материалдық-техникалық базасы өте-мөте нашар осал-ды. Қазақшасының қалай айтылатынын білмеймін, орысша «плоская печать» дейтін өзіңіз де білетін тәсілмен барлық тираж басылды. Яғни шап-шағын жабдыққа ақ қағаз қолмен беріліп тұрады. Ұзаққа созылатын процесс. Артынан ротация машинасы орнатылғанымен, ол да оқтын-оқтын бұзылып, істен шыға беретін. Бірде ана тетігі, мына тетігі... Соның салдарынан газетті түп-түгел дайын етуде кідіріс жиі кездесетін. Кезекші редактор «басуға» деп қолын қойып кеткесін кезек «тың көз» дейтін оның жұмысын жалғастырушыға тиетін. «Көресінді» көретін сол болады сосын. Түнде, көп дегенде түске шейін басылып, тиісті жерлерге таратылып үлгеруге тиіс «Коммунистік жол» ертеңіне кешке, тіпті түнге ұласқан шақта ғана баспаханадан жол тартатын. Ал біз маусымның 4 мезгілінде де өріп жүретін сол беттің қара масасына таланып, жем болатынбыз. Жаста болса, ет пен сүйектен жаратылғандармыз ғой, діңкелеп, шаршайтынбыз. Кейін жағдай түзелді-ау, әйтеуір.
Маңғыстауда облыстық газет ашылғандығын естіген мамандар жан-жақтан ағылып келе бастады. Атыраудан, Оралдан, Ақтөбеден, Алматыдан... Солай болғасын салалық бөлімдер бірінен соң бірі «отау тікті». Тақырып таңдамай, жапа-тармағай жазып жүрген манағы санаулы қызметкерлер енді өз еншілерін алуға көшті. Мен «информация (ақпарат) және спорт» деген бөлімге бөліндім. Меңгерушім – Алматы жоғары партия мектебін бітірген Бақытжан Неталин. Екі тілге – қазақшаға және орысшаға бейім сауаты жоғары азамат еді. Үй-жай мәселесі шешілмегендіктен 67 ай өткесін Ақтөбеге кетіп қалды. Жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бөлім таратылып, мәдениет бөліміне қосылды. Ендігі қалам тербер тақырыбымыз – осы сала болды. Бақытжан ағай пәтермен қамтамасыз етілмеуі себепті жылы орнын суытса, енді бір ағамыздыкі бұған керісінше сипат алды.
Оның аты-жөні – Өмірбек Оңғарбеков. Солтүстік Қазақстанның: не Қостанайдың, не Петропавлдың тумасы. Аласа бойлы, тып-тығыз денелі, жүзінен пәлендей жылылық аңғарылмайтын, төбе шашы селдіреп қалған қаламгер. Елінен жаңа жерге қалай келді? Жолдамамен, яғни жұмсаумен бе, әлде редактордың тікелей шақыруымен бе? Онысын білмедік, білгеніміз – 2-орынбасар орындығына отырғандығы. Әркім тиісті міндетін атқарып жатты. Ол да, біз де. Өмекеңнің екі бөлмелі пәтер алғандығын естідік. Келесі күндерде тағы құлағымызға шалынғаны – ағаның отбасын осында біржола көшіріп әкелгендігі жайлы хабар. «Е, бұйырса, қоныс тойына қатысатын шығармыз» десті іштегілер. Шынымен дәметтік. Күттік. Сес жоқ. Өзгеге алаң болмай, жұмысқа жұмыла түстік. Орынбасарымыз отбасын әкелгеннен арада шамамен ай өткенде «ағай еліне қайтайын деп жатыр екен» тәрізді оқыс сөз тарады редакцияда. Елеңдесіп қалдық. Бәріміздің жанарымызда «О несі? Қалай болғаны?» деген сұрақ жазулы тұрған шығар сол сәтте. Мәселенің мәнісі соңынан анықталды.
Ақтауда Рысхан ағайдың университетте бірге оқыған курстасы барды. Ол 1970 жылы ашылған осындағы телеорталықта еңбек етіп жүрген. Рахаң өзі редакторлық қызмет алғасын көп ұзамай оны 1-орынбасар еткен. Шамасы, әлгі басқа өңірден келген азаматта сол орынға ыңғайланса керек. Бірақ мұнда көргені, басқа жағдай: 2орынбасарлық қызмет. Соны қанағат тұтпай, биліктен мансапқа жеткізбеген басшыға өзінше өкпелегенсіп немесе алданып, қорланған деді ме, намысқа шапты ма, әйтеуір жаңағыдай ешкім күтпеген тосын шешім қабылдапты. Пәтерін де, басқасын да «талақ» қылып, 12 күнде ауылына кетті де қалды. Естігеніміз – бір де бір адаммен қоштаспай жөнелулі.
– 1988 жылы облыстық газет жабылып қалады. Кейін газетті қайта шығару жолында сіздің көп тер төккеніңізді көзімен көрген өзіңіздің әріптес інілеріңіз үнемі айтып жүреді. Ұлтың үшін ұрандап шығу оңай болмаған сол кезде қазақ тілді газетті қалай қайтарып алғаныңызды өз аузыңыздан естісек.
– О, ол бір адам түсініп болмайтын алағаудан кезең еді ғой, қалқам. 1988 жылдың маусым айында дербес облыс ретінде Маңғыстауды таратып, қайтадан Гурьев облысының қарамағына өткізу жөнінде Жарлық шықты. Ол екібастан бұлжытпай орындалды. Онымен қоса «Коммунистік жол» газеті де құрдымға кетті. 15 жыл жақсы жұмыс істеп келген облыстың да, бұқаралық ақпарат құралдарының да, ақын Т.Молдағалиевше айтқанда, «өз өмірін соңғы рет бір жыр етіп» жабылып қалуы елді есеңгіретіп тастады. Талай тағдырға соққы болып тиді. Әсіресе газет журналистеріне. Қос басылым – «Коммунистік жол» мен «Огни Мангышлака» жұмысын қатар тоқтатса, қанеки, онда «көппен көрген ұлы той» деп қоясың-дағы.
Жаныңа батқаны – орыс тілдінің қалалық мәртебемен шығуын жалғастыра беретіндігі, біздікінің жоғалғаны. Айқайлап тұрған ақиқат болғандықтан айтамын, қарағым, қазақ тілді газетті басқарып отырған сол тұстағы азаматтардың ешқайсысы оны аман алып қалуға, әріптестерінің ертеңгі күні қаңғыбасқа айналмауына түк әрекет етпеді.
«Әйел ерге, ер жерге қарады». Мұндайды немкеттілік, не бойкүйездік дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Ал орыс газетінің редакторы бірден Мәскеу қаласына тартып, сондағы орталық комитеттің нән хатшысы – ескі танысына барып, «Огниді» жабылу атты «жаудан» қорғап та, сақтап та қала білді. Бұған не айтасыз? Әлқисса, «Коммунистік жолдың» мәселесі ақи-тақи шешіліп, ұжым мүшелері бет-бетімен кетейін деп жатқан көңіл күй пәс шақтарда редакциямызға облатком төрағасы, марқұм Н.Ә. Марабаев пен обкомның идеология жөніндегі хатшысы Т.П. Догадова бой көрсетті. Кімнің нендей ойы бар екендігін білуге келіпті. Бұл Татьяна Павловнаның (стол басында бір-бірімізге қарсы қарап отырғанбыз) аузынан естігеніміз. Ешкім ештеңе (газет жетекшілерін меңзегенім) демегесін мен одан қазақ газетін жапқызбауға қандай қадам жасағандығын сұрадым. Үндемей, етек жағына назарын бұрды. Түсінікті емес пе? Таңғалғаным – айналамдағы үлкен-кіші әріптестерімнің арасынан газетін «жоқтап» жалғыз түйір пенденің жақ ашпағандығы. Есесіне дым шешпеген басқосу мәресіне жетіп, тысқа шыққанымызда бәрі бірдей жамырасып, хатшыға айтқанымды хош көріп, арқамнан қақты. Мұның құны мен үшін тап сол сәтте көк тиын қара бақырмен пара-пар еді.
Бізді біртіндеп Қазақстан Компартиясы ОК-ден келген нұсқаушы орыс жігіті қабылдауына шақырды. Кезегім жеткен соң алдына бардым. Қай қызметкердің нендей лауазымға ие екендігі қолындағы қағазда жазылып қойылыпты. Мен ол тұста өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Сондықтан да алматылық өкіл маған Қарағанды облыстық (өнеркәсіпті өңір) газеті редакторының 2-орынбасары қызметін ұсынды. (Ол өзімен республикадағы бүкіл және әр деңгейдегі басылымдардағы бос орындар тізімін ала келіпті). Бас тарттым. Бір жаққа кетіп, сұлтан болғанша, өлкемде жүрер ұлтандықты қаладым. Келесі кезекте Гурьев облыстық газетінің редакторы Т.Жауыров аппаратқа шақырып, аға тілшілікті беретіндігін айтты. Отбасымды айдалаға тастап, өз күйімді күйттеп, басқа қалаға баруды бұл орайда да жөн санамадым. Осы кезде Маңғыстау өлкесінің үш өңірі бойынша «Коммунистік еңбекке» үш меншікті тілші белгілеу әңгімесі жүріп жатты. Бұған «Коммунистік жолдың» редакторын, бір орынбасарын және бөлім меңгерушісін қолайлаған сыңайлы жоғары органдағылар. Мен де бұл лауазымға бағымды сынап көру ниетіммен Теңдік ағайға «баламалы негізде сайлау ұйымдастырсаңыз қайтеді?» деген ұсыныс түсірдім. Қолдады. Амал не, арты нақты іспен жалғаспай, сөз түрінде қалды...
Сонымен газетімізден көз жаздық. Қаламдастар бытырадай шашырап, басы ауған жаққа бет алды. Мен де өз жөнімді таптым. Енді не істеу керек? Іштей бір іске бекіндім. Қолым мен ауызым жеткен жерге барып, жұмыссыз сандалған кейбір әріптестеріммен жолығып, баршамызға ортақ ой тастадым. «Жиналайық, қалалық партия комитетіне барайық» дедім. Біреулер келісті, келесілері келіспеді. Келіспегендер – өйтіп-бүйтіп жұмыс тауып алғандар. Содан тапқан-таянған 5 адамды (ішінде өзім де бармын) ертіп, 1-хатшы Н.И. Баевтың кабинетіне кірдік. Кірер алдында қасымдағыларды кішігірім «инструктаждан» өткізгенмін.
«Жеке қотырымызды қасып кетпей, тек газет мәселесін қозғауымыз керек» дегенмін. Николай Иванович орыс-казактың бір тәуір азаматы еді ғой, жылы қабылдады. Сөйлеуші – өзіммін, жеріне жеткізе айтқандаймын. Әуелгі келісімге сәйкес 2 жігіт қолдау рәуішіндегі пікірлерін қосты. Арамыздағы жас жағынан ең үлкеніміз әлгіндегі нұсқауымды бұзып-жарып, шала орысшасымен қара басын қамдап кетті. Газет жайлы бір сөз айтсайшы-ау шіркінің! Сөйтіп, 1-хатшының, қала басшысының «көмектесеміз» деген жұбатуына мәз болып, ғимаратты артқа тастадық. Ниеті түзуліктен уәдесін берген болар, алайда ол тараптан жылы жел еспей қойды. Баев жолдас шаруамызды тиянақтауға батыл араласты ма, араласпады ма, ол арасы жұмбақ.
Бұрынғы қызметтестерім секілді өзім де тым-тырыс, әрекетсіз, бұйығыланып жүре беруіме болатын еді, бірақ облысынан бір, баспасөзінен екі айырылып жұтағандай, көз-құлақсыз, соқыр, не меңіреу күй кешкендей тұмшаланып, тұраланған жерлестерім ойымды сан тарапқа сандалтты. «Ойбай-ау, осы газет жалғыз маған керек болғандай неге соншама қиналамын, мазасызданамын? Жұмысымды жасап, аздаған айлығымды алып, жанұямды асырап отырмаймын ба, бас қатырмай?» деп, өзіме сауал да қоямын ара-тұра. Жүрегімнің түкпірінен мұндайда «жоқ, жолдас Қибасов, Махамбет Өтемісов: «нар жігіт қажет біздің мынадай ісімізге» демеп пе еді, ендеше, бел шешіп, атойлап шығатын көп ортасынан белсенді біреу көрінбесе болмайды» дегенге ұқсас дауыс саңқылдайды. Соңғы байламға бағындым да, тағы атқа қондым. Қаланы, даланы, елді мекендерді, ауыл-аймақты, кәсіпорындарды аралап, адамдардан қол жинадым. Ұмытып барады екем ғой, әуелі Қазақстан Компартиясы ОК-нің сол жылдардағы біріншісі Колбиннің атына жағдайымызды баяндап, орыс тілінде хат мәтінін дайындадым. Соны тұрғындарға көрсетіп, оқып, түсінбейтіндерге қазақшаға аударып беретінмін. Мың қаралы қолтаңба қоржыныма түскесін Ақтаудың бас поштасына барып, іші-сыртын әспеттеп, арнайы конвертке салып (әрине, хатпен қоса), әзірленген екі дананың алғашқы «тазалауын» Алматыға – Колбиннің, екіншісін – ОК-тің идеология жөніндегі хатшысы, қазақ халқының адал перзенті, зиялы тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің атына жолдадым. Ресми жауап күтемін ғой сосын. Зарықтырып, зарықтырып ол да келді бір күндері. Анығы – айдан асатын уақытта. Қайдан дерсіз? Алматыдан емес... Атыраудан. Облыстық партия комитетінен.
«Құрметті М.Қибасов жолдас!
Сіз ОК-ке жабылған газетті қайтадан ашу туралы хат жазған екенсіз. Журналистердің бос сенделіп жүргендігін де айтыпсыз. Біздегі мәлімет бойынша олардың барлығы түгелдей жұмысқа орналасқан. Ал қазақ тіліндегі газеттің халыққа қажетсіздігінен (қараңызшы, қандай жаман сөз!) ашылу мүмкіндігі жоқ.
С.Әжіғалиев, Гурьев облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі» делінген.
Бұл жігітті – Сырымды жақсы танитынмын. 70-жылдардың ішінде Өзен аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі қызметінде жүрген. Мен мұнайшылар қаласында тұрғанымда қоғамдық жұмыстарға араласқанмын. Клубтағы («Мұнайшы») көркем-өнерпаздар үйірмесіне қатысып, конферансье болғанмын. Соны көріп-білген комитеттегілер Мәскеудегі 4 жылдық комсомол мектебіне оқуға жіберуге талаптанған. Оған үгіттеп, «вербовка» жасаған аталған идеология майданының «майоры» болатын. Жауапта көрініс тапқан негізсіз, жалған сөздер қанымды қайнатты. Әсіресе «халыққа қажетсіз» дегені. Шыным, ызаландым. Қолыма тағы қалам, қағаз ұстадым. Газет пен әріптестерімнің нақты ахуалын тізбектеп тұрып обкомға хат жаздым. Ол сол кеткеннен мол кетті. Тіл қатқан тірі пенде байқалмады. Япырм-ай, не қылар екенмін? Нендей тетікті пайдалансам екен? Осы республикалық газеттер бар емес пе?! Таңдағаным «Қазақ әдебиеті» болды. Ойларымды жиып-теріп, дәлелдеп, мақала жаздым. Тақырыбын «Газетім қайда, газетім?» деп қойдым. Мәселенің өте өзектілігін, өткірлігін сезінген редакциядағылар шапшаң жарыққа шығарды. Рас, бұл кезекті әрекет-қимылым қоғамдық пікір туғызудан әріге аса алмады. Дәл сол кездері қайтпас сапарға аттанғандай аңғарылған «Коммунистік жолды» қалпына келтіре қояр мықтылар не жергілікті, не жоғарыдағы мемлекеттік және үкіметтік құрылымдардан табыла қоймады. Табылды, бірақ қолында билігі жоқ, ұсыныс-пікір білдіруден өзгеге қауқарсыз қоғамдық ұйым. 1989 жылдың шілде айында құрылған «Парасаттың» жетекшісі, мейлінше елжанды, ұлтжанды, жақсының жанашыры – Сайын Шапағатовтан. Сондықтан Маңғыстау облысы мен газетіміздің жұртына қайтарылуындағы, маңғыстаулықтармен қуана қауышуындағы (1990 жыл) Сәкеңдей сәйгүліктің үлесін бүгін де айрықша атап көрсетпекпін. Өзімнің күресуімді азаматтық парызым есебінде түсінемін және бағалаймын. Сіз қойған сұрақтағыдай, ұлтым, халқым, журналист бауырларым үшін ұрандап шыққан және оңайлықпен жеңіс тұғырына көтеріле алмаған қарапайым ғана қазақтың бірімін. Баcында келмеске кеткен сияқты болып әсер қалдырған құндылықтарымыздың өзімізге оралуын орасан олжа деп білемін.
– «Коммунистік жолдың» «Маңғыстау» атануы да сіздің есіміңізбен тығыз байланысты екенін білеміз.
- Иә, бұл да қызықтау хикая. Біраз дүмпуден кейін, сірә, ашылмақшы газеттің төбесі 1989 жылы қылтиды. Оған енді редактор керек қой. Ондай кісіні айқындау мен тағайындау күллі одақ шеңберіндегі кадрлық және жаңа саясатқа сай баламалы негізде жүргізілетін болыпты. Ақпарат құралын – құдыққа құлаған құланды жарыққа тартып шығарудағы күйіп-піскен халімді көзімен көрген әріптестер хабарласып, өз кандидатурамды ұсынуға өтініш жасады. Бұған «Парасат» қозғалысының үйлестірушісі Сайын аға және оны ұйымдастырушылар сапындағы бірсыпыра тілекші жігіттер қосылды. Келісімімді бердім. Бірде қалалық партия комитетінен үйіме телефон шалынып, пәлен күні, пәлен сағатта, пәлен кабинетке келуімді сұрады. Комитеттің 2-хатшысының қасынан орын тепкен 5 әріптестің алтыншысы рөлінде мен де орналастым. Ол: «Жолдастар, қалалық газет ашылуы тиіс. Биыл ма, келесі жылы ма, әзірге белгісіз. Басшы сайлаймыз. Үміткер - бәрің, іс-қимыл бағдарламасын әзірлеңдер», – деді. Біреу «қайсы тілде?» деп сұрап еді, жиналысты жүргізуші қазақ азаматы «орысша» деді. Мұны түсінбеген біз сыбырласып, жыбырласып тарастық. Араға апта түсті. Партия ұйымынан «ертең бізге келіңіз, бағдарламаңыз тыңдалады» деген хабар алынғасын мезгілінде жетіп бардым. Әнеугілердің бәрі жиналыпты. Бақсақ, ұйымдастыру-кадр мәселесі жөнінде комиссия бар екен, андыздап 6 азамат соның алдынан өтеді екенбіз. Қарасы 20 шақтыдай адамның 2 мүшесінен басқасы орыс ұлтынан. Бекетім-ау, қазақша басылымның қазақ редакторының (келешектегі) бағдарламасына мыналар қалай баға бермекші?
Былайғылар көкейінде не болды, білмеймін, өз бойымды осы сұрақ биледі. Не керек, төрде отырғандардың қатаң сүзгісінен сүрінбей өткен екеуміз – мен және М.Іңірбаев– «финалға» шықтық. «Финалымыз» – қалалық партия комитетінің бюросы. Алайда оған қатысу маңдайыма жазылмапты. Гурьев облыстық партия комитеті «Коммунист орны - алғы шеп» дейтін жалаң ұран желеуімен мені Жаңаөзенде жаңадан ашылғалы жатқан газеттің редакторлығына зорлаңқырап жұмсады. Бұл – енді арқауы басқа тақырып.
...Бюроға шақырылуды күтіп жүргенімде партия комитетінен басқа мәселені қарап, талқылауға арналған жиналысқа қатысуымды сұраған қоңырау соғылды. «Бұ немене екен тағы» деп күпті боламын ғой баяғы. Барсам, онда Мырзағали да жүр екен. «Білесің бе, не нәрсе?» деп бір-бірімізден сұраймыз. Екеуміз қатарласа бас шайқаймыз. Тиісті кабинетке кірдік, адам көп. Орыс та, қазақ та, тіпті әзірбайжан бар араларында. Басымы – таныстар. Жиналыстың төрағасы – бұрынғы хатшы. «Жолдастар, - деді ол әуелгі үйреншікті әуенімен, – қалалық қазақ газетінің атауын қоюымыз керек. Кімнің қандай ұсынысы, ой-пікірі бар? Айтыңдар, талқылайық». Сол мезет бірдеңеден құр қалатындай орнынан жылдам тұрған ірі кәсіпорын парткомитетінің жетекшісі, егделеу кісі: «Коммунистік жол» күйінде қала берсін. Коммунизмге келе жатқан жоқпыз ба?» деді сөзінің жартысын әзіл-шынға бұрғандай. Оны біреулер қолдап әкетті. Бұл – компартияның іргесі шайқалып, төбесінен қара бұлт төніп тұрған кезі болса да функционерлердің екпіні екіленулі, дес бермейді. Жаман емес ұсыныс та айтылды. «Алау», «Ақтау ақшамы» дегендей. Мен сөз сұрадым. Сөзімді алыстағы Алматы облыстық газетінен бастадым. Айтқаным: «Республика астанасындағы үнпарақтың атауы – «Жетісу». Өңір Жетісу болғандықтан солай аталған. Біз бен сіздің қазіргі мекен-тұрағымыз Маңғыстау ғой, келіңдер, қалалық газетке сондай бойтұмар тағалық. Құлаққа жағымды естіледі емес пе?» О, тоба, демін ішіне тартып тына қалған мыналарға не болды? Іңірбаевқа ымдап едім, түсінбеді ме, үндемеді. Сөйткенше төраға да «бүгінге жарар, алда тағы жиналармыз» деп, жиналысты жапты.
Жиналдық. Он шақты тәуліктен соң. Мырзағалиды қайраңқырап, «Давай, қалай да «Маңғыстау» атауын қорғап қалайық. Жеңілсек, бүгінгідей шанс екінші рет қайталанбайды. Бірінші мен бастайын, сен қоста», - дедім. Айтқанымдай жасалды. Бірақ басқа өңірдің адамы екенін әйгілеп бергісі келгендей, манағы кәсіпорын парткомының өкілі қарап қалмай, «Маңғыстау» – этническое название, я с этим предположением не соглашусь» деді орысшалап. Орнымнан тағы тұрдым. Он-он бес минуттай сайрадым-ау деймін. Мәдениетті сөйлеп, сылап-сипап, ағамның арынын басқандай болдым. Бұдан кейін ешкім тіс жармады... Аллаға шүкір, газетіміз «Маңғыстау» атауын иемденіп, оқырмандарына жол тартты ғой. Бұған қалайша қуанбассың!
– Сіздің ұшқыр қаламыңыздан туған салмақты мақалаларыңызда есеп жоқ. Әр мақаласын жанымен беріліп, жауапкершілікпен жазбаған қалам иесінен жақсы журналист шықпасын ұқтық. Өзіңіз мол тәжірибелі қаламгер ретінде бүгінгі әріптестеріңіздің аяқ алысына, өзіңіз іргесін қалаған газетіңіздің бүгінгі келбетіне көңіліңіз тола ма? Түзетіп жіберер тұстарымызды айтсаңыз.
– «Маңғыстаудың» ұзақ мерзімді тарихында із қалдыра жүріп, әртүрлі тақырыпта мақаланы көп жазғаным шындық. Өйткені алдында айтқанымдай, информация және спорттан бастап, мәдениет, кеңес құрылысы, еңбекшілер хаттары және бұқаралық жұмыс, құрылыс, транспорт және байланыс, өнеркәсіп, партия тұрмысы және құқық бөлімдерін шарлап өттім. Бұлар – сонау жылдардағы он бөлімнің сегізі. Демек, 8 салада жұмыс істеппін. Ертеректе бір кабинетте бірге отырған марқұм әріптес ағамыз «саусақтан сорып жазған мақаланың құны төмен, дәм-тұзы жартусыз болады» дейтін кейбір әріптестеріне көңілі көншімегенде. Аға буыннан мұндай сөз есту - ұят. Намысыңды түртеді. Мен омалып отырмаған жанмын. Іссапармен өлкемізді аралаудай-ақ араладым. Бармаған жерім жоқ та шығар. Сондай жүріс-тұрыстың алғашқы нәтижесі – блокнотым толы адам аттары мен цифрлар, келесі нәтижесі – ақ қағазға шимайланған және жарияланатын мақалалар: очерктер, корреспонденциялар, заметкалар, репортаждар, аналитикалық және сыни сипаттағы дүниелер. Барлығын баспаға дайындарда жауапкершілікпен қарағаным да жалған емес. Маған қатысты айтқан жылы лебізіңізге рахмет.
"Маңғыстау" газетінің ұжымы қазір ылғи жас қыз-келіншектерден құралғандай ма, қалай? Газетті үзбей, тұрақты оқимын деп өтірік сөйлемейін, дегенмен анда-санда қолға тиген сандарынан байқайтыным – әдемі, әсерлі. Қатарыңыздағы журналист сіңлілеріңіз – Голрох Жеменейден, Фарида Мұңалдан, Венера Мирланнан, Үміт Жәлекеден талапты, қабілетті, қарымды қаламгерлерді көргендей боламын. «Маңғыстаудың» болашақ тұтқасын ұстайтындар – солар. Тілшіге үздіксіз ізденіс, білімін көтеру, дүниетанымын кеңейту артық етпейді. Жазған-сызғандарын ұтымды жерінде мақал-мәтелмен, қанатты сөзбен тұздықтап отырса, салмағы артады. Тұтас газет жөніндегі көзқарасым – оң. Кем-кетік, жетіспеушілік болмай тұрмайды қашан да...
– Ұзақ жылдарғы еңбегіңіздің зейнетін көріп жатсыз. Жұмыстан мойын бұра алмай жүрген жылдары да уақыт тауып, біреше кітап шығарып тастаған едіңіз. Қазір де қаламыңыз құр жатпаған болар?
– «Еңбек түбі – зейнет» дейтін қағида бізге де, сізге де таныс. Зейнеткер ретінде ғана соны місе тұтпасам, басқалай дәнеңе көрген емеспін. Ескертейін: мен даңғаза даңқ, атақ, награда жолында тер төккенім жоқ. Оларды ойламадым да. Зейнет демекші, жабылған газетті ашу үшін жүгіргенімнің қорытындысы ма, өтемі ме - әріптестерімнің ұсынуымен 1994 жылы "Маңғыстау" газетінің бас редакторлығына тағайындалдым. Жауапкершілік жүгін арқалағасын міндетіме төтенше ыждағатпен, ыстық ықыласыммен кірістім. Ілгеріге белгілеген (әңгіме газет жайлы) жоспарым да аз емес-ті. Не пайда, бір жыл бір ай отырғасын қызметімнен лақтырды да тастады. Әкім-қараның қаралап, көзапара жапқан жаласынан біразға дейін айыға алмадым. Алла куә: жақсыға да, жаманға да, аққа да, қараға да, шырақ.
Рас, бірнеше кітабым жарық көрді. Әлі де 5-6 баспатабаққа жетерлік мақалаларым, өлеңдерім жиналмапты. Аудандық, қалалық, облыстық газеттеріміздің беттерінде қалып қойды. Оларды іздеу, табу, жүйелеу дегеніңнің өзі қыруар шаруа. Бәрі кезінде құнттамағанымыздан, жіберген бейқамдығымыздан да. Соңғы сұрағыңыздың соңғы жолына байланысты айтарым тіке сөз: қалам құр. Қосарым: «Маңғыстаудың» 50 жыл бойғы тарихы көз алдымда жазылды. Оған өзім де араластым. Түбектің игерілуін Өзен өмірімен өзектестіріп бір көркем шығарма шатпақтауды көздегенмін. Бастапқы нұсқаларын да қағазға түсіргенмін. Алайда өмір-тұрмысыма кенет енген ауыртпалықтар шырмауынан шыға алмай қалдым... Ой – ой қалпында тұр.
Сұхбаттасқан Валентина ҚОЗЫБАҚОВА