©
Маңғыстау ажырасудан да алғашқы орынды алып келеді. Былтыр некеге тұрғандар санынан ажырасқандар саны бар болғаны 4 есе кем. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында 5056 жұп некесін қиса, ажырасқандар саны – 1399. Яғни, Маңғыстау тұрғындары ішінен 4 жұп үйленсе, 1 жұп некесін бұзады екен. 2017 жылы №2 Ақтау қалалық сотында 618 жұп ажырасыпты. Облыс бойынша неке бұзуға арызданатындардың көпшілігі осы қалалық сотқа жүгінеді екен. Сонымен, қай жастағы жұптар жиі ажырасады? Шаңырақты бұзудың басты себебі не? Осы сұрақтарға аталған қалалық соттың судьясы Мұқашев Мұхит Хамзаұлы жауап берді.
- Былтыр ажырасушылар саны көп пе? Қай жастағылар көбіне ажырасып жатады?
- Неке бұзуға түскен арыздар саны – 1039, 2016 жылғы түскен арыздарды қосқанда – 1103. 21-30 жас аралығындағы азаматтардан ажырасу туралы арыз көп түседі. 30-40 жастағы жұптар да келіп жатады, бірақ жиі емес. Зейнет жастағылар да келеді, өте сирек.
- Ажырасу фактілерінің қандай негізгі себептері бар?
- Ажырасудың бірнеше себебі бар. Ең басты себеп, ер адамның отбасын бағуға талпынысы жоқ болуы, жұмыссыздық. Жиі кездесетін екінші себептің бірі – жас отбасыға ата-анасының, көп жағдайда күйеуінің анасы, яғни енесінің араласуы. Тағы бір себеп – отбасы мүшесінің ішімдікке құмар болуы. Отбасыдан гөрі ішімдік пен өз ортасын жоғары қоятын азаматтың да некесі ұзаққа бармай жатыр.
- Ажырасуға көбіне қай тараптан арыз түседі?
- Әйел адам тарапынан ажырасуға арыз көп түседі, 90 пайыз әйелдер деп айта аламын. Арызданып жататын ерлердің үлесі, шамамен, 10 пайыз.
ҚР «Неке және отбасы туралы» Заң кодексі бойынша, ажырасуға арыз берген жұпқа 6 айға дейін мерзім беруге болады. Жоғарғы соттың нормативтік қаулысында қалай сот процесі жүретіндегі, қандай жағдайға ерекше көңіл бөлу керектігі кеңірек көрсетілген. Арыз сотқа түскеннен кейін міндетті түрде 1 айдан кейін қаралу керек. Өйткені көп жағдайда қызбалықпен берілген арыз бірнеше күн ішінде қайтарылуы мүмкін. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», отбасы арасындағы реніш 2-3 күн ішінде басылып жатады. Мұндай кезде арыз жазғанына ұялатын жағдайлар да кездеседі.
- Маңғыстау бойынша 2017 жылы қаңтар-қараша аралығында ажырасқандар саны – 1399, ал сіз қызмет ететін қалалық сотында 618 жұп ажырасыпты. Сонда қалалық сотқа арыз берушілер көп пе?
- Көпшілік Ақтау орталық болғаннан кейін қалалық сотқа жүгінуді қалайды. Арыз берушілердің көбі әйелдер екенін ескерсек, көпшілігі қалада тұрады. Бала тәрбиесіндегі аналар болса, оларды басқа ауданның сотына барыңыз деп жүгіртіп қоймаймыз. Онсыз да өмірінде өзгеріс болып жатқан адамды сарсаңға салмай, істі қалада қарап, реттеп береміз. Қарапайым халыққа қалалық сот үлкен сот сияқты көрінеді.
- Алимент мәселесі бойынша арызданушылар көп пе?
- Кейбір қыз-келіншектер алимент алу үшін ажырасу керекпін деп есептейді. Ажырасу арқылы әкесінен ақша өндіріп алуды көздеу – қате түсінік. Алимент алу үшін ажырасудың не қажеттігі бар? Алиментке арыз берген әйелге үш күн ішінде сот бұйрық шығарып береді. Босанған ана 3 жасқа дейін үйде отырса, сол уақытта әкесі баласын ғана емес, еңбекке жарамсыз анасын да асыруға міндетті. Осы алимент түрі бойынша да арыздар көп келеді.
- Маңғыстауда көп ұлт өмір сүреді. Қазақтар мен өзге ұлт өкілдері арасында ажырасу процесі кезінде айырмашылық бола ма?
- Әрине, бар. Өзге ұлт өкілдері көбіне салқынқанды болады. Екі жұп ажырасуға бірден келісіп келеді. У-шуға ұласпайды, көбіне белгілі бір жағдайға бола ажырасады. Мысалы, Ресейге, басқа елге көшуге шешім қабылдап, біреуі елде қалып, ажырасатындар көп. Ал қазақтар көбіне сот отырысымен отбасыларымен келіп жатады, екі жақтың анасы келіп, үлкен дау-дамайға ұласып кететін кездер аз емес.
- Жұптардың татуласу жағдайы жиі кездесе ме?
- Судьялар арызданып келген жұпты барынша татуластыруға тырысады. Бұған дейін 70-тен аса жұпқа арнайы мерзім беріп, медиацияға жүгініп, татуластырған екенмін. Ымыраға келуді қаламайтын адамдарды бірден мерзім бермей, ажырастырып жіберсек, шаңырағын бұзғандар саны едәуір көп болар еді. Сынған ыдыстың қалыпқа келмейтіні секілді неке бұзылса, оны қайта құру оңай емес. Ақыл-кеңес айтып, сабырға шақырып, арадағы балалардың әкесіз, анасыз өспеу керектігін айтып жатамыз. Жылдан-жылға татуласу процесі көбейіп келетіндігі қуантады. Жақында 40 жас шамасындағы ерлі-зайыптылар келді. Мен екеуінің де ішкі мені ажырасқысы келмейтінін сезіп отырмын. Көз-қиығына қарасаң, қимастық бар. «2 ай уақыт берейін, ойланып келіңіздер» дедім, «жоқ, біз ажырасамыз» деп жеңілгісі келмейді екеуі де. 2 айдан кейін екеуі де айнып келді, біраз жыл отасқан, бір-біріне үйреніп қалған, арада балалары бар дегендей. Шын мәнінде, 2 ай бұрын олар қалағандай ажырастырып жіберсек, татуласу қиынға соғар еді. Неке ресми, құжат түрінде болғанымен, адамның психологиясында оның орны бөлек.
- Дегенмен, жастардың қайтуы сирек шығар?
- Өкінішке орай, иә. Бұл Маңғыстаудың менталитетіне де байланысты. Бұл жерде көпшілігі қызуқандылықпен ажырасады. Жастар көп қиындыққа төзбейді, ең тиімді жол некені бұзу деп есептейді. Нәзік жандылар арызданғаннан кейін сот отырысына келген күйеуі «Қаласаң, ажырасайық. Сенен басқа әйел көп табылатын» деп қайтпай қояды, яғни қызбалық, намыс бірінші орында. Қызуқандылықпен айтылған ауыр сөздерден кейін екеуінің де көңілі қалады. Сөйтіп некені бұзудан басқа амал таппай қаламыз. Сот шешімі шыққаннан кейін оларға үкім шықпай тұрып, әлі де ойлануға уақыт барын ескертеміз. Сот шешімі күшіне енгенше арызданушылардың некесі АХАЖ бөлімінде есепте тұрады. Айырылысамыз деп құлшынып келген азаматтар шешімді тыңдағаннан кейін, бір түрлі сезімде болып жатады. Екі жақтан жанашырлар араласып, шешімнен кейін де татуласып жатқандар бар. Бүгін 21-дегі әйелі мен 24 шамасындағы күйеуі келді. «Аға, ажыраспайтын болдық, арызды қайтып аламыз, екеуіміз татуластық» дейді. «Ай, балақайлар, бұл бастамасы, әлі талай ұрыс-керіс болады, солардың бәрінде арыз жазам деп жүгіріп келе берсеңіз, шаңырақтың берекесі қалмайды. Ұрыспаңдар», - деп шығарып салдым.Некенің қадірін, отбасы болудың салмағын әлі де түйсініп тұрған жоқ. Дегенмен, шешімдеріне риза болдым.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН